137 түлек грантынан айырылды
137 түлек грантынан айырылды
752
оқылды
Биыл ҰБТ-ны 154 мың қазақстандық тапсырды. Емтихан қорытындылары шығарылғанымен, Ұлттық тестілеу орта­лығында бейнежазбаларды тексеру әлі де жалғасып жатыр. Ұлттық тестілеу орталығының ди­рек­торы Руслан Емелбаев бейне­жазбаларды қарап шыққаннан кейін 153 тест тапсырушының нәтижесі жойылғанын, оның 137-сі білім грантының иегерлері екенін айтты.
«Біз қазірдің өзінде тиісті шара­лар қабылдадық және олардың грант туралы куәліктері жарамсыз деп танылды», – деді ол.
Сонымен қатар орталық бас­шы­сы атап өткендей, аталған фактілер бойынша қызметкерлерге қатысты қызметтік тексерулер жүргізіліп жа­тыр.
«Биыл 327 түлек тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқандықтан, ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Ережелерді бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 322 адам шы­ғарылды», – деді Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, биыл түлектердің 33 пайызы ҰБТ-да шекті балды жинай алмады. Орташа нәтиже – 66 балл, ал ең жоғары көрсеткіш – 139 балл. Ең төмен нәтижені Маңғыстау, Түркістан және Атырау облыстары көрсетті.