Жеңіл жаза желіктіреді
Жеңіл жаза желіктіреді
617
оқылды
Ішкі істер министрлігі от­басылық зорлық-зомбы­лық­пен күресу әдістерін өз­герт­пек. Ведомство басшысы Марат Ахметжановтың сө­зінен ұққанымыз, тұрмыстық саладағы тирандардың ісіне тосқауыл қою үшін жуан жұ­дырық­тарға жаңа жауап­кер­шілік қарастырылады. Әйт­кенмен жазаның бұл түрі тиімді боларына күмән көп. Бұдан бұрын Ішкі істер ми­нистрлігі отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 10 адамның екеуі ғана полицияға шағымданатынын айтқан еді. Мәселен, былтыр 8 айда құқық қорғау органдарына отбасылық зорлық-зомбылық бойынша 130 мыңға жуық шағым түссе, соның 2,5 мыңы – қылмыстық, 30 мыңға жуығы – әкімшілік іс ретінде қа­ралған. Қалған істер жәбір­лену­шілердің өз арыздарынан бас тарту себебінен тоқтатылыпты. Бұл дегеніңіз 100 мың әйел әлі де отағасының ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалғанын көрсетеді. Мәселен, былтыр төрт айда 46 901 адам полицияға жүгінсе, сотқа 8 мың іс қана жетіпті. Оның өзінде 4 мыңы ерлі-зайыптылардың мә­мілеге келуімен аяқталыпты. Сонда тұрмыстағы тирандардың 10 пайызы ғана жауапқа тар­ты­лады. Алайда олардың арасында да өз ісіне опық жегендері некен-саяқ. Себебі көп жағдайда агрес­сор үш сағаттық профилактикалық әңгімеден соң үйіне қайтарылады. Ал жәбірленушілердің қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мақсатында құқықбұзушыларға қатысты қор­ғау нұсқамасын құлағына ілмей­тіндер көп. Өкінішке қарай, жауап­кершілікке тартылған жуан жұдырықтылар өткен іске өкінбек түгілі «ар-намысымды аяққа тап­тады» деген түсінікпен тұрмыс­тағы зорлық-зомбылығын екі есе үдетеді. Оның соңы әйелдердің «үндемеген үйдей бәледен құ­тылады» деген түсінікпен өмір сүріп, отбасындағы кикілжіңді өздері жасыруына алып келеді. Әйтпегенде қазір зорлық-зом­былықтың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Дағда­рыс орталықтары одағының же­тек­шісі Зульфия Байсақованың айтуынша, бүгінде әрбір үшінші отбасы тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтан жәбір көріп келеді екен. Қылмыстық істегі сот психо­ло­гиялық сараптаманың мүмкін­дік­тері мен ерекшеліктері жөнін­де талдау жасаған мамандар сал­дарынан жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау да, отбасылық кикілжіңнен кейін әйелдердің суицид жасайтын фактілері де жиілегенін айтады. Ерекше бақылаудағы «ескерту» Ішкі істер министрінің ай­туын­ша, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында тұрған адамға қатысты қосымша саралау белгісі енгізіледі. Яғни осы сала­дағы әкімшілік құқықбұзушы­лық­­тар бойынша қамауға алу мер­зімінің төменгі шегін бес тәу­ліктен бастап белгілеу, сондай-ақ қайта құқықбұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспар­ланып жатыр. Бұдан басқа, тұр­мыстық құқықбұзушылықтарды тіркеудің өтінімдіктен анықтау сипатына көшу болжанып отыр. Сонымен қатар сотта тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптар қатаңдатылады екен. Атап айтқанда, құқыққа қарсы іс-әрекетті қайта жасаған кезде тараптар татуласа алмауы мүмкін. Сондай-ақ зардап шеккендерге психологиялық қысым көрсетудің қатал тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік берілмек. Ал түсіндіру жұмысын тү­сін­бейтіндер мен қорғану нұсқа­ма­сын құлағына ілмейтіндер үшін ескерту түріндегі әкімшілік жаза­лау шараларын қоғамдық жұ­мыс­тарға ауыстыру мәселесі пы­сықталуда. Бұл тұрмыстағы ти­рандарды көшелерді, қоғамдық аумақтарды тазалау, жолдарды салу және жөндеу, қала аумақ­тарын көгалдандыру және абат­тандыру, сондай-ақ басқа да әлеу­меттік пайдалы жұмыстарға тар­туды көздейді. Министр мұн­дай жазаның түрі ықтимал бұзу­шыларды өзінің мінез-құлқын бақылауға барынша тиімді боларына сендіреді. Қорлыққа көз жұматындар көп Күйеуі әйеліне қол көтерсе, жәбірленуші «102» каналына, не болмаса ұялы телефон арқылы SOS мобильдік қосымшасы ар­қылы хабарлама жіберуге болады. Заңға сәйкес жәбірленушінің арыз-шағымы бойынша қорғау нұсқамасы шығарылып, агрес­сор­дың 30 тәулік ішінде жәбір­ленушіге телефон немесе ауызша сөйлесуіне, басқа да әрекеттерге баруына тыйым салады. Ары қа­рай бұл отбасы учаскелік полиция инспекторының бақылауында болады. Сондай-ақ аптасына бір рет учаскелік полиция инспек­торы құқық бұзушымен жұмыс жүргізеді, не болмаса агрессорды полиция учаскесіне шақыртып, түсіндіру жұмыстары жүреді. Кейбір жағдайда полицейлер сол отбасына барып, жағдайды ба­қылауда ұстауы тиіс. Ал тұрмыстық құқықбұзушы­лық кезінде әйел адамның дене­сінде жарақат болса, онда бірден сот-медициналық сараптама жасалады. Денсаулыққа келген зиянның деңгейі анықталған соң заңға сәйкес шара қолданылады. Егер қасақана жеңіл зиян кел­тірсе, Әкімшілік құқықбұзушы­лық кодексінің баптарына сәйкес іс қаралады. Өйткені отбасындағы жұдырықтан болатын дене жара­қаты көп жағдайда әкімшілік құ­қықбұзушылық болып есепте­леді. Бетін көгертіп, шашынан сүйреу немесе тепкінің астына алу денсаулыққа жеңіл зиян келтіру болып есептеледі. Тек қолы мен қабырғасы сынып, сау­сағы шықса – орташа, басын жа­рып, пышақ жарақатын жаса­ған жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы Гүлмира Шрах­ме­това­ның айтуынша, тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту аса маңызды болып отыр. «Себебі, күнделікті БАҚ, әлеуметтік желілерден отбасын­дағы жайттар қоғамдық резонанс тудырып жатқандығына куә болып жүрміз. Алайда заңда оны жазаға тарту нормасы осал бол­ғандықтан, құқықбұзушылықтың соңы кейбір жағдайларда қыл­мысқа ұласып жатады. Сол се­бепті жазаны күшейту аса маңыз­ды. Атап айтсам, қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылық кодекс нормаларындағы қамау мерзімдерін ұлғайтып немесе орнына қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылса құпа-құп», – дейді ол. Ал тұрмыстық зор­лық-зомбылық кезінде жасалған қыл­мыстардың артуына әйел­дердің күйеулерін кешіріп, істің ары қа­рай сотқа барғанын қала­майты­нынан болып отырған көрінеді.
– Өзара татуласады немесе әйел адамға туыстары ықпал етеді. Көп жағдайда отбасының асыраушысы сотталып кетсе, «бала-шағаны кім асырайды, қалай күн көреміз, балаларды әкесіз қалай өсіремін» деген үрей басым. Биыл 8 айдың қорытынды­сы бойынша елордада отбасы тұрмыстық салада 44 қылмыс жасалды. Бұл сан былтырмен са­лыстырғанда 26 пайызға ұлғайға­нын көрсетеді. Мысалы, осы 8 айда 5 300-ге жуық қорғау нұсқа­масы шығарылып, 2 600-ден ас­там тиран әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды. Дегенмен от­ба­сындағы кикілжіңге көз жұ­мып, зорлыққа көніп жүргендер көп, – дейді Гүлмира Тілеуғали­қызы.
Сотталғандар үшін жасалған қадам
Заңгер Айман Омарова жауап­кершіліктің жаңа тәсілі тиімсіз екенін жеткізді. Себебі, бұл тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың түбіне үңілу емес, болған іске жаза беру ғана. «Құқықбұзушы­лық­тың астарында не барына үңілу керек. Бізге қазір сонымен күресу керек. Екіншіден, 15-20 тәулікке, тіпті одан көп уақытқа қоғамдық жұмысқа тартылса да, олар өздерін «жазаланып жатыр­мыз» деп ойламайды. Меніңше, бұл жаза да тым жеңіл. Сол үшін бұл айтарлықтай нәтиже бер­мейді», – дейді заңгер.
Сондай-ақ Айман Омарова министрліктің бұл ұсынысы тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықты азайтуды емес, сотталғандардың санын көбейтпеу үшін жасалған қадам деп санайды. Өйткені, жауап­кершілікке тартылған­дар­дың әрбір екіншісі – әйеліне жәбір көрсеткендер.
– Бүгін ғана Жауғаштыдан келе жатырмын. Сол жердегі Баян Кенганова деген әйелдің бүкіл өмірі зорлық-зомбылықпен өткен. Бірақ әйелін тепкінің ас­тына алған еркектің қолына кісен салынбаған. Соңғы рет күйеуі әдеттегідей әйелін көкала қойдай сабап, үсті-басын пышақпен ті­лімдеген. Сол кезде әйел адаммен алысып жатқанда пышақ күйеуіне тиіп қайтыс болады. Қасақана өлтірмеген, өзін қорғау үшін абай­сызда күйеуін өлтіріп алған бес баласы бар сол әйел түрмеге қамалды. Сот үкімі шыққанда бір баласы омырауда еді. Қазір өзі түрмеде, төрт баласы Бағанашыл­дағы балалар үйінде, ең кішкен­тайы сәбилер үйінде жатыр. Қазір өз-өзін қорғау үшін әйелдер небір аянышты жағдайға барады. Полицияға сенім жоқ. Баян Кен­ганованың ісін қараған тергеу­шілер – ер адам, сот шешімін шы­­ғарған да – ер адам. Олар қай­­тыс болған ер адамның құқы­ғын қорғап, әйелдің қорғану ба­ры­сында абайсызда жасаған ісін алдыға тартпастан 8 жылға соттап жіберген. Бұл біздегі құқықбұзу­шылыққа жеңіл санат­ты белгілеу арқылы, ауыр және аса ауыр қылмыстың артуына алып келіп отырғанын көрсетеді, – дейді заңгер.
Сондықтан ол «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» дегеннің өзі қайта қаралғаны дұрыс дегенді айтады. Өйткені жеңіл деп са­наған құқықбұзушылық күндер­дің күнінде екі тарапты ауыр қыл­мысқа апаруы мүмкін. Екін­шіден, мектептен бастап бала­ларға өз құқықтарын айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы кеңінен түсіндіру жұмысы жүргізілгені жөн. Айман Омаро­ваның айтуын­ша, әйелдердің таяқ жеп жатса да күйеуінен кете алмауына барар жері, басар тауы жоқтығы себеп болады екен. Сол үшін заңгер қыз балалар шаңырақ құрып, балалы болуға жоспарлы түрде барғаны дұрыс деп санайды. Сол үшін қыздардың 9-сыныптан бастап кәсіби білім алуын мін­деттеп, мамандығы бар деген бір жапырақ қағазын қоса алып шығуына мүм­кіндік берілгені жөн-ақ.