Мектептегі қысқарту: жас мамандар жұмыссыз қалмай ма?
Мектептегі қысқарту: жас мамандар жұмыссыз қалмай ма?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
1,062
оқылды
Жаңа оқу жылы жамбылдықтар үшін жайсыздау басталды. Әне-міне жұмысқа кірісеміз деп жүрген шақта қысқартылған дене­шынықтыру пәнінің мұғалімдері Оқу-ағарту министрінің шешіміне наразылық білдірді. Тіпті, өңірде «800 ұстаз қысқартылады» деген ақпарат та шықты. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін тарап­тарды тыңдап көрген едік. Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында бір сыныптың оқушылары денешынықтыру сабағын бірге өткізеді деген мәлімдеме жасады. Яғни, қыздар мен балаларға сабақ бөлек өтетін болса, енді бір сыныптың оқушыларын бір ғана ұстаз жаттықтырмақ. Министрдің сөзінше, бұл балалардың денешынықтырумен тиімді айналысуына мүмкіндік тудырады. Алайда жаңа өзгеріс ұстаздардың сағатын қысқартып, тіпті жұмыстан босап қалуына түрткі болғалы тұр. Десе де, облыс әкімдігінің Білім басқармасындағылар өңірде 800 ұстаздың қысқартылатыны туралы қауесетті жоққа шығарды.
«Өңірде барлығы 2 534 денешынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыс істейді. 800 ұстаздың қысқартылатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазір білім беру ұйымдарындағы пән мұғалімдерінің апталық жүктемелерін есептеу бойынша жұмысшы тобы құрылды. Апталық жүктемелері 16 сағатқа жетпейтін педагогтердің сағаттарын толықтыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Бұл жауап ұстаздардың көкейіндегі күмәнді сейілтпеді. Оларға мектепте жұмыста қалу үшін келсе, аз сағатпен ұстаздық ету туралы шарт қойылып жатқан көрінеді. Бірақ бала-шағасын асырап отырған жұмысы болғаннан кейін мұғалімдер мектептерде болып жатқан жағдайды ашып айтуға қорқып отыр. Осы ретте мұндай өзгерістердің астарында не жатқанын 40 жыл өмірін денешынықтыру пәнінен сабақ беруге арнаған ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Байжан Бөрібековтен сұраған едік.
– Біріншіден, денешынықтыру пәні қимыл-қозғалысты қажет етеді. Сондай-ақ әр сабаққа қойылатын тапсырма да, талап та әртүрлі. Сондықтан бұл сабақты біріктіріп өткізу қиын. Екіншіден, егер жарыс бола қалса, бір ұстаз 40 балаға қалай ие бола алады? 40 бала бір жерде топырлап жүргендіктен, ертең дене жарақатын алатындар да көп болатыны анық. Оған қоса, есі кіріп қалған қыз бен баланы бірге жүгіртіп, бірге жаттықтыру ыңғайсыздау. Үшіншіден, денешынықтыру сабағы бір білім ордасының спорт залында өтсе, енді екіншісінде балалар далада шынығады. Яғни, барлық жерде жағдай бірдей емес. Соның салдарынан көп әріптесіміз сабақты тиісті деңгейде өткізе алмай жүр. Министрлік мұғалімдердің сағатын қысқартумен алысқанша, неге осындай түйткілді нәрселерге көңіл бөлмейді, – дейді ардагер ұстаз.
Аманбай Қозғанбаев есімді ұстаз да бұл пікірді қолдайды. Тіпті, ол мұндай шешім пән мұғалімдеріне деген сұранысты азайтып, жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандар дипломмен далада қалуы мүмкін деген ой айтады. – Бұл – қазына қаржысын үнемдеудің басы. Ертең сағат қысқартудың салқыны өзге пәндерге де тиюі мүмкін. Алайда отыз баланы қосып және бөліп оқытудың өз ерекшелігі бар. Бәлкім, жоғарыда отырғандар денешынықтыру пәніне жеңіл көзқараспен қарайтын болар. Ол – қате түсінік. Өйткені бұл пәннің жауапкершілігі мен қауіптілігі қатар жүреді. Егер отыз бала бір залда ойнап жүріп біреуі мертігіп қалса, оған министрлік жауап бере ме? Жоқ, жауапты ұстаз болады. Оған қоса, қазір балаға мектепте, не мектептен тыс жерде бірдеңе бола қалса, оған мұғалімдерді кінәлап шыға келетіндер көп. Осындай жағдайда отыз баланы қалай бір жерде оқытуға болады? Сондықтан өз басым министрліктің жаңа жүйесін қолдамаймын.
Тағы бір мәселе, еліміз бойынша жылда денешынықтыру мамандығы бойынша жоғары оқу орнын мыңдаған студент тәмамдап жатыр. Егер мектептегі мұғалімдердің өздерінің сағаты қысқартылып жатса, олар сонда қайда барады? Қазір естіп жатырмын, кейбір мектептің директорлары «жоғарыдан бұйрық солай келді, біз ешнәрсе істей алмаймыз» дегенге көшіпті. Сонда министрлік қаржы үнемдейміз деп сағаты қысқартылған ұстаздар былай тұрсын, оқу орнын бітірген жас мамандарды да жұмыссыз қалдырайын деп отыр ма? – дейді Аманбай Әбдір­әсілұлы.
Ұстаздардың құқығын қызғыштай қорғауы керек облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков те мәселенің күрделі екенін айтты. Бұл орайда кәсіподақ ұйымы әлеуметтік қысымды реттеу үшін әкімдіктің тиісті басқармаларымен жұмыс істеп жатыр екен. Қалай десек те, денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне қатысты мәселенің шешілер түрі көрінбейді. Бұл тұста біреудікі дұрыс, енді бірінікі бұрыс деуден аулақпыз. Алайда министрліктің өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол табарына сенім мол.

Жамбыл облысы