Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында білім саласындағы өңірлік басқару жүйесі мен қаржыландыру механизмінің тиімсіздігіне ерекше тоқталып өткен болатын.
Білім саласын басқарудың жаңа жүйесіне көшу нақты мақсатты көздейтін әрі толықтық пен бірлікке негізделген инновациялық менеджментті енгізуге мүмкіндік бермек. Ұсынылған басқару тетігі әрбір деңгейде сапалы және тиімді орындалған жағдайда, қазақстандық білім саласы жаңа сапалық деңгейге көтерілмек."Мемлекет басшысы білім саласын басқарудағы теңсіздікті жою бойынша тапсырма берген болатын. Бұл ретте сәйкесінше шешімдер қабылданып, Заңға өзгерістер енгізілді және 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап нақты шаралар іске асырылуда. Өз кезегінде мектептер мен балабақшалар аудандық білім бөлімдеріне бағынышты. Бұрын-соңды аудандық білім бөлімдері облыстық білім басқармаларына емес, жергілікті әкімдікке ғана бағынатын. Ал, облыстық білім басқармалары болса, арнайы мектептер мен колледжердің ғана жұмысын реттейтін", – деді министр.Ол аудандық білім бөлімдерінің жұмысын өз тәжірибесінен білетінін айтты.
"Өз еңбек жолымды ауылдық жерден бастап, облыстық білім басқармасында жұмыс істегендіктен, аудандық білім бөлімдерімен жұмыс істеу қаншалықты күрделі екендігін білемін. Өйткені аудандық білім бөлімдерінің басшылары "біздің бюджетіміз бөлек, әкімнен ондай тапсырма кеген жоқ" дейді. Бұл мемлекеттік саясатты біркелкі жүзеге асыруда айтарлықтай қиындықтар тудыратын. Бүгінде бұл жүйеге айтарлықтай өзгертулер енгізіліп, 1 қаңтардан бастап аудандық білім бөлімдері облыстық білім басқармаларына бағынышты болып отыр. Ал, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджет аудандық деңгейден облыстық деңгейге беріліп, туындаған барлық мәселелерді облыстық бюджет есебінен қамту мүмкін болады", - деді Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов "Қазақстан" ұлттық телеарнасына берген сұхбатында.