Ұлттық қор – балаларға!
Ұлттық қор – балаларға!
870
оқылды
Референдум нәтижесінде Ата Заңда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидат бекітілгенде сарапшылар одан әлдененің өзгере қоярына сенбеген: «қазақ жерінің асты-үстіндегі қазынаны мемлекет бәрібір халық атынан ары қарай басқара бермек». Әйткенмен, Президенттің кешегі Жолдауы бұл конституциялық норманы жаңа мазмұнмен толтырды. Әрине, 18 жылда жиналатын соманы қомсынғандар жетерлік. Бірақ ең бастысы – бастау ғой. Яғни, мұнай сатудан табатын пайданың бір бөлігі тікелей халықтың қалтасына түсе бастайды. Ұлттық мүддеге сай шешім Жасыратыны жоқ, бұған дейін билік те, оның қарсыластары да «радикалды» ұстаным ұстанды: оппозиция Ұлттық қордың қаражатын тегіс халыққа үлес­тіріп беруді ұсынды. Ал мемлекет қордың қаражатын банктерге, олигархтарға триллиондап таратып жатса да, қарапайым халықтан қызғанды. Енді ел басшы­лығы шектен шықпай, сыртқа тықпай, орта тұсын, теңгерімді тетігін таба білгенге ұқсайды: Ұлттық қордың активтері емес, оларды инвестициялаудан түскен табыстың жартысы – ересектерге емес, балаларға беріледі. Себебі Ұлттық қор болашақ ұрпаққа арналған. Балалар – Қазақстанның келешегі. Жалпы, Қазақстанды қаншама дағдарыстан құтқарған, жыл сайын республикалық бюджеттің 2-3 триллион теңге тапшылығын өтеп отырған Ұлттық қордың бүкіл қаражатын халыққа таратып берсе, ел қолына қомақты сома тимейді. Ұлттық банктің дерегінше, Ұлттық қордың активтері 2022 жылғы маусымда 2 млрд долларға қысқарып, шілдеде 51,9 миллиард долларды құрады. Кеше Ұлттық статистикалық бюро хабарланғандай, халық санағының қорытындысын есепке алғанда, 2022 жылғы 1 тамызда Қазақстан халқының саны 19 млн 644 мың 67 адамға жеткен. Тиісінше, 51,9 миллиардты әр қазақстандыққа бөлсе, бір реттік төлем 2 мың 642 доллардан (1,2 млн теңгеден) келеді. Отбасының 5 мүшесі болса, жалпы жиынтығы 6 млн теңге алып, оған олар салмақты бір арманын жүзеге асыруы мүмкін. Мемлекет басшысы өз Жолдауында әрбір отбасы мемлекет пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керегін нықтай келе, биылғы Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарлама жүзеге асырылатынын жариялады. Бағдарлама аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Қаржы әр балаға 18 жасқа толғанша есептеледі. Ол жинақты мерзімінен бұрын есепшоттан шешіп алуға рұқсат етілмейді. Жинақталған қаржыны ата-аналар баспана сатып алуға немесе перзентінің білім алуына жұмсай алады. Бәлкім, болашақта оны пайдаланудың басқа да мақсаттары анықталуы мүмкін. Әзірге Қасым-Жомарт Тоқаев тек осы екі нысаналы мақсатын атады. Өйткені оның байламынша, баспана иелену немесе оқуға түсу «өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді». Президенттің пайымдауынша, осының арқасында Ұлттық қор шын мәнінде ұлттық мәртебесіне сай болады, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. «Бастаманы мұқият әзірлеу қажет» дегенді алға тартып, Қ.Тоқаев Үкіметке бұл жобаны тек 16 айдан соң, 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырды. Әр бала қанша қаржы қанжығалайды? Ең қызу пікірталастар әр баланың есепшотында жиналатын қаржы сомасына қатысты болып отыр. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай қаражат көлемін бірден атады.
«Президент бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа толғанша балалардың арнаулы есепшотына аударылады. Ол қаржы балалар кәмелет жасына толған соң олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебінше, әрі елімізде жыл сайын шамамен 400 мың сәби дүниеге келетінін ескерсек, 18 жасқа толғанша қазақстандық әр баланың есепшотында кемі 3 мың долларға тең қаражат жиналады», – деді Р.Желдібай.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, Ұлттық қор 2001 жылы іске кіріскелі бері 25,5 трлн теңгеден астам инвестициялық табыс тауыпты. Оның шамамен 77 пайызы немесе 19,8 трлн теңгесі валюта бағамының айырмасынан алынды, яғни долларға шаққанда теңгені девальвациялаудан түскен қаржы екен. Қалай бол­ған­да, бұл бастаманы билік 20 жыл бұ­рын қолға алғанда, қазақстандық балалардың есепшотында елеулі сома жататын еді. балалар Есеп комитетінің хабарлауынша, Ұлттық қордың инвесттабыстары кейбір жылдары әлдеқайда зор болған. Нақтыласақ, 2015 жылы табыстылық жөнінен рекорд орнап, бұл көрсеткіш 10,2 триллион теңгеге жетті. Егер қор сол жетістігін қайталай алса, оның жартысынан балалардың әрқайсысының есеп­шотына 718 мың теңгеден құйылмақ, Осылайша, жинақ сомасының ұлғаюы жеделдемек. Себебі жыл сайын 718 мың теңгеден түсіп тұрса, 18 жылда 13 миллиондай қаржы жиналар еді. Inbusiness.kz порталының жазуынша, егер былтырғыдай төмен табыстылық сақталса (салыстырсақ, 2020 жылы инвесттабыс 4 трлн болған), онда бала кәме­летке толғанда, есепшотындағы жинақ 2,16 млн теңгеден аспайды. Әйтсе де, егер мемлекет ол жинақтың бәрін есеп­шотта бос жатқызбай, инвестицияласа немесе оған банк сыйақысы есептелсе, онда сома өсе түседі. 3 мың доллар неге жарайды?
Р.Желдібай жинаққа банк сыйақысы есептелетінін растады: «Норма 2024 жылы күшіне енгенде, 18 жасқа толмаған барлық баланың атына арнаулы шот ашылады. Олар кәмелеттік жасқа толған­ша қаржы түсіп тұрады. Шоттағы қаражат шетел валютасында сақталады. Сонымен қатар жинақ бойынша пайыздар есептеледі. Бұл шаралар шоттағы қаржыны инфляция қорғауға мүмкіндік береді», – деді ол.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының екінші бағыты баспана алуды қарастырады. Алайда 1,4 миллион теңгені алғашқы жарна ретінде төлеп, үй алуға болатын бағдарлама жоқ. «Алматы жастары» секілді бағдарламаларда ал­ғаш­қы жарна – 10 пайыз, яғни 1,8 миллион теңге. Демек, бала шотына жиналған ақшаның үстіне тағы қаражат қосу керек болады. Яғни, қарыз болып қа­ла­ды. Сол себепті Үкіметтің Ұлттық қорды сауатты басқарып, инвестициялық табысын еселеп арттырғаны маңызды. Сонда балалардың арнаулы есепшотына қаражат тамшылап емес, тасқындап құйылатын болады.