Түркістан облысында AMANAT LIDER атты пікірсайыс алаңы құрылды. Бұл – шешендік өнер мен ақыл-парасатты, құқықтық сауат пен саяси белсенділікті қалыптастыру және дамыту мақсатындағы дебаттық турнир. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтың бастамасымен қолға алынған пікірсайыс аясында партиялық кадрлық резерв жасақтау, қоғамның өзекті мәселелерін шешу жолына ықпал ететін жаңа белсенді тұлғаларды айқындау көзделуде. Жоба өңір бойынша 17 ауданда өткізіліп, ақтық сайыс Түркістан қаласында облыстық деңгейде өз мәресіне жетеді. AMANAT LIDER пікірсайысының алғашқы іріктеу кезеңі Келес ауданында басталды. «Жастар Рухы» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалы және партияның Келес аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен дебатқа аудандық мәслихат хатшысы А.Тотиков және депутат Ғ.Манахов, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы А.Жұмабеков, аудандық филиал жанындағы Партиялық бақылау кеңесінің төр-ағасы Р.Сұлтанов, «Келес келбеті» газетінің редакторы Г.Мұсабекова, №13 колледж директорының оқу ісі бойынша орынбасары Г.Садықова, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А.Ташкенбай қатысып, қазылық етті. Екі кезеңнен тұратын тартысты бәсекеде 10 спикердің пікірі ортаға салынды. Түрлі сала өкілдері қызығушылық танытқан партиялық жобаға білім саласының мамандары, ауылдық округ әкімінің орынбасары, БПҰ төр- ағасы, жеке кәсіпкер, ауған соғысының ардагері, БАҚ өкілі, жас белсенді, тіпті адвокат пен ақын-жазушы да өз бағын сынады. А.Жұмабековтың айтуынша, партияның жаңа жобасын қолдап, аудандық деңгейдегі AMANAT LIDER пікірсайысына қатысуға, өз мүмкіндігін көрсетуге ниетті белсенді азаматтар қатары көп болған. Бірінші кезеңде «Жаңа Қазақстанды» құрудағы «AMANAT» партиясының рөлі» тақырыбына қатысушылар өз позициясын білдірсе, екінші кезеңде «Ауданның өзекті мәселелері және шешу жолдары» тақырыбы аясында спикердің ойы тыңдалды. Сұрақты тұжырымдауға 20 секунд, ал жауап беруге 3 минутқа дейін уақыт берілді. Қарсыластар бір-біріне сұрақтар қойып, ми ширатып, тақырыптардың мәнін ашты. Турнир ережесіне сай дебат 5 балдық жүйемен бағаланып, төрешілер жеңімпаз деп таныған 4 спикер келесі кезеңге өтті. Пікірсайыс қорытындысында Рахматулла Ермеков ІІІ орын иеленсе, Жаппарәлі Әбішевке ІІ орын бұйырды. Ал Талғат Орынбаев жеңімпаз атанып, облыстық деңгейде өтетін додаға жолдама алды. Топ жарған 3 спикер диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Асыл ТҰМАР