Бала асырап алудың амалы бар ма?
Бала асырап алудың амалы бар ма?
969
оқылды
Шыр етіп дүниеге кел­ген­нен-ақ тағдыр теперішін көріп, жетімдіктің ащы дәмін татқан сәбилерге қалай қор­ған болып жүрміз? Соңғы кез­дері баласын далаға тастап, тіпті нәрестесін сатпақшы бол­ған аналардың қылығын естіп жағамызды ұстадық. Сарапшылар елімізде бала асырап алудың қиын екенін, сондықтан көп жағдайда от­ба­сылардың бір-бірімен келі­сіп, бала алатынын айтуда. Шынымен де, Қазақстанда бала асырап алу қиын ба? Ұлттық агенттіктің мәлім­де­уін­ше, бала асырап алу үшін құ­жаттар дайындау – оңай әрі қысқа үрдіс. Бала асырап алуға қа­жетті құжаттар тізімі Электрон­ды Үкіметтің Egov.kz сайтында ор­наласқан. Ол жерде қолданыс­тағы заңға сәйкес бала асырап алушы ата-аналардан 8 құжат талап етіледі деп көрсетілген. Сонымен қатар ниет білдіруші отбасы 14 талапқа сай келуі керек. Біріншіден, бала асырап алатын ата-аналардың тұрғын үйі болуы маңызды. Екіншіден, күнкөріс деңгейі мен табысы 60 мың тең­ге­ден төмен болмауы керек. Үшін­ші­ден, наркологиялық және пси­холо­гиялық диспансерлерде есеп­те тұрмаған, сотталмаған деген талаптар назарға алынады. Сон­дай-ақ басқа балаларға қатысты ата-аналық құқығынан айырылма­ған болуы шарт. Одан кейін Ден­саулық сақтау министрлігінің бұй­­рығымен бекітілген медицина­лық профилактикалық тексерістен өткенін анықтайтын құжат та талап етіледі. Бұл құжаттармен бірге асырап алғысы келген бала 10 жастан асқан болса, баланың пікірі де есепке алынады. Сөйтіп, қамқоршы органдар 10 күн ішінде тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларға тексеру жүргізіп, 5 күн ішінде нә­ти­жесін хабардар етеді. Құжат­тардың толық пакетін жинағаннан кейін бала асырап алу процесі кемінде 2 айды алады. Өтініштер мен құжаттарды қорғаншылық немесе қамқоршылық функция­ларын жүзеге асыратын органға немесе Республикалық деректер банкі арқылы тапсыру керек. Жалпы, соңғы үш жылда елімізде 480 бала асырап алынса, 700-дей бала қамқорлыққа беріліпті. «Аналар үйі» Қоғамдық қорының бұрынғы директоры Балия Әкім­бекованың айтуынша, қазір бала асырап алу үшін құжат дайындау қиын емес. Барлығы – стандартты құжаттар. Бірақ ниетті азаматтар асырап алушы ата-аналар мек­тебінен 3 ай бойы өтеді.
– Дайындық мектебіне ата-ана­ның екеуі де қатысуы қажет. Осы сатыға келгенде көптеген адам қиналады. Себебі ата-ана баланы асырауға жағдайымыз жетсе болды деп санайды. Бірақ дайындық мектебінің мақсаты ата-ананы бала асырап алуға психоло­гиялық тұрғыда әзірлеу. Баланың дүниетанымын түсінуге жағдай жасау. Өйткені балалар үйінде өскен тәрбиеленушілердің түсінігі бәрібір өзгеше болады. Бала асы­рап алатын ата-аналар көп жағдай­да кішкентай балаларды алғысы келеді. Бірақ мұндай бөбектер аз, – дейді Балия Әкімбекова.
Ниет білдірушілер көп, кезек жоқ Соңғы жылдары асырап алу­шылар арасында қамқорлыққа алған балаларды 4-5 жылдан кейін қайтару жиілеп кеткен. Соның алдын алу мақсатында екі жыл бұрын бала асырап алушы ата-аналарға даярлық мектебін оқу міндеттелді. Олар үш айлық курсты оқып, сертификат алады. Сарап­шы­ның пікірінше, құжат дайын­даудың ешқандай қиындығы жоқ. Алайда елорда тұрғыны Гүлбақ Самалова бірнеше жылдан бері бала асырап алу ниеті болса да, ке­зектің көптігінен бала асырап алудан бас тартқанын айтты.
– Нұр-Сұлтандағы балалар үйінен бала асырап алайық деген­біз. Тастанды балаларды көргенде «біз не жесек, соны ішіп-жеп, ба­лаларымызбен бірге өсер. Ма­териал­дық жағынан көп нәрсе бере алмасақ та, мейірім бере ала­мыз» дегенбіз. Өзімізше жетімдерді азай­туға үлес қоссақ деп шешкен түріміз ғой. Бірақ сол кездегі балалар үйінің бас дәрігері: «сендердің өз балала­рың да бар, баласы жоқ адамдарды аясаңдаршы» деді. Сөйтсек, аста­нада бала асырап алу үшін кезекте тұрғандар көп екен. Тек олардың бірінің талабы күшті болса, бірінің өз жағдайы талапқа сай емес, – дейді Гүлбақ Самалова.
Негізі бала асырап алатын­дар­дың 95 пайызы – орташа жалақы алатын қарапайым отбасылар. Ауқатты адамдардың тек 5 пайызы бала асырап алады. Әлеуметтік қызмет­керлердің мәліметінше, ерлі-за­йып­тының екеуі де жұмыс істемей, әйел – үй шаруасында болып, ер-азамат – отбасының табыскері болса да бала асырай алады. Оған қоса, елімізде әр адамға тіркелген жерінде 14 шар­шы метрден кем болмайтыны белгілі. Міне, баланы асырауда өз үйі болмай, жалдап отырса да асыраушы ретінде қарас­тырылады. Бастысы – жалдап отырғаны расталса болғаны.
– Балалар үйінде бүгінде 64 бала тәрбиеленуде. Мүмкіндігі шектеулі бала саны үшеу. Бізде 3 жасқа дейінгі балалар тәрбиелене­тіндіктен асырап алушы ата-ана­лар көп. Барлық құжатты жинап болғаннан кейін бала асырап алу­шы ата-аналарға арналған портал болады. Бізге ата-аналар сол пор­тал арқылы келеді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы мамандан­дырылған балалар үйі директорының орын­басары Арайлым Еркінқызы.
бала асырау Қамқорлық органдарға арнайы мамандар жетіспейді Онсыз да дүние есігін ашпай жа­тып тірі жетім атанған бала­лардың жақсы отбасыға кездесіп, алаңсыз өмір кешуі бұл заманда мүмкін болмай тұр. Жақында әлеу­меттік желіде Алматы облысында асырап алған балаларын соққыға жыққан отбасының әрекеті көпші­ліктің қызу талқысына түсті. Атал­ған жайт бойынша құзырлы ор­гандар араласып, арнайы комиссия құрылып, шешім де шығыпты. Ба­лалар асырап алған әйелдің қолында қаламыз депті. Әйелге қа­тысты да жағымды сипаттама бе­ріл­ген екен. Бірақ заңбұзушы­лықтар да жоқ емес. Видеодағы ер адам – азаматтық некедегі күйеуі. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова осындай жағдайларды болдырмас үшін, балалардың тәр­биесіне бөтен ешкім араласпауы керек екенін айтты. Ал қолданыс­тағы заң бойынша отбасылық жұп­тың да, тұрмысқа шықпаған әйелдің де баланы асырап алу мүм­кіндігі бар. Үйленбеген ер адам­­дардың да баланы асырап алуы­на болады. Сондықтан бала­ларды асырап алу мәселесіне келгенде отбасылы жұптарға басымдық берген дұрыс.
– Ол баланың қорғаушысы да, қолдаушысы да жоқ. Жәутеңдеп тағдырдың жетегімен кете береді. Олардан «кім сені жылатты» деп ешкім сұрамайды. Сондықтан жетім балаларды қоғам қорғауы тиіс. Жетімдер үйінде тәрбиеленген балаларды жаңа отбасында тәр­биелеу, оларды қоғамға бейімдеу көп жағдайда қиынға соғып жа­тады. Сол үшін әйелі мен күйеуі екі жақтап, балаларды дұрыс жолға сілтей алады деп есептеймін. Бір қуантарлығы, енді аталған отбасы қатаң қадағалауда болады, – дейді Әлия Әбсеметова.
Депутат өзі де бірнеше бала асырап, оларға ел қатарлы білім беріп, тәрбиелеп отыр. Оның ай­туынша, бала асырап алу оңай емес. Осыдан 8-10 жыл бұрын құжат жинау қиын еді. Қазір бәрі цифр­ланған. Әр адамның өзіне бай­ла­нысты. Ата-ана моральдық-психо­логиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Әр адам бала асырап алмас бұрын «Осы баланы өз ба­лаларым­мен бірдей көре аламын ба?» деп өз-өзінен сұрауы керек. Қазір ата-аналарды дайындайтын арнайы мектеп бар. Көп азаматтар осы мектептің сабақтарынан өткен­нен кейін дайын емес екенін біліп, қалау­ларынан бастартып жатады. Құжат жинағаннан кейін ата-аналар «алатын бала жоқ» дейді. Негізі елімізде бала қажет­сін­ген ата-ана да, оған үміткер бүл­­діршін­дер де көп. Бірақ бала­лар­дың құ­қық­­тық статустары нақ­ты белгі­лен­беген. Ата-ана құқығы­нан айырыл­ған азаматтар балала­рын өткізген­нен кейін, олар бала­ны не өздері алып кетпейді, не асырап алушы­ларға бермей ұстап отырады. Сосын асырап алушылар мүгедек балалар­ды алғысы кел­мейді. Көп ата-ана балаға мате­риал­дық жағ­дайын жасасам мені жақсы көріп кетеді деп ойлайды. Олай емес. Себебі әр баланың өз әлемі бар. Сол әлеміне үңіліп, бар қалпында қабыл­дап, сенімін ояту ата-ананың міндеті.
– Елімізде қамқорлық орган­дарға арнайы мамандар жетіспейді. Статистикаға жүгінсек, бір ауданда осындай бір ғана маман бар. Сонда 30 мың балаға бір маман қарайды. Әлемдік тәжірибе бойынша 30 мың балаға 5 маман қарауы керек. Олар жылына екі рет бала асырап алған отбасылардың жағдайын қарап тұруы керек, – дейді Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова.
Ал Америка, Еуропа елдерінде бала асырап алу өте қиын. Талап­тарына сай келмесе, құзырлы ор­гандар баланы тартып алады. Сон­дықтан бала асырап алған от­ба­сылар әрдайым қатаң қада­ға­лауда болады. Осындай шаш-етек жұ­мыс­­тан қашқан шетелдіктер көп жағ­­дайда өзге елдерден бір­жолата бала асырап алуға әуес. Тіпті да­мы­ған елдерде өз балалары болса да, бала асырап алу үрдіске айналып кеткен. Мұны америка­лықтар: «тек өзіңнен туған баланы жақсы көру, оның ғана ары қарай көбеюіне жағдай жасау – генети­калық эгоизм» деп түсін­діре­ді. Олар­дың пікірінше, баланың бәрі бірдей. Бастысы, ата-ананың жағдайы келсе, қамқорлығы жетсе, жетім­дерге демеу болуы керек. Тіпті бала мүгедек болса да мейлі. Осы­лайша шетелдіктер ауру баланы тәр­биелеп, адам қатарына қосуды мақсат етеді. Ал біздің елімізде жағдай керісін­ше. Бала асырап алғысы келген ата-аналардың 90 пайызы дені сау, қол-аяғы бүтін баланы аңсайды. Осындайда жетімге демеу болуды қоғамның әрбір мү­шесі азаматтық парызы санаса ғой деп ойлайсың...