Мемлекет қашанда білім мен тәрбие беру мәселесіне ерекше маңыз беріп келеді. Сәйкесінше, білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – заман талабы. Құрылғанына 4 жылдан енді асқан Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының аумағы ұлғайып, халқының саны артқан сайын білім беру мекемелеріне сұраныс та артқан. Рухани қаламыз дамыған сайын білім саласы да дамудың даңғылына түсті. Жыл сайын жаңа мектептер мен жаңа балабақшалар есігін айқара ашты. Түркістан облысының аудандарында да дәл осындай ілгерілеушілік бар. Бұған мемлекет тарапынан білім саласын қолдау шаралары да өз септігін тигізіп жатқаны анық. Одан бөлек, соңғы жылдары үнемі жаңғырып, жаңарып, дамып жатқан инновациялық жобалар да жеткілікті. Республикадағы әрбір 7-ші бала Түркістанда білім алады Түркістан облысының білім саласында жаңа оқу жылын жақсы жаңалықтармен қарсы алып отыр. Облыс әкімдігінің Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы білім күні қарсаңында өңірдегі осынау игі істермен, бірқатар жетістіктерімен бөлісті. Басқарма басшысы саланың қол жеткізген жетістіктері көп болғанымен, алда тұрған міндеттердің ауқымы одан да жоғары екенін атап өтті. Республика бойынша әрбір жетінші бала Түркістан облысында білім алатынын ескерсек, өңірдегі бұл салаға артылар жүктің де жоғары екенін байқаймыз. Өңірде биыл алғашқы қоңырауға 510 мыңнан аса оқушы қатысты. Ал 52 123 бала мектеп табалдырығын аттады. Осынша бала 905 мемлекеттік 56 жекеменшік білім беру ұйымында білім алады. Бүгінде оқушылардың білім сапасы халықаралық зерттеулердің (PISA,TIMSS, TALIS, PIRLS) қорытындысымен айқындалатыны белгілі. Өңірде аталған жоба шеңберінде білім сапасын көтеру үшін педагогтердің біліктілігі мен оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл қосымша жан басына шаққандағы қаржыландыруға өткен 92 мектептің 28-і 480 млн 267 мың теңгеге 57 (физика-14, химия-14, биология-16, STEM-13) пәндік кабинетімен жабдықталып жатыр. Дінислам Болатханұлы жаңа оқу жылында «Кибернет Академиясымен» бірге Түркістан және Кентау қалаларында педагогтердің IT құзіреттілігі мен математикалық біліктігін дамытуға бағытталған «Математикаға дайындықтың жаңа технологиясы» бағдарламасын енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Бағдарламада мұғалімдер Республикалық физика-математика мектебінің, Қазақ-Британ технологиялық университетінің әдістемесін пайдаланатын болады. Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 324 мектептің кітапханасы жаңғыртылмақ. Заманауи кітапхана оқушының кітап алып, кітап оқитын орны ғана емес, баланың толыққанды ақпарат алып, ізденетін, еркін ойлы қатарластарымен бірге тиімді уақыт өткізетін ортасы болуы тиіс. Енді Түркістан облысының білім беру ұйымдарындағы кітапханаларда IТ жабдықтары бар Coworking – орталықтары ашылатын болады», – деді ол.Жекеменшік мектептер көбейді Түркістан облысы осыдан 4 жыл бұрын Шымкент қаласынан бөлініп, қайта құрылғаны белгілі. Бүгінде құрылымы өзгеріп, қайта жасақталған барлық салада ілгерілеу бар. Республика бойынша білім беру саласы бойынша ең көп қаржы да Түркістан облысына бөлінеді екен. Мәселен, биыл осынау салаға 456 млрд теңге қаралыпты.
«2021-2025 жылдар аралығында үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу үшін кезең-кезеңімен 199 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Былтыр 77 мектеп салынса, биыл 34 білім беру нысанының құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», – деді басқарма басшысы. Сондай-ақ бүгінде мемлекеттік бюджеттен бөлек орта білім саласын жеке сектордың инвестициялауы арқылы дамыту қарқынды жүргізіліп жатқаны да сөз болды.Өңірде 2021 жылмен салыстырғанда жекеменшік мектептер саны 17-ге артып, олардың саны 56-ға жеткен. Есесіне, жекеменшік мектептер есебінен білім ұясының тапшылығы мәселесі реттеліп келеді.
Дінислам Болатханұлы қазір Түркістан облысының білім беру саласын кешенді дамыту мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған TURKISTAN BILIMI стратегиялық даму жоспары әзірленіп жатқанын атап өтті. Осы тұста жоспарға сәйкес ауқымды жобалар іске асырылмақ. Оның ішінде бүгінде TURKISTAN BILIMI экожүйесі, яғни білім саласын автоматтандыру және білім сапасын арттыру бағытында жұмыс басталған. «Биыл оқу процесіне қажетті барлық функцияның жиынтығы қамтылған білім саласындағы ақпараттық жүйелермен интеграцияланған Bilim Land платформасымен «Әлеуетті мемлекеттік жекешелік әріптестікті іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум» түзілді. Аталған платформаның білім мазмұнына қатысты жүйесіне облыс мектептері 100 пайыз тегін қосылды. Сонымен қатар педагогтерді аттестаттау процесін автоматтандыру бойынша Е-Портфолио, білім саласының аналитикалық есебін қалыптастыратын Basqarma.Smartnation.kz білім беру ресурстары енгізілуде», – дейді Д. Болатханұлы. Сонымен қатар мектеп кітапханаларын цифрландыру үшін «Е-Кітапхана» платформасы іске қосылыпты.Мамандыққа баулиды Білім сапасы балабақшадан бастау алатыны белгілі. Облыста 1406 мектепке дейінгі ұйым балаларға қызмет көрсетеді. Оның 267-ы мемлекеттік, 1007-і жекеменшік, 86-сы мектеп жанындағы шағын орталық. Түркістан облысы жекеменшік балабақша ашу көрсеткіші бойынша да республикада көш бастап тұр. Барлық балабақшаға кезекке қою, жолдама беру, қабылдау Balabagsha.snation жүйесімен толық автоматтандырылған. Енді балалардың балабақшаға келуін есепке алуды автоматтандыру жұмыстары жүргізілмек. Яғни, бұл нақты бала санын келіп-кетуінің ашық жүйесі орнатылады деген сөз. Дамыған елдерде өндіріс үшін кадрлардың негізгі провайдері – техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесі. Сондықтан соңғы жылдары кәсіптік білімге ерекше ден қойылғаны рас. Түркістан облысында да білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру бағдарламасы іске асырылып жатқанын еске сала кетейік. Мәселен, халқы тығыз орналасқан Сайрам және Мақтаарал аудандарында 2 оқу өндірістік комбинаты сақталған. Онда аудан орталығындағы мектептердің 4 520 оқушысы 12 мамандық бойынша алғашқы кәсіптік білім алып, куәлікке қол жеткізген. Енді жаңа оқу жылынан бастап барлық аудан, қалада орналасқан мемлекеттік колледждер базасын және оқытушылар әлеуетін пайдалана отырып, оқу өндірістік комбинаттар жұмысы жүргізіліп, кәсіптік білім саласын игерген оқушылардың үлесі артатын болады. Өңірдегі 52 колледжде 24 920 студент білім алып жатса, оның 414-і «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде келгендер. Тірек мектептері жасақталады Өткен оқу жылының қорытындысы көрсеткендей, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республика көлемінде «100 үздік мектеп» тізіміне Түркістан облысының 11 мектебі енген. Әрине, бұл өңір педагогтерінің қажырлы еңбегі екендігі екені белгілі. Ендігі жылдан бастап мектеп, колледждердің білім сапасы ЖОО-на грант негізінде түскен түлектерінің үлесімен бағаланбақ.
«Мұғалім – мектептің жүрегі» дегендей, мұғалімнің кәсіби дамуына да облыста ерекше серпін берілген. Бүгінде облыста 55 516 педагог оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүр. «Аталған стратегиялық жоспар аясында жүзеге асырылатын тағы бір жобамыз «Темірқазық» тірек мектептер деп аталады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басшысы Күләш Ноғатайқызының басшылығымен облыстың 17 аудан тірек мектептер жасақталатын болады. Жоба аясында зияткерлік мектептердің әлеуетін 17 тірек мектебіне енгізіп, оқу-әдістемелік көмек көрсетіледі. Осы жоба аясында педагогтердің сапалық құрамы мен мектептердің материалдық мүмкіндігі жақсарады деп күтілуде», – деп атап өтті Дінислам Болатханұлы.Білім беру ұйымдарын басқару, яғни директорлық мәселесі аз айтылып жүрген жоқ. Биыл облыста 224 білім беру ұйымының басшылары ротацияланған. Басшылық білім саласындағы жауапкершілігі жоғары қызметтің жетілдіретін тұстары көп. Әзірге Қамқоршылар кеңесі қайта құрылып, аттестациядан өткізу жұмыстары қолға алынып, білім беру ұйымдары басшыларының жетістігін бағалайтын KPI қойылмақ. Сондай-ақ пән мұғалімдерінің ассоциациялары ресми құрылып, жұмыс істемек. 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай биыл балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Түркістан облысында «Балалар жылын өткізуге» арналған кешенді жоспар бекітіліп, 80-ге жуық іс-шара өткізілген. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін 53 қосымша білім беру мекемелері жұмыс істеп тұр. Бұл бағытта Қазығұрт ауданында 120 балаға, Келес ауданында 320 және Сайрам ауданында 300 оқушыға арналған оқушылар үйі бой көтеріпті. Ал Түлкібас ауданы «Жанкент» жалпы орта мектебінің базасында 150 балаға арналған «Өнер» мектебінің филиалы құрылған. Облыста ерекше білім беруді қажет ететін балалардың шығармашылығы да назардан тыс қалған емес. 1 маусымда Балаларды қорғау күніне орай республикалық «Жұлдызай» инклюзивті балалар шығармашылығының фестивалі алғашқы рет Түркістан қаласында өтті. Облыста 31 арнайы білім беру ұйымы 26 мыңнан астам ерекше білім беруді қажет ететін балаға қызмет етеді.
Түркістан облысы