Қостанайда 3 қыркүйекте қару-жарақ дүкеніндегі жарылыстан көз жұмғандардың жеке басы анықталды. КТК арнасының мәліметінше, опат болған төрт адам – «Оружейная палата» дүкенінің қызметкері. Ал денесінің 50 пайызын күйік шалған дүкен иесі ауыр халде жатыр. Алдымен қару-жарақ пен оқ-дәрі сатылатын жерде жойқын жарылыс болып, соңы өртке ұласты. Жалын дүкенге жапсарлас орналасқан үйлер мен нысандарға да жайылған. Өрт 8 жеке үйге таралып, оның ішінде 2 қабатты үш коттедж күлге айналды. Сондай-ақ жол бойында тұрған алты көлікке зақым келген. Өрттің жалпы ауданы – 2 500 шаршы метр. Өрт сөндірушілер жалынды 4 сағатта оқшаулаған. Ал жарылыстан кейінгі құтқару жұмысы 15 сағатқа созылды.