Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық республикасынан шығарылғанына 31-жыл толуына арналған іс-шара Алматы қаласындағы 28-ші панфиловшылар паркінде аталып өтті.
Аталмыш іс-шараға ауған соғысының ардагерлері, жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, ҚР Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері Әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары, «Жас ұлан», «Арыстан» мамандандырылған әскери-мектептерінің тәрбиеленушілері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысының қатысушылары қатысты.
"Алматы гарнизоны бастығының орынбасары полковник Раджан Жанысов: «Тарихи күннің кейіпкеріне айналған, әскери анттарына адал болған ардагерлердің ерліктері келер ұрпақ үшін тәрбие мектебі.Ешқандай соғыс шығынсыз болмайды. Жат елде қаза тапқан қандастарымыз әрдайым жадымызда. Олардың ерліктері ұмытылмақ емес. Аман оралған бауырларымызға тек бейбіт күннің қызығын көруді тілейміз"-, деген тілегін жеткізді.Мерекелік іс-шара барысында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Салтанатты рәсімнің соңында жиналған халық Мәңгілік алауға және ауған ардагерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті.