Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды
Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды
361
оқылды
«AMANAT» партиясы  Қызылорда облыстық филиалының активі Президент Жолдауын талқылаған жиын өткізді. Алқалы жиынды партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова жүргізді. Жалпы  әділетті мемлекет құрып, берекелі қоғам қалыптастыруға бағыттайтын жаңа Жолдау партияға айрықша жауапкершілік пен үлкен міндеттер жүктеп отыр. Бұл тұрғыда жаңару үстіндегі «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының барлық бастамаларын толық қолдайды және ұсыныстарына ұйытқы бола отырып, оларды іске асыруға белсенді қатысатын болады. Жиында партия филиалының Атқарушы хатшысы биылғы үндеудегі осы сынды негізгі басымдықтарға кеңінен тоқталып, мән-маңызын түсіндірді.  width=
«Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді. Бұл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген жаңа, әділ Қазақстанды құру жөніндегі саяси шешімдерінің жалғасы десек болады. Жолдауда Мемлекет басшысы негізінен әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру жолдарын қамтитын 5 бағдарды атап өтті. Оны жүзеге асыруда үлкен істер атқарылуы қажет», – деді партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.
Сондай-ақ партия тарапынан Президент бастамалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.  width=
«Бүгінде Президент тапсырмасына сай партия бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» мен «Жер аманаты  жобаларын көпшілік жылы қабылдап, қолдау табуда. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында  облыста 146 ауыл әкімдері арнайы оқудан өтті. 15 ауылдық округ тұрғыны ауыл халқының тұрмысын арттыруға негізделген көшпелі ақпараттық топтың семинарына қатысып, қажетті ақпараттармен қанықты. «Жер аманаты» жобасы аясында арнайы өңірлік  комиссия құрылып, облыста 50 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, партия филиалының «ТАЛҚЫЛАУ» алаңында өңірдегі газ бағасын төмендету мәселесі бойынша арнайы мемлекеттік комиссия отырысы өткізіліп, шешімі күтіліп отыр.  Мемлекет басшысының жаңа Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруда партия органдары барлық ресурстарын жұмылдыратын болады», – деді Ләйлә Төрешова.
Актив жиынында Жолдаудың негізгі басым бағыттары туралы  «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Сәулет Сахиев,  қоғамның орнықты дамуына негіз болатын «Ұлт саулығы»  бағытында облыстық медицина орталығы директоры, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшесі, партия филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Нұриддин Әмитов, ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратын білім жүйесін жетілдіру бағытындағы міндеттер төңірегінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректоры, партияның  «Тұран» филиалың төрағасы, қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшесі Бейбіткүл Каримова, азаматтардың әлеуетін арттыру бағытында партияның облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық әйелдер кеңесінің төрағасы Райкүл Байназарова, Жолдауда жастарға жан-жақты қолдау көрсету мәселесі төңірегінде «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Медет Жорабек өз ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерін білдірді. Актив отырысын қорытындылаған партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова жиынға қатысушыларға Жолдауды жүзеге асыру аясында өңірлік партия филиалдары алдында тұрған негізгі міндеттерді кеңінен түсіндірді.