Әріптесіміз – жеңімпаз!
Әріптесіміз – жеңімпаз!
Жуырда Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесе ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауы қорытындыланды. Биылғы байқаудың ерекшелігі – еліміздегі және шетелдердегі ақпараттық кеңістіктегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасына байланысты мемлекеттік және орыс, ағылшын тілдерінде жазылған материалдар қабылдау енгізілгені. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда, қазақ тіліне қатысты мәселелерге қалам тербейтін журналистер қатарын көбейтті. Жүлдегерлерді анықтауға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжанов, қарымды қаламгер, белгілі журналист Қайнар Олжай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин қазылық етті. Олардың айтуынша, жүзден озған жүйрікті таңдау оңайға түспеген. Қызу талқылау, терең талдаудың нәтижесі бойынша бас жүлде Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі Әбдір Шапағатқа бұйырып, оған 1 000 000 теңгенің сертификаты табыс етілді. «Үздік мақала» номинациясы бойынша І орын республикалық «Жас Алаш» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бифат Елтаеваға, ІІ орын Egemen Qazaqstan газетінің аға тілшісі Айдана Шотбайқызына, ІІІ орын «Төлеби туы» қоғамдық-саяси газеті редакциясының бөлім меңгерушісі Төлеген Ахметовке бұйырды. «Үздік теле және радиобағдарлама» номинациясы бойынша І орынды «Жетісу радиосының» бас редакторы Мұхит Тоқтасын, ІІ орынды Қазақ радиосының шолушы редакторы Шәкім Жанболат, ІІІ орынды Qyzylorda телеарнасының шеф-редакторы Толқын Қабылша жеңіп алды. «Үздік сайт» номинациясы бойынша І орынды республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Көктем Қарқын, ІІ орынды халықаралық «Түркістан» газетінің штаттан тыс тілшісі Біржан Ахмер, ІІІ орынды Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен иеленді.

Ж.ТІРКЕШБАЙҚЫЗЫ