Жаһандық конструктивті диалог алаңы
Жаһандық конструктивті диалог алаңы
391
оқылды
Елімізде VII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне дайындық қызу жүріп жатыр. Биылғы жиынның ерекшелігі – оның алмағайып уақытта өтіп жатқанында және күрделі кезеңдегі ахуалға қарамастан оған келуге ниет білдірген қонақтар құрамының ерекшелігінде. Олардың қатарында Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб, Түркия дін істері басқармасы төрағасының орынбасары, доктор Селим Аргун, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллахшукюр Паша-Заде және тағы басқалар бар. Бұл шиеленісті шақта Қазақстанның жаһандық ауқымдағы конструктивті диалог алаңына айнала алғанын білдіреді. Келісім мен қауіпсіздік – ортақ міндет Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының VII съезі 14-15 қыркүйек күндері елордада өтеді. Оған 50-ден аса елден 100-ден астам делегация келмек. Олардың арасында белді-белді діни тұлғалар да бар. Сондай-ақ дінаралық форум әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының да үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Оны жария ету мақсатында 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен. Бұл туралы кеше Мемлекет басшысы, съезд Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Парламент Сенатының Төра­ға­сы, съезд Хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев баяндады. Бұл кездесуді алдағы жаһандық ауқымдағы жиынның дайындығына қойылған түйін деп бағалауға болады. Қабылдауда хабарлан­ғандай, съезд аясында Декларация қабылданбақ. Бұл қорытынды құжат форумға қатысушылардың өркениетаралық және конфессияаралық, сондай-ақ жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне деген ұстанымын білдіреді. Президент қазіргі жағдайда съезд өткізудің маңызы жоғары екеніне тоқталып, жаһандық диалог мәдениетін ілгерілету қажеттігін және Қазақстанның осы үдеріске қатысуы маңыз­ды екенін атап өтті. Расында да, қазіргідей күрделі кезеңде әлемге және біздің өңірімізге ең бірінші кезекте тыныштық, тұрақтылық пен береке-бірлік ауадай қажет. Діндердің негізгі миссиясы да осы құндылықтарға қол жеткізу, оларды кеңінен тарату. Сондықтан алда өтетін Дін лидерлерінің съезін Қазақстанның әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесі, татулық үндеуі деп бағалауға толық негіз бар. Осы тұр­ғыда съезд Хатшылығының Басшысы ретінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың діни форумды өткізудің бас­тауында тұрғанын атап өткен жөн. Дін лидерлерінің съезін шақыру Қазақстанның әлемде бейбітшілік орнатуға қатысты күш-жігерді біріктіруге деген ұмтылысынан туындайды. Өйткені жаһандық келісім мен қауіпсіздік – ортақ міндет. Осынау тарихи миссияны тілге тиек еткен Парламент Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев әлемдік қоғамдастықтың форумға деген қызығу­шылығының артуы қазақстандық сыртқы саясаттың қажеттілігі мен тиімділігін баса көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Алғашқы съезд 2003 жылы өткізілді. Оған 17 діни ұйымның, оның ішінде әлемдік діндердің лидерлері мен өкілдері келді. Содан бері арада 20 жыл және 6 съезд өтті. Әр съезд әлемге диалог мәдениетін тарату, өзара түсіністікті арттыру, әлемдік және дәстүрлі діндерді жақындастыру, рухани көшбасшы­лардың адамзат дамуының өзекті проблема­лары бойынша бірыңғай ұстанымын әзірлеу тұрғысынан маңызды рөл атқарды. Осы жылдар ішінде сыртқы сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеу және әлемдік діндер арасында өзара іс-қимыл үрдісі кеңінен байқалды. Сонымен қатар соңғы жылдары рухани көшбасшылар ымыралы шешімдер мен ынтымақтастықтың ортақ платформасын іздеудің үлгісін көрсетіп келеді. Осы ретте форум мәдениеттер мен өркениеттер арасында көпір қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл – Қазақстанның негізгі тарихи миссия­ларының бірі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Съезд Хатшылығының меңгерушісі алдағы форумның бірегейлігіне жоғары баға беріп отыр. Дін лидерлерінің қатысуы тұрғы­сынан VII съездің мәртебесі биік болмақ. Биылғы форумға съезд тарихында алғаш рет Рим Папасы қатысады. Жоғары мәртебелі меймандардың қатарында әл-Азхардың Бас имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, иудаизм мен буддизмнің лидерлері, даосизм, синтоизм және басқа діндердің өкілдері бар. Бұл тұрғыда мүфтият өкілдері де алдағы жиынға үлкен дайындық жасауда.
«Съезд Ислам дінін қорғайтын негізгі халықаралық алаңдардың біріне айналды десек қателеспейміз. Көпшілікке белгілі, әлемде асыл дінімізді терроризммен байла­ныс­тыру әрекеті тоқтаған емес. Аталған шара қолға алынғалы бері жиынға қатысушылар дін атын жамылып жасалатын экстремизм мен терроризм әрекеттерін айыптап келеді. Барлық дін лидерлері бұл мәселеде бірлесе әрекет ету туралы келісімге келіп, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сондықтан бұл – мұсылман әлемі үшін, халқының дені мұсыл­ман еліміз үшін аса қажет алаң. Осы мәсе­ле үнемі айтылып жүргенімен, оған жоғары деңгейде жүйелі назар аударылып жатқан жоқ. Съезд сол олқылықтың орнын толтырып келеді. Пандемиядан кейін рухани болмыс­тың маңыздылығы қайтадан назарға алына бастады. Съезд әрдайым қоғамның мораль­дық рухани негіздерін нығайту бойынша маңызды ұсыныстар беріп келеді. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта құру мәселелері төңірегінде де пікір алмасулар болғаны белгілі. Бұл мәселелер биылғы съез­де де көтерілуде. Рухани, моральдық құнды­лықтар құлдыраған заманда мұндай талқы­лаулар бізге өте қажет», – деді ҚМДБ Төраға­сы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жетінші съезд кезінде әлемнің көптеген елі мен әлеуметтік топтар үшін өзекті мәселелер көтерілмек. Атап айтқанда, радикализмді, сенімсіздікті, ксенофобияны еңсеру жолында білім беру мен діни ағартуды дамытуға, әр діннің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді қозғайтын секциялық отырыстар болмақ. Секциялық отырыста әйелдердің отбасы мен қоғамдағы мәртебесін нығайтудағы қазіргі діни ұйымдардың рөлі туралы мәселе де сөз етілмек. Сондықтан бұл съезден әлемдік қоғамдастық, әлемдік БАҚ үлкен үміт күтіп отыр.
«Сол кезде қабылданатын қорытынды құжат – VII съезд декларациясы съезд жұмы­сы­ның нәтижесі болмақ. Онда әлемдік діндер лидерлері неғұрлым көкейкесті әлемдік проблемаларды шешудің маңыздылығы туралы өз пікірлерін білдіреді. Олардың ішін­де геосаяси шиеленістер мен қақтығыстарға байланысты түйткілдер, әлеуметтік проблема­лар және басқа да мәселелер бар. Декларация БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде таратылады. Осылайша, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өркениетаралық диалогті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті, елдер арасындағы ынты­мақтастықты нығайтуға маңызды үлес қоса­ды. Сондай-ақ жалпы әлемдік проблемаларды еңсеруге жол ашады», – деді Мәулен Әшім­баев.
Форум жұмысына рухани лидерлермен бірге БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, Дүниежүзілік ислам лигасы және басқа да халықаралық ұйымдардың басшы­лары қатысады.