Қазақ мұнайының бастауы саналатын отандық кәсіпорын «Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрылғанына 100 жыл толуына орай Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың арнайы қатысуымен салтанатты шара өтті. Салтанатты жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы мен мұнайшы ардагерлер қатысты. Жиында мұнайшыларды мерекемен құттықтап сөз алған Премьер-Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторын экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде дамытудың маңыздылығын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның дамуында саланың және отандық мұнайшылардың еңбегі зор екенін ұдайы ерекше атап өтетінін айтты. Премьер-Министрдің сөзінше, қазақ мұнайының бастауында тұрған кәсіпорынның 100 жылдық мерейтойы – бұл айтулы мереке, өйткені Қарашүңгіл жерінен табылған «қара алтын» еліміздің брендіне айналды. 1922 жылы трест болып құрылған «Ембімұнайгаз» – бүгінде өз бағытын нақты айқындаған, аяғына нық тұрған қуатты кәсіпорын. Ембілік геологтар еліміздің батыс аймағындағы ірі мұнай кеніштерін ашуда зор еңбек сіңірді. Соның арқасында мұнай-газ саласы ел экономикасы дамуының локомотивіне айналып отыр.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілуі керегін атап өтті. Жер қойнауындағы қазба байлықты іздеуден бастап, оны игеру мен дамыту мол қажыр-қайратты, терең білім мен табандылықты талап етеді. Осындай қиыншылықтарға төтеп беріп, мұнайды игеру мен өндіруде ел игілігіне үлес қосқан мұнайшылар еңбегі ешқашан ұмытылмайды, – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.Қазақ жерінде мұнай өндірісінің қалыптасуымен отандық мамандардың өндіріс саласын меңгере бастауы дәл осы Ембіден бастау алды. Ембілік мұнайшылар еліміздің батыс өңірлеріндегі ірі кен алаңдарын алғаш ашуға және игеруге сүбелі үлесін қосты. Бүгінде мұнай-газ саласы ел экономикасының күретамырына айналуы мұнайшылардың еңбегімен байланысты. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ғасырлық тойына арналған салтанатты жиында осы айтулы датада ерекше үлесі бар ардагер мұнайшылар мен мерейтойға табысты еңбегімен келген жекелеген қызметкерлер мемлекеттік жоғары марапаттармен ұлықталды. Олардың қатарында ардагерлер Табын Оржанов пен Есен Тасқынбаев 3-дәрежелі «Барыс» орденімен, Мәнсия Бабашева «Парасат» орденімен, Меңдеш Салихов, Қазира Суюнгариева, Жұмабек Жамауов «Құрмет» орденінің иегері атанды. Сонымен қатар жиында бір топ ардагер мұнайшылар мен ембілік мамандар 3-дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне ие болғандардың бірі – Жайықмұнайгаз» басқармасының №2 мұнай және газ өндіру цехының бастығы Абежан Қуанғали.
– «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына 1983 жылы орта мектепті аяқтап келген болатынмын. Бастапқыда өндіріс орнына қосалқы жұмысшы болып орналасып, кейін жоғары оқу орнын бітірген соң өндіріс кен алаңдарының бәрінде жұмысшы мамандықтары бойынша еңбек еттім. Шебер, механик, цех басшысының орынбасары баспалдақтарынан өттім. Бүгін мереке қарсаңында еңбек жолымды елеп, мемлекеттік марапатқа ұсынып жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ-на алғысымды білдіремін, – дейді Абежан Қуанғали.«Ембімұнайгаз» кәсіпорнына жастық шағын арнап, 40 жылға жуық уақытын осы мекеменің өркендеуіне жұмсағандардың бірі «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының еңбек жөніндегі экономисі Сәлима Айдынова салтанатты шарада «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
– Ең алғаш еңбек жолымды осыдан 38 жыл бұрын «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында зерттеу операторы болып бастаған едім. Одан кейін өндірісте екі жыл еңбек еттім. Ол кезде жұмыс істеу қазіргі кезбен салыстыруға келмейді, өте қиын болды. Үстімізде қазіргідей арнайы киім болмады, резеңке етікпен, жаяу жүріп жұмыс істедік. Қазіргідей асхана, жатақхана да жоқ еді. Біздің қазіргі жатақханамыз бес жұлдызды қонақүйден кем емес. Еңбегімді елеп мемлекеттік марапат беріп жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына алғысым шексіз, – дейді Сәлима Айдынова.Ол қазір де «Доссормұнайгаз» басқармасында еңбекақы төлеу және қызметкерлерді басқару бөлімінің экономисі болып, ұжыммен тығыз байланысты еңбек етуде. Ол аман жүрсем, Ембіге әлі де берерім көп деп есептейді. Салтанатты шарада «МузАрт» тобы, Айгүл Елшібаева, Маржан Арапбаева, Жұбаныш Жексенұлы секілді эстрада жұлдыздары жиналған мұнайшыларға әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар арнайы дайындалған деректі фильм арқылы отандық мұнай өндіруші компанияның ғасырлық тарихына шолу жасалды. Кәсіпорынның құрылу тарихы 1911 жылы 29 сәуірде Доссор шатқалында атқылаған алапат мұнай бұрқағымен байланысты. Бұрқақтың қуаттылығы сондай биіктігі 25 метрге дейін жетіп, сапасы жағынан да жоғары болады. Осы баға жетпес Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында 1922 жылы «Ембімұнай» тресі құрылды. 1930 жылдан бастап индустрияландыру барысында Ембімұнай тресі мұнайды тереңдіктегі сорғылармен өндіру жүйесіне көшіп, табиғи ілеспе газ пайдаланыла бастады. Мұнай техникумдары ашылып, жер-жерден Ембімұнай жобасының кеңселері бой көтеріліп, мұнай өндірісі жаңаша серпінге ие болды. Осылайша, «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Ал өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 5 млн теңгеге жуық қаражат жұмсаған.