Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады
184
оқылды
Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады, – деп хабарлады akorda.kz. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 14-15 қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық туралы мәлімет берілді. Парламент Сенатының Төрағасы, Съезд хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев дінаралық форумға 50-ден аса елден 100-ден астам делегация келетінін жеткізді. Аталған жиынға Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да діндер көшбасшылары қатысады деп жоспарланып отыр. Сенат Төрағасының айтуынша, алдағы іс-шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр. 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен. Съезд аясында Декларация қабылданбақ. Бұл қорытынды құжат форумға қатысушылардың өркениетаралық және конфессияаралық, сондай-ақ жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне деген ұстанымын білдіреді. Президент қазіргі жағдайда Съезд өткізудің маңызы жоғары екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық диалог мәдениетін ілгерілету қажеттігін және Қазақстанның осы үдеріске қатысуы маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысына Сенаттың алдағы уақытқа арналған жұмыс жоспары баяндалды.