Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, орман өртінің салдарынан Қостанай облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егін алқабы да зардап шекті. Алайда астық алқабы жаппай өртенген жоқ. Атап айтқанда, Қарабалық ауданында 15 га дәнді және 2 га аумақта зығыр дақылы өртенді. Меңдіқара ауданында 1 га астық алқабы жойылды. Осылайша, Қостанай өңіріндегі жалпы егіс алаңының 0,1%-дан аз көлемі зардап шекті. Ал өңірдегі егістіктің жалпы аумағы – 5,3 миллион гектар. Айта кетейік, облыстың шаруалары биыл 3,9 млн га дәнді және дәнді-бұршақты, 3,5 млн га бидай және 749,1 мың га майлы дақыл еккен болатын.
Сондай-ақ, 3 қыркүйекке дейін өңірде 1,8 млн га немесе егіс алаңының 45,3% жиналды. 1,8 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды.Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысындағы табиғи апат Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне, өнімнің болжанған көлеміне, сондай-ақ, экспорттық уағдаластықтардың орындалуына ешқандай кері әсерін тигізбейді деп мәлімдеп отыр. Сондай-ақ, астық дақылдары бойынша егін жинау жұмысы республиканың барлық өңірлерінде белсенді жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда диқандар 7 млн га дәнді-дақылды жинады (немесе барлық астық көлемінің 43,7%), 12,2 ц/га орташа өнімділікпен 8,6 млн тонна астық бастырылды (2021 жылы ұқсас кезеңімен салыстырғанда орташа өнімділік – 7,8 ц/га).