Ембілік мұнайшылар 100 жылдығын атап өтті
Ембілік мұнайшылар 100 жылдығын атап өтті
456
оқылды
Қазақ мұнайының бастауы са­на­латын отандық кәсіпорын «Ем­бімұнайгаз» АҚ-ның құрылғанына 100 жыл толуына орай Махамбет атындағы академиялық қазақ дра­ма театрында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың арнайы қатысуымен салтанатты шара өтті. Салтанатты жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «Ембімұ­найгаз» АҚ ұжымы мен мұнайшы ардагерлер қатысты. Жиында мұнайшыларды мерекемен құттықтап сөз алған Премьер-Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұ­най-газ секторын экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде дамытудың маңыз­дылығын, сондай-ақ тәуелсіз Қа­зақстанның дамуында саланың және отандық мұнайшылардың еңбегі зор екенін ұдайы ерекше атап өтетінін айтты. Премьер-Министрдің сөзінше, қа­зақ мұнайының бастауында тұрған кә­сіпорынның 100 жылдық мерейтойы – бұл айтулы мереке, өйткені Қарашүңгіл жерінен табылған «қара алтын» еліміздің брендіне айналды. 1922 жылы трест болып құрылған «Ембімұнайгаз» – бүгінде өз бағытын нақты айқындаған, аяғына нық тұрған қуатты кәсіпорын. Ембілік геологтар еліміздің батыс аймағындағы ірі мұнай кеніштерін ашуда зор еңбек сіңірді. Соның арқасында мұнай-газ саласы ел экономикасы дамуының локомотивіне айналып отыр.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілуі керегін атап өтті. Жер қойнауындағы қазба байлықты іздеуден бастап, оны игеру мен дамыту мол қажыр-қайратты, терең білім мен табандылықты талап етеді. Осындай қиыншылықтарға төтеп беріп, мұнайды игеру мен өндіруде ел игілігіне үлес қос­қан мұнайшылар еңбегі ешқашан ұмы­тыл­майды, – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.
Қазақ жерінде мұнай өндірісінің қалыптасуымен отандық мамандардың өндіріс саласын меңгере бастауы дәл осы Ембіден бастау алды. Ембілік мұ­найшылар еліміздің батыс өңір­леріндегі ірі кен алаңдарын алғаш ашуға және игеруге сүбелі үлесін қосты. Бү­гінде мұ­най-газ саласы ел эконо­ми­касының күре­тамырына айналуы мұ­найшы­лардың еңбегімен байланысты. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ғасырлық тойына арналған салтанатты жиында осы айтулы датада ерекше үлесі бар ар­дагер мұнайшылар мен мерейтойға та­бысты еңбегімен келген жекелеген қыз­меткерлер мемлекеттік жоғары ма­ра­паттармен ұлықталды. Олардың қата­рында ардагерлер Табын Оржанов пен Есен Тасқынбаев 3-дәрежелі «Барыс» орденімен, Мәнсия Бабашева «Парасат» орденімен, Меңдеш Салихов, Қазира Суюнгариева, Жұмабек Жамауов «Құр­мет» орденінің иегері атанды. Сонымен қатар жиында бір топ ардагер мұнайшы­лар мен ембілік мамандар 3-дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орде­ніне ие болғандардың бірі – Жайықмұ­найгаз» басқармасының №2 мұнай және газ өндіру цехының бастығы Абежан Қуанғали.
– «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Жайық­­­мұ­най­газ» мұнай-газ өндіру басқар­ма­сына 1983 жылы орта мектепті аяқтап келген болатынмын. Бастапқыда өн­діріс орнына қосалқы жұмысшы болып ор­наласып, кейін жоғары оқу орнын бітір­ген соң өндіріс кен алаң­дарының бәрін­де жұмысшы ма­мандықтары бойынша еңбек еттім. Шебер, механик, цех бас­шысының орын­басары бас­пал­дақтары­нан өттім. Бүгін мереке қар­саңында ең­бек жо­лымды елеп, мемле­кеттік ма­ра­пат­қа ұсынып жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ-на алғысымды білдіремін, – дейді Абежан Қуанғали.
«Ембімұнайгаз» кәсіпорнына жас­тық шағын арнап, 40 жылға жуық уа­қытын осы мекеменің өркендеуіне жұм­сағандардың бірі «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының еңбек жөніндегі экономисі Сәлима Айдынова салтанатты шарада «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
– Ең алғаш еңбек жолымды осыдан 38 жыл бұрын «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында зерттеу операторы болып бастаған едім. Одан кейін өндірісте екі жыл еңбек еттім. Ол кезде жұмыс істеу қазіргі кезбен са­лыс­тыруға келмейді, өте қиын болды. Үсті­мізде қазіргідей арнайы киім болмады, резеңке етікпен, жаяу жүріп жұмыс іс­тедік. Қазіргідей асхана, жатақхана да жоқ еді. Біздің қазіргі жатақханамыз бес жұлдызды қонақүйден кем емес. Ең­бегімді елеп мемлекеттік марапат беріп жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ басшылы­ғына алғысым шексіз, – дейді Сәлима Айдынова.
Ол қазір де «Доссормұнайгаз» бас­қар­масында еңбекақы төлеу және қыз­меткерлерді басқару бөлімінің эко­но­мисі болып, ұжыммен тығыз байланыс­ты еңбек етуде. Ол аман жүрсем, Ембіге әлі де берерім көп деп есептейді. Салтанатты шарада «МузАрт» тобы, Айгүл Елшібаева, Маржан Арапбаева, Жұбаныш Жексенұлы секілді эстрада жұлдыздары жиналған мұнайшыларға әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар арнайы дайындал­ған деректі фильм арқылы отандық мұ­най өндіруші компанияның ғасырлық тарихына шолу жасалды. Кәсіпорынның құрылу тарихы 1911 жылы 29 сәуірде Доссор шатқалында атқылаған алапат мұнай бұрқағымен байланысты. Бұрқақтың қуаттылығы сондай биіктігі 25 метрге дейін жетіп, сапасы жағынан да жоғары болады. Осы баға жетпес Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында 1922 жылы «Ембімұнай» тресі құрылды. 1930 жылдан бастап индустрия­ландыру барысында Ембімұнай тресі мұнайды тереңдіктегі сорғылармен өндіру жүйесіне көшіп, табиғи ілеспе газ пайдаланыла бастады. Мұнай техни­кум­дары ашылып, жер-жерден Ембі­мұнай жобасының кеңселері бой көтеріліп, мұнай өндірісі жаңаша серпінге ие болды. Осылайша, «Ембімұнайгаз» ком­паниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлт­тық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Ал өңір­дің инфрақұрылымын дамытуға 5 млн теңгеге жуық қаражат жұмсаған.