– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында маңызды бастама көтерді. Парламент қолдап, тиісті конституциялық заң қабылданса, Президент өмірінде 7 жылға бір-ақ рет сайлана алады. Қайта сайлануына тыйым салынады. Бұл – әлемде теңдесі жоқ ноу-хау және демократияландыру жолындағы өте батыл қадам. Оның саяси орындылығы бар. Біріншіден, осы арқылы бұдан былай Қазақстанда автократияның орнауына жол берілмейді. Екіншіден, тек бір мерзім Президент болатынын түсінген тұлға тарихта, ел есінде жақсы атымен қалу үшін барын салады, бүкіл әлеуетін жарқырата көрсетеді. Үшіншіден, президенттік мандатты бір мерзімге қысқарту – аймақта орналасқан елдерге ұлағатты үлгі, саяси жарқын жаңалық. Қазақстан осы арқылы өзгені ілгері жетелейтін аймақтағы көшбасшылығын бекемдеді. Бұл – елдегі жаңа демократиялық моделді қалыптастыруға кіріскенінің айғағы. Қазақстан лидері осылайша аймақта жаңа тренд қалыптастырып отыр. Қ.Тоқаевтың тренді саяси либерализация, билік жүйесін құруда жаңа демократиялық тетіктерді түзіп, кемелдендіру екені байқалады. Парламенттік сайлаудың ерте өткізілуі – дәл осы үрдістің үдесінен шығатын бастама. Бұл – халықтың сұранысы. Ауыл-аймақты аралағанда жұртшылық тарапынан Парламент депутаттары астанада, жылы кабинетте отырып алмай, үнемі өңірлермен араласып, халыққа етене жақын болса дегенді жиі естідік. Сол себепті былтырдан «AMANAТ» партиясының фракциясы өз депутаттарының жұмысын жаңа форматқа көшірді. Мұның сыртында қазір әлемде геосаяси «дауыл» өршіп барады, ескі әлемдік тәртіп күйреп, жаңасы қалыптасуда. Президентіміз еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын сақтап қалу міндеті тұрғанын ескертті. Сондықтан сарапшылар жаһандық дүрбелеңдер шырқау шегіне жететін кезді күтіп отырмай, маңызды саяси науқандарды ұйымдастырып, жаңа заманға дайын кірген жөн деп ескертеді. Бұған қоса, алда тұрған экономикалық және әлеуметтік салаларды жаңғыртуға қатысты жұмыстарды алаңсыз атқарамыз.