Қызылордадағы «Жан-Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақдәулет Махашовтың қамқорлығына бөленген жандар өңірімізде аз емес. Биылдың өзінде көптеген қайырымдылық шараларын өткізіп, елдің алғысына бөленді. Соның ішінде «Аманат» партиясының «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы аясында 40 баланы қамқорлығына алып, қаржылай қолдау көрсеткен. Жалпы серіктестік тарапынан өткен жылдың өзінде «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, 60-тан астам отбасыға 600 мың теңгеге азық-түлікпен және түрлі мақсатта қажетті қаржылай көмек жасалды. Негізінен серіктестік директоры өңірде тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жыл сайын көмек жасауды үрдіске айналдырған. Атап айтқанда, 2018 жылдың өзінде тұрмысы төмен отбасыларға 10 млн теңге көлемінде жәрдем көрсеткен. Ал 2019 жылдың басынан бері тұрмыс-жағдайы төмен 100 отбасыға азық-түлікпен және басқа да қайырымдылық акцияларын өткізіп, барлығы 10 млн теңгеге қаржылай қолдау жасаған. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Аманат» фракциясының мүшесі ретінде тұрғындармен тұрақты түрде қоғамдық қабылдау да өткізіп тұрады. Сонын негізінде халықтың ұсыныс-тілектерін назарда ұстап, қолдан келгенше көмек қолын созуға дайын. Әсіресе халықтың басым көпшілігі материалдық көмек сұрайды. Соның ішінде бірі азық-түлікке тарығып отырғанын жеткізсе, келесі адамға денсаулық жағдайына байланысты ем-домына қаржы жетіспеушілігі туындайды.
«Қай кезде де қайырымдылық жасау – қайырлы іс деп білемін. Қымбатшылық қыспаққа алған бүгінгі қоғамда екі қолға бір күрек таппай, жоқшылықтың қамытын киген жанұялар аз емес. Сондай отбасыларға көмектесіп, қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысамын. Түрлі қайырымдылық акцияларына үн қосып жүремін», – дейді Бақдәулет Еркінбекұлы.Ел алғысын арқалаған кәсіпкер биыл да үнсіз қалмады. «Аманат» партиясының «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы аясында 40 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтарын алуына 20 мың теңгеден қаржылай көмек берді. Кәсіпкер бұл көп қаражат болмаса да, оқушылардың мектеп сөмкесіне, болмаса жазу құралдарын алуға үлкен көмек болатынын алға тартты.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы