Қостанайға халқымыз қамқор болды
Қостанайға халқымыз қамқор болды
231
оқылды
Мемлекет алапат табиғи апаттан зар­дап шеккен қостанайлықтарды ауыр жағдайда жалғыз қалдыр­май­ды. Қиындыққа тап болған жұртқа қол ұшын соз­­ған билік, бизнес және ха­лықтың қайырымдылық істері ел­дікті ны­ғай­тып, береке-бірлікті бе­кем­дей тү­седі. Осы орайда ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Қос­­танай об­­лысына арнайы сапар­лап, өрттің зар­дабын тартқан Әу­лие­көл ауданын аралады. Тікұшақтан өрт­тің ауқымын ба­ғамдады. Содан соң ол Қостанай об­лысындағы өртті сөн­діру жөніндегі шұ­ғыл әрекет ету шта­бының оты­ры­сын өткізді. Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қостанай об­лысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өртке тосқауыл қою, елді мекендердегі аза­маттарды эвакуациялау және зардап шек­кен тұрғындарға қолдау көрсету бағытында қабылданған шаралар туралы баяндамаларын тыңдады. Халықтың бойына сенім құя сөйлеген Президент өңірдегі ахуалдың бақылауда екенін нықтады. Табиғи апатты жою үшін бар­лық қажетті шара қабылданған. Қ.Тоқаев болған жағдайдан тиісті сабақ алу қажетін ескерте келе, өртті толық әрі жыл­дам ауыздықтау үшін шұғыл әрекет ету штабына барлық ведомствоның үздік­сіз жұмысын қамтамасыз етуге бағыттал­ған бірқатар нақты тапсырма берді. Сонымен қатар Президент өрт шалған үй­лерін тастап кетуге мәжбүр болған адам­дарға толыққанды қолдау көрсетудің маңыз­ды екенін атап өтті. Үкімет пен Қос­­танай облысының әкімдігіне зардап шек­кен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы тө­леуді тапсырды.
– Зардап шеккен азаматтардың бәріне қа­жетті көмек беріледі. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. Менің тапсырмаммен Үкімет тиісті мәселелерді шешу жұмыстарымен ай­налысып жатыр. Көмек көрсетілетіне еш­қандай күмән болмауы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өрт­тің шығу себебін анықтау қажет екеніне назар аударды. Оның байламынша, ор­ман алқабын қайта қалпына келтіру үшін кешенді шаралар әзірлеп, алдағы уа­қытта осындай апатты жағдайларды бол­дырмау үшін алдын алу жұмыстарын жүр­гізу керек. Қостанай Президент Төтенше жағдайлар минис­трлігін өз қызметкерлерінің әлеуметтік проб­лемаларын, соның ішінде тұрғын үйге жә­не жатақханаға қатысты мәселелерін ше­шуге қабілетті институт ретінде салмақ­ты түрде күшейтуді, сондай-ақ кәсіби кадрлардың дайындық деңгейін арттыруды жүктеді. Мұның сыртында Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қор­ғаныс министрліктерінің өрт сөндіру бө­лім­шелерінің жеке құрамымен, өртпен күрес­ке тартылған еріктілермен кездесті. Қ.Тоқаев төтенше жағдайды жоюға атса­лыс­қан барлық азаматқа жасаған ерлігі үшін алғыс білдіріп, олар наградалар мен сыйақыларға ұсынылатынын айтты. Осы күні Қасым-Жомарт Кемелұлы Қос­танай облысында орман өртінен зардап шеккен азаматтармен кездесті. Жедел штаб отырысынан кейін ол тілсіз жаудан зардап шеккен Аманқарағай ауылының аумағын аралады. Мемлекет басшысы Әулие­көл ауылындағы мектепте орналас­қан эвакуациялау пунктінде зардап шек­кен азаматтармен кездесіп, жағдайын сұ­рас­­тырды. Бұған қоса, гуманитарлық кө­мек тарату пунктінің жұмысымен таныс­ты. Зардап шеккендермен әңгімелесу бары­сында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шара­ны қабылдайтынына екпін түсірді.
– Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Де­генмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді Қ.Тоқаев.
Президент еріктілермен әңгімелесіп, олар­ға көрсеткен көмегі үшін алғысын же­т­кізді.