Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты үшінші сот отырысында жауап алынған куәгер облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Жәнібек Аманиязов параның Бақытгүл Хаменованың қолына жеткізілмегенін мәлімдеді. Atpress.kz-тің жазуынша, бұл туралы куәгер Жәнібек Аманиязов прокурор Лаура Асанова тарапынан қойылған сауалдарға жауап беру кезінде айтқан.
"2021 жылдың 10 желтоқсаны күні Ақылбек Рысқалиев түске дейін телефон соғып, іште болуымды тапсырды. Ол жұмысыма кешкі сағат беске жақын келді. Кабинеттегі бейнекамераға қарап біраз тұрды, жұмысқа қатысты түрлі сұрақ қойды. Сосын қол сөмкесінің ішінен бір пакетті алып, оны облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Бақытгүл Хаменоваға апарып беруімді сұрады. Мен "Бақытгүл Қайыржанқызына ма?" деп сұрағанымда, ол "иә" деп нақтылады. Одан соң Ақылбек Рысқалиевты шығарып салмақ болып төменгі қатарға түстім. Сыртқа шыға бере алдымнан сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің жігіттері шығып мені кабинетіме алып келді. Сөйтіп, маған тінту жүргізді. Кейін білгенімдей, әлгі пакетте 2,5 млн теңге ақша бар болып шықты. Көз алдымда пакеттің ішінен ақшаны шығарғанда, "бұл арандату" деп айтқаным рас", – деп мәлімдеді Жәнібек Аманиязов.
Баян Жанұзақова