Ауыл шаруашылығы алға жылжуда
Ауыл шаруашылығы алға жылжуда
Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруа­шылығының маңызы зор. Сол сияқты агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізу қауіпсіздікті нығайту жолындағы шешуші қадам саналады. Цифрлық трансформация саладағы көптеген проблеманың шешімін табуға көмектесері даусыз. Ең маңызды мәселелер қатарында су тапшылығын жою, тұқым қорын жетілдіру, метеоболжамдардың дәлдігі, нақты циклдық ре­жимге сүйенген жұмыс тәртібін қалыптастыру бар. Бұл тұста еліміздің ауыл шаруашылығы ақсап жатқан жоқ. Ғарыштан басқарудың бәсі жоғары Жалпы, Қазақстанның аграрлық секторына арналған жердің жалпы аумағы – 222,6 млн гектар. Оның ішінде 24 млн гектар (10,8 %) – егістік, 5 млн гектар (2,2 %) – шабындық, 189 млн гектар (85 %) – жайылым жер. Әсіресе, егіншілік саласы қатал климатқа сәйкес экономиканың қауіп-қатері жоғары санатқа жатады. Сондықтан Қазақстан «жерді дәлме-дәл пайдалану технологиясына» көшуі жөн. Ол тек цифрландыру нәтижесінде мүмкін болмақ. Яғни, GPS-навигация мен дрондарды және электронды карталарды жаппай пайдаланған абзал. Мәселен, дәстүрлі жер пайдалануда сараптама жасауға 75 гектар аумақтан бір-ақ рет топырақ алынатын болса, «дәлме-дәл» тәсілде әрбір гектар жердің топырағы зерттеуге алынады. Сөйтіп, алқаптың жағдайына жөнді баға беріледі. Оған қанша көлемде және қандай тыңайтқыш қосу қажеттігі және қандай тәсілмен өңдеу керегі анықталады. Көптеген жұмыс жасанды интеллект көмегімен жүргізілетіндіктен, адамның жұмысы аз болады. Әрі компьютер бір мезгілде өте көп ақпаратты өңдеп, уақыт шығындамайды. Бүгінде еліміз пилотты жобалардың жемісін көріп отыр. Оның аясында Қазақстанның 9 шаруа қожалығы «дәлме-дәл» тәсілді енгізіп, жаңа технологиямен жақсы өнім алуда. Цифрландырудың алғашқы кезеңінде егіншілер мүлтіксіз жер жыртудың арқасында 2,5 есе көп астық алды. Ал шығын 20 пайызға қысқарған. Жоба аясында «техниканы айдаудың параллельді жүйесі» енгізілуде. GPS арқылы дәлме-дәл треакториямен жер жыртқан егіншілер, одан кейін дән егуде де жаңылмай себеді. Ал ең жауапты кезең – егін орағы кезінде бұл жүйенің берер пайдасы орасан. Ғарыштан спутниктік байланыспен басқарылған техникалармен егінді егуде де, жинауда да басы артық бос жер қалмайды. Сарапшылар жерді игерудің мұндай мүлтіксіз технологиясының болашағы зор деп бағалайды. Өйткені «параллельді айдау жүйесі» шетелдерде үлкен тиімділігін дәлелдеп отыр. Бұл тұста өзгеріс тек материалдық-технологиялық базаны ғана қамтып қоймай, кадр саясатына да бетбұрыс әкелмек. Агроөнеркәсіпте Big Data, DataScience, математика, аналитика, робототехника, жасанды интеллект саласында мамандар пайда болады. Цифрландырудың үштағаны Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданысқа енгізілген ақпараттық технологиялардың сипатына қарай цифрландыру жұмыстарын үш деңгейде жүргізуді қарастырды: базалық, озық және цифрлық фермалар. Базалық – шаруашылығын бұрынғысынша жүргізетіндер. Оларда жаңа технологиядан алқаптардың электронды карточкасы мен топырақ талдамасы ғана қолданылады. Озық фермалар – ішінара автоматтандырылған шаруашылықтар. Ал цифрлық фермалар – адам күші түгел алынып тасталған, жаңа құралдар мен технологиялар есебінен жұмыс істейтін өндіріс орындары. Бүгінде Қазақстанда 20-дан астам цифрлық және 170-тей озық ферма бар. Цифрландыру процесі аяқталатын 2023 жылға дейін тағы 20-дан астам цифрлық ферма, төрт мыңнан астам озық ферма құрылады деп жоспарланған. Әзірге еліміздегі егістік алқаптар 100 пайыз цифрландырылған. Электронды картасы жасалған аумақ 24 млн гектарды құрайды. Жайылым жерлер де біртіндеп цифрландырылуда. Мал шаруашылығына жаңа технологиялар енгізілетін болса, мал санын нақты көбейту мен бағу да автоматтандырылатын болады. Демек, мал иесі үйінде отырып-ақ төрт түлігі қайда жайылып жүргенін ұялы телефоннан көреді. Қалай десек те, ауыл шаруашылығы саласының жыл сайын алға жылжып, даму жолына түскені аңғарылады.