Көмір үшін дүрбелең Көкшетауда биыл тағы басталды. Қыста жылы отырудың қамын ойлаған жұрт жер қара, күн жылыда отын-көмірін қамдап алғанды құп көреді. Өйткені қара күздің суығында көмірдің бағасы қымбаттағанымен қоса, жұрт қара отынды таппай әуреге түседі. Алайда тамыз бен қыркүйектің өзінде қаланың көмір тұйықтарындағы қара алтын қасқалдақтың қанынан қат болып тұр. Көмір түсірген вагондар арада санаулы уақыт өтпей таусылып тынады. Әсіресе, жылдам жанатын әрі қызуы мықты Шұбаркөл көмірі қазірдің өзінде жетпей жатыр... Ресми статистикалық деректерге сенсек, Қазақстан тек биылғы жарты жылдың өзінде ғана 457,4 миллион доллар көлемінде 16,4 миллион тонна көмірді сыртқа экспорттаған. Оны шетелге шығару 21 пайызға дейін ұлғайғаны анықталған. Тас көмірдің көбірек бөлігі, яғни 156,2 миллион долларға тең 10,9 миллион тоннасы ТМД елдеріне жөнелтілген. Түйінді мәселе тиісті министрліктер тарапынан әлі де шешімін таппаған сияқты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы күндері көмір мәселесі Үкімет отырысында тағы да талқыға салынбақ. Тиісті министрліктер мен әкімдіктер тапшылықтың болмайтынын айтып уәдесін үйіп-төккенімен жергілікті өңірлерде көмір тапшылығы биыл да қайталанатын сияқты. Түйінді мәселе билік тарапынан шешімін таппаған соң жұрт арасында наразылық та жиі айтыла бастады. Көкшетауда да көмір таппай зар илеген жұрт тұйықтарға вагон келген күндері ұзын-сонар кезекте кемі 70-80 көліктің тұратынын айтады. Ал кезек күтіп бірнеше күн көлікте түнегендер көмірдің соңғыларына жетпей де қалатынын жеткізді. Мұнымен қоса, қаланың ішінде көмірді жеткізу құны 20 мың теңгеге жетіп, көмірдің құнынан да асып жығылған. Жергілікті билік тарапынан бақылаудың болмағанына налыған жұрттың өкпесі қара қазандай. Тасымалдау құны – 20 мың теңге!
«Биліктің құрғақ уәдесіне тойып болдық. Қала әкімдігі биыл көмір тапшылығы болмайды деп уәдесін берген. Алайда көмір жаздың өзінде жоқ болды. Қазір де жоқ. Аптасына бір рет жеткізілген екі вагон көмір тұтас қала үшін не болмақ? Жұғын да болмайды ғой. Билік көмір жеткілікті деп талай айтты. Ал шын мәнінде, тұйықтарда көмір жоқ. Әсіресе, Шұбаркөл көмірі мүлде жоқ. Жеткізу осындай болып тұрғанда көмір мүлде жоқ деп те айтуға болады. Ұзын-сонар кезектің соңында тұрғандар келіп тұрған көмірді ала алмай қалады. Мұнымен қоса, көмір жеткізетін жүк көліктерінің бағасы да қымбаттап кеткен. Жеткізу құны 15 мыңнан 20 мыңға дейін шарықтап кетті. Оны бақылауға алып жатқан да ешкім жоқ», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Дархан Боқанов.Мәселені қала әкімдігінен де сұрап көрдік. Жергілікті билік көмірдің қанша көлемде жеткізілетініне қатысы жоқ екенін айтып ат-тондарын ала қашты.
«Біз көмір бағасына еш әсер ете алмаймыз. Бизнеске араласпауға мораторий жарияланған. Ал көмірді жеткізу мәселесімен Индустрия министрлігі айналысады. Біз тек тұйықтардан берілген мәліметтер бойынша қанша көмір қоры бар екенін ғана айта аламыз. Бизнес өкілдері бағаны қалай қоятынына біз араласа алмаймыз. Көмірдің бағасы мен көлікте тасымалдау құны бойынша тұрғындар прокуратураға арыз бере алады», – дейді Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әбдірахманова.Шұбаркөл көмірі түскен күні сатылып кетеді Көкшетау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, Көкшетау қаласында Шұбаркөл көмірі «Уголь KZ» ЖШС мен «Касымов» және «Калипса» жеке кәсіпкерліктерінде сатылады.
«Бүгінгі күнге көмір тұйықтарында 1250 тонна Шұбаркөл, 2400 тонна Қаражыра, 700 тонна Майкүбі көмірлері бар. «Қасымов» жеке кәсіпкерлігіне күніне 260 тоннадан көмір түседі. «Уголь KZ» ЖШС тұйығына да аптасына 2-3 мәрте көмір вагондары жеткізіледі. Қазір көбірек сұранысқа ие Шұбаркөл көмірі 13700-13850 теңге аралығында сатылып жатыр. Алайда көмір сатушы кәсіпорындардың мәліметінше, Шұбаркөл көмірі түскен күні бірден сатылып кетеді. Қаланың көмір тұйықтарында сондай-ақ көп мөлшерде Қаражыра және Майкүбі көмірі бар», – дейді Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімі.Ал жақында Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен келіп халықпен кездескен Энергетика министрі Болат Ақшолақовқа халық сұрақты қарша боратқан. Әсіресе, тұрғындарды газ, жылу электр стансасын Көкшетауға салу, газдандырудың қашан жүзеге асатыны мазалады. Соның ішінде көмір мәселесі де министрге тікелей қойылды. Алайда министр бұл сұрақ басқа министрлікке байланысты екенін айтып шықты.
«Бұл сұрақпен жергілікті билік, яғни әкімдік пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп айналысады. Көмірді тасымалдау және экспорттау Индустрия министрлігіне қатысты. Жылжымалы құрам мен вагондарға байланысты сұрақ та жоғарыдағы министрлік жауап береді. Бұл сауалды мен өз әріптестеріме жеткіземін», – деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.P.S.
Сонымен, елдің қай аймағында болмасын көмір әсіресе Шұбаркөл көмірінің тапшылығы қарапайым жұртты жыл сайын титықтатып тұр. Алайда экспортқа кететін көмірдің үлесі соңғы жылдары бірде-бір мәрте кемімеген. Үкімет алдағы отырысында аталған мәселеге назар аударып, алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуді қолға алар деген үміттеміз...
Ақмола облысы