Биыл ҰБТ-ны 154 мың қазақстандық тапсырды. Емтихан қорытындылары шығарылғанымен, Ұлттық тестілеу орталығында бейнежазбаларды тексеру әлі де жалғасып жатыр. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев бейнежазбаларды қарап шыққаннан кейін 153 тест тапсырушының нәтижесі жойылғанын, оның 137-сі білім грантының иегерлері екенін айтты.
«Біз қазірдің өзінде тиісті шаралар қабылдадық және олардың грант туралы куәліктері жарамсыз деп танылды», – деді ол.Сонымен қатар орталық басшысы атап өткендей, аталған фактілер бойынша қызметкерлерге қатысты қызметтік тексерулер жүргізіліп жатыр.
«Биыл 327 түлек тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқандықтан, ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Ережелерді бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 322 адам шығарылды», – деді Руслан Емелбаев.Айта кетейік, биыл түлектердің 33 пайызы ҰБТ-да шекті балды жинай алмады. Орташа нәтиже – 66 балл, ал ең жоғары көрсеткіш – 139 балл. Ең төмен нәтижені Маңғыстау, Түркістан және Атырау облыстары көрсетті.