Жақсылықтың жаршысы – «Жан-Арай»
Жақсылықтың жаршысы – «Жан-Арай»
433
оқылды
Қызылордадағы «Жан-Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақдәулет Махашовтың қамқорлығына бөленген жандар өңірімізде аз емес. Биылдың өзінде көптеген қайырымдылық шараларын өткізіп, елдің алғысына бөленді. Соның ішінде «Аманат» партиясының «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы аясында 40 баланы қамқорлығына алып, қаржылай қолдау көрсеткен. Жалпы серіктестік тарапынан өткен жылдың өзінде «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, 60-тан астам отбасыға 600 мың теңгеге азық-түлікпен және түрлі мақсатта қажетті қаржылай көмек жасалды. Негізінен серіктестік директоры өңірде тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жыл сайын көмек жасауды үрдіске айналдырған. Атап айтқанда, 2018 жылдың өзінде тұрмысы төмен отбасыларға 10 млн теңге көлемінде жәрдем көрсеткен. Ал 2019 жылдың басынан бері тұрмыс-жағдайы төмен 100 отбасыға азық-түлікпен және басқа да қайырымдылық акцияларын өткізіп, барлығы 10 млн теңгеге қаржылай қолдау жасаған. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Аманат» фракциясының мүшесі ретінде тұрғындармен тұрақты түрде қоғамдық қабылдау да өткізіп тұрады. Сонын негізінде халықтың ұсыныс-тілектерін назарда ұстап, қолдан келгенше көмек қолын созуға дайын. Әсіресе халықтың басым көпшілігі материалдық көмек сұрайды. Соның ішінде бірі азық-түлікке тарығып отырғанын жеткізсе, келесі адамға денсаулық жағдайына байланысты ем-домына қаржы жетіспеушілігі туындайды.
«Қай кезде де қайырымдылық жасау – қайырлы іс деп білемін. Қымбатшылық қыспаққа алған бүгінгі қоғамда екі қолға бір күрек таппай, жоқшылықтың қамытын киген жанұялар аз емес. Сондай отбасыларға көмектесіп, қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысамын. Түрлі қайырымдылық акцияларына үн қосып жүремін», – дейді Бақдәулет Еркінбекұлы.
Ел алғысын арқалаған кәсіпкер биыл да үнсіз қалмады. «Аманат» партиясының «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы аясында 40 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтарын алуына 20 мың теңгеден қаржылай көмек берді. Кәсіпкер бұл көп қаражат болмаса да, оқушылардың мектеп сөмкесіне, болмаса жазу құралдарын алуға үлкен көмек болатынын алға тартты. акция Жалпы кәсіпкер тарапынан бұл шараға барлығы 800 мың теңге жұмсап, бүлдіршіндердің шат күлкісінің куәсі болды. Шындығында бүгінгі қоғамда айлығы шайлығынан артылмай, болмаса балаға төленетін жалғыз жәрдемақыға телміріп отырған жанұялар аз емес. Серіктестік директорының тарапынан сондай отбасыларға аз да болса көмектессек деген мақсаты асқақ. Негізі серіктестік тарапынан 2021 жылы 20 млн теңгеге көмек жасалса, 2022 жылдың 9 айында 12 млн теңгеге қайырымдылық шарасын өткізген. Жалпы ел ықыласына бөленген «Жан-Арай» ЖШС 2002 жылы құрылып, жұмысын бастады. Бүгінде серіктестік құрамында екі зауыт жұмыс істейді. Алғашқысы – қуаттылығы тәулігіне 150 тонналық Оңтүстік Корейлік күріш өңдеу зауыты. Екіншісі, өңірде мал, құс және тауарлы балық шаруашылығы салаларының дамуын ынталандыруға мүмкіндік беретін, қуаттылығы тәулігіне 80 тонна болатын түйіршіктелген құрама жем өндіретін зауыт. Аталған жобалар бойынша қазіргі таңда 100-ден аса адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы