Ұйқыңыз тыныш па?
Ұйқыңыз тыныш па?
1
646
оқылды
«Соңғы күндері көз іле алмай жүрмін», «Бірнеше сағат ұйықтай алмай жатамын», «Түнгі ұйқым бұзылды» немесе «Күн мен түнімді ауыстырып алдым» деген әңгімені жиі естиміз. Мамандар қалыпты өмірде адамның ұйқысы 8 сағатқа созылу керегін айтады. Сол үшін ұйқыға жеңіл қарауға болмайды. Тынығу кестесіне көңіл бөлмеудің соңы созылмалы ауруға шал­дық­тырып, шарасыз күйге түсіруі мүм­кін. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психосоматика бөлімінің меңгерушісі, психиатр, жоғары санатты психотерапевт Айгүл Сүлейменованың айтуынша, ұйқысыздықтың себебі мен салдары көп. Ұйқысыздықты медицина тілінде «инсомния» немесе «агрипния» деп айтады. Яғни, бұл ұйқының ұзақтығы мен сапасына байланысты түсіндіріледі. Мысалы, инсомния – сапасыз ұйқы. Адам тез ұйықтап қалғанымен, түн ортасында үнемі ояна береді. Мұндай кезде адамдар ұйқысы жақсы қанбағандықтан, өздерін шаршаңқы сезінеді. Агрипнияда адамдар ұзақ уақытқа дейін көз іле алмай қиналады. Салдарынан күндіз қатты ұйқы қысатынын айтып шағымданатындар жетерлік.
Маманның сөзінше, ұйқысыздық созылмалы және қысқамерзімді болып келеді. Мысалы, созылмалы ұйқысыздықта адам ең аз дегенде үш күн, тіпті бір айға дейін көз іле алмай қиналады. Қайталама ұйқысыздықтың себебін тапса, тынығу уақытын реттеп, өмір сүру әдетін өзгерту арқылы емделуге болады. Өкінішке қарай, қазір қайталама ұйқысыздық кең тараған. Он адамның сегізі қайталама ұйқысыздықпен ауырады екен. Мұндай ұйқысыздық белгілі бір аурудың жанама әсерінен де, ашушаңдық пен күйзелістен, эмоционалды шиеленістен де пайда болады. Альцгеймер, паркинсон секілді жүйке ауруларынан да болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ қайталама ұйқысыздықты тудыруы мүмкін аурулардың қатарына артрит және бас аурулары, демікпе, жүрек жетімсіздігі сияқты адамның тыныс алуы қиын аурулары, гипертиреоз (қалқанша бездің ауруы), асқазан-ішек жұмысының бұзылуы секілді жағдайлар да кіреді. «Негізінде, кез келген ұйқысыздықтың бастапқы себебі ұзақ уақыттық стресс немесе эмоционалды бұзылудан басталады. Одан бөлек, ұзақ уақыт саяхаттаудың соңы да, жұмыс кестесінің өзгеруі де ұйықтау тәртібінің бұзылуына алып келеді. Оны түзегеннің өзінде кейде ұйқысыздық сақталып қалуы мүмкін. Сол үшін біз емделушілерге өмір салтын өзгерту керегін айтамыз», – дейді маман.
Созылмалы ұйқысыздықтың соңы неге әкеледі? Психотерапевт «Бірнеше сағат тынықпаудың өзінен әлсіздік пайда болады. Ал ұзақ уақыт ұйқысы бұзылған адамның біртіндеп мінез-құлқы өзгереді. Тез ашуланып, сөз көтеруден қалады» дегенді айтады. Бұл өз кезегінде адамдардың жаңа мәліметтерді есте сақтау қабілетін баяулатады. Қайталама ұйқысыздық адамның ішкі ресурстарының қажуына алып келсе, біртіндеп басқа аурулардың асқынуына жол ашады. Кейбір созылмалы ұйқысыздықпен ауыратын адамдарда өкпе немесе жүрек ақаулары қоса жүреді. Дәрілік препараттарды көп қолдану, темекі, кофеин, ішімдік секілді заттарды қабылдау да инсомния мен агрипнияға себеп. Ұйқысыздық күйзелістен басталады
Артросклероз, асқазан-ішек жолдары, қалқанша безінің ауруында, демікпе, тыныс алу, буын арулары да ұйқының қашуына себеп болып жатады. «Қазір көпшілігінің түнгі ұйқысы қысқа. Кеш ұйықтап, ерте ояну, не болмаса түнгі ұйқысы бірнеше рет бұзылатын адамдар бар. Енді ұйқысыздықтың пайда болуы әсерінен жүйке жүйесі бұзылады дедік. Осы ұйқысыздық созылмалы дертке ұласқанда адамда невроз, психоз, әсіресе ми тамырларының артресклерозына, ішкі органдар мен эндокриндік бездің сырқаттарына шалдығуы жиілейді», – дейді Айгүл Сүлейменова. Маманның қабылдауына келетіндердің қатарында ерлер мен әйелдер де көп. Олардың арасында, әсіресе 60-тан асқан адамдар жиі кездеседі екен. «Жақында ғана 54 жастағы ер адам келді. Былтыр тамыз айында қалқанша безіне ота жасаған. Отаның алдында қатты уайымдап ұйқысы бұзылған. Операциядан кейін де ұйқысы қалыпқа келмепті. Қыркүйек айынан бері ұйқысыздыққа шалдыққанын айтып көмек сұрап келді. Қазан айынан бастап жекеменшік психиатр мен психотерапевтке қаралып, әртүрлі дәрі ішкен. Бірақ ұйқысы уақытша ғана қалпына келіпті. Ұйқысыздың салдарынан қазір есту қабілеті төмендеп, тез әлсірейтін халге түскен. «Жақындарымды танудан қалдым. Адамдармен қарым-қатынас жасай алмайтын халге жеттім. Тез шаршаймын» деп жыларман болып келді», – дейді дәрігер. Ұйқысыздыққа шалдыққан адамдарға ақыл-кеңес беріп жүрген Айгүл Сүлейменова қазір қатты сөзді көтере алмайтындардың көптігін жеткізді. Мысалы, соңғы уақытта өз баласын өлтіріп, артынан өзіне қол салатын әйелдердің арасында қазақ әйелдері көп. Бұл өзге ұлттардан қарағанда қазақ әйелдеріне отбасындағы тұрмыстық жұмыстағы жауапкершілік көп артылатынын көрсетеді екен. «Әйел адам болған соң келіндік міндетті те қатар атқарып, басқалардың күнделікті сөзін өзіне қабылдайды. Балалы болған соң аналардың ұйқысы бұзылады. Сондықтан отбасы мүшелері тұрмыстық жұмыстан бастап бала тәрбиесіне де ортақ жауапкершілік ретінде қарауды үйренгені абзал. Ер адамдардың арасында тәуліктік жұмыс істейтіндер бар. Бұл да бірте-бірте жүйке жүйесінің бұзылуына себеп болады. Одан кейін адамның жасы ұлғайған сайын организмнің физиологиялық өзгешеліктері пайда болып, табиғи ұйқысы қысқарады», – дейді психиатр.
Көзі ілінбейтіндерге кеңес Айгүл Сүлейменованың айтуынша, коронавирустан кейін ұйқысыздыққа шалдыққанын айтып шағымданатындар анағұрлым артқан. Өйткені, вирустың өзі адам ағзасына өте күшті әсер етеді. Дегенмен ұйқы бұзылуынан әбден қажыған жандар дер кезінде психотерапевтке қаралып, қажетті дәрі-дәрмегін қабылдаса, психотерапия тәсілдерімен емделу арқылы ұйқысын ретке келтіре алады. Яғни, ауру себебі анықталса, дені сау адамның ұйқысы дәрі-дәрмек қолданбай-ақ қалпына келеді. Сол үшін маман әр адам жастайынан ұйқы кестесін жасауға дағдылануы керегін жеткізді. Мәселен, ұйықтар алдында кітап оқып, жағымды музыка тыңдауды, не болмаса ыстық ванна қабылдап, жатар алдын бөлменің ауасын тазартып алуды әдетке айналдырған дұрыс. Ұйықтар алдында дене жаттығуын жасамау керек. Түнде ауыр тамақ жеп, сусынды көп ішу де ұйқыны бұзады. Ұйықтар кезде жатын бөлмедегі компьютер мен телевизор, ұялы байланыс құралдарының өзін басқа бөлмеге ауыстырып, мүмкін болса жатар алдында телефон шұқыламаған жөн. Демалыс күндері де бір уақытта жатып, бір уақытта тұруды әдетке айналдырып, түнгі уақытта жұмыс істемеу керек. Сондай-ақ психиатр «дәрігердің рұқсатынсыз дәрі қабылдамаған дұрыс» деп отыр. Аллергияға немесе суық тигенге қарсы препараттардың өзін дәрігердің кеңесімен ішу қажет. Өйткені өз бетіңше дәрі-дәрмек ішу де ұйқыны бұзуы мүмкін.