Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінде болған жарылыс: қаза тапқандардың есімі жарияланды
Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінде болған жарылыс: қаза тапқандардың есімі жарияланды
2,650
оқылды
3 қыркүйек күні Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінде болған жарылыс пен өрт салдарынан 4 адам қаза тапты. Бүгін көз жұмғандардың есімі және оқиғаның мән-жайы анықталды.
«3 қыркүйекте Қостанайда «Оружейная палата« дүкенінің туризмге арналған бөлігінде жарылыс болып, қатты өрт шықты. Ғимарат шатыры мен қабырғалары құлады. Ғимарат толығымен жанып кетті. Аңшылыққа арналған ұнтақталған оқ-дәрі де, дүкеннің басқа да тауарлары мұндай күшті жарылыстың шығуына түрткі бола алмағаны анық. Бүгінде оқиғаның мән-жайы анықталуда, тергеу жүріп жатыр. Өкінішке қарай, қару-жарақ дүкенінің қызметкерлері мен келушілер зардап шекті», - делінген дүкеннің Instagram-дағы парақшасында.
Дүкенде қаза тапқандардың суреттері мен есімі жарияланды. Олар – сатушы-кеңесшілер Ефимов, Александр Неводничий, Темірлан Мұрзабеков және қару-жарақ шебері Вячеслав Кравченко.
«Авариялық-құтқару жұмыстары 15 сағатқа созылды. Сегіз зардап шегушіге медициналық көмек көрсетілді. Дүкенге келген бес адам, сатушы-кеңесші Некрасов Никита Юрьевич және кассир Дужик Светлана Владиславовна амбулаториялық емделуде. Директор Бескровный Сергей Васильевич ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр», - делінген мәліметте.