Неге кейбір парфюмдер қанша танымал болғанымен, бізді тартпайды? Иіссуына қарап, адамды тануға бола ма? Бутиктегі иіс брендтің өтімділігіне қалай әсер етеді? Осы және басқа да дүниелер жөнінде парфюмер, аромамаркетолог Айнұр Кубекпен әңгімелескен едік.
– Айнұр, парфюмерия саласына қалай келдіңіз? Әңгімемізді содан бастайық.
– Бұрыннан иістерге, әсіресе үйге арналған жұпарларға қызығатынмын. 2017 жылы аромапсихология саласына ден қоя бастадым. Аромапсихология – иістердің адам психикасына, эмоцияларына, танымдық және интеллектуалдық қабілеттеріне, жұмыс өнімділігіне әсерін зерттейтін ғылым саласы. Кейінірек ароматерапиямен медициналық білімі бар адам айналысқаны жөн шығар деп санап, мен эстетика жағын, яғни парфюмерияны таңдадым. Францияның әйгілі Guerlain, Givaudan, Grasse парфюмерлік институттарын бітірген ресейлік аромапсихологтар мен парфюмерлердің курстарын оқыдым. Бүгінде Givaudan, IFF, Firmenich сияқты компаниялардың парфюмерлік шикізаттарын пайдаланып, жекелеген адамдарға иіссу дайындаумен айналысамын. Одан бөлек, әртүрлі брендтердің иісін жасайтын аромамаркетологпын.
– Жұмысыңыз сондай қызықты сияқты. Онда әуелі парфюм туралы сөйлесейік. Оны дайындау процесін айтып беріңізші.
– Әр парфюмердің палитрасы болады, онда жоғары, орта және негізгі нотаның әртүрлі иістері бар. Жоғары нота деп отырғанымыз – иіссудан алғашқы 20 минутта шығатын иістер. Оған әдетте цитрус сияқты жеңіл иістерді аламыз. Ал ортаңғы нотадағы иісті парфюмның «жүрегі», «ядросы» деуге болады. Ол манағы жоғары нота ұшып кеткен соң, шамамен 2 сағат бойы шығатын жұпар. Бұл нотада көбіне гүл, жеміс, сүрек иістері қолданылады. Ал негіз ретінде сол парфюмнің ұзағырақ сақталуына көмектесетін иістер пайдаланылады. Оған, мысалы, амбра, мускус сияқты ауыр иістерді жатқызамыз. Клиент әр нотадан өзіне ұнаған иістерді таңдаған соң, менің жұмысым басталады. Негізі, парфюм жасаудың нақты бір формуласы жоқ. Істің қиындығы да, қызығы да осында. Дайын формула я шаблон болса, екінің бірі парфюмер болып кетуші еді ғой. Мен әлгі иістерді өзара қосып, әрқайсысының мөлшерін процесс барысында бірде кемітіп, бірде қосып, ең соңында жаңа иіс әзірлеп шығарамын.
– Парфюм жасау үшін қандай шикізат керек?
– Жоғарыда атап кеткен компаниялар әлемдегі барлық парфюмерді синтетикалық шикізатпен қамтамасыз етіп келеді. Олардың сапасын International Fragrance Association – IFRA деген ұйым бақылап отырады. Яғни олардың құрамында тыйым салынған элементтер жоқ па, мөлшері дұрыс па, адамға қауіпсіз бе – осы мәселелерге өте сақ қарайды. Неге синтетикалық десеңіз, бүгінде технология кез келген табиғи иістің аналогын жасауды меңгерді. Мысалы, сіз бұрын адамдардың амбраны неден алғанын білесіз бе? Киттердің қайраңға шығып қалған экскременттерінен. Сол сияқты, мускусты бұғылардың секрециялық бөлінділерінен жинаған. Бұл иістерде адамда жануар инстинктін оятатын жабайы бір күш бар, ертеректегі парфюмерлер сол үшін қызыққан. Қазір оны алу үшін бұғы мен киттерді өлтірмейміз, бәрін синтетикалық жолмен жасайды.
– Парфюмнің сапалылығын неден білуге болады?
– Иістің қаншалықты ұзақ сақталатынынан дер едім. Негізгі нотаның элементтері әлсіздеу немесе жеткіліксіз мөлшерде болса, иіс ұзақ сақталмайды. Мұны әсіресе көшірме парфюмдерден байқауға болады. Бір иіскегенде, иісі айна-қатесіз түпнұсқа иіссудағыдай болып тұрғанымен, шамалы уақыттан соң оның ізі де қалмай ұшып кетеді.
– Неге нишалық парфюмдердің бағасы аспандап тұрады? Мәселен, маған ұнаған Tom Ford-тың 30 мл болатын иіссуі 100 мың теңгенің үстінде екен. Олардың люкс сегменттегі иіссулардан айырмашылығы қандай?
– Люкс сегменттегі иіссуларға Channel, Dior, Lancome тәрізді танымал брендтердің өнімдерін жатқызамыз. Олар иіссуды қалай жасайды? Бір парфюмерді жалдап, оған иіссудің концептісін, негізгі аудиторияны түсіндіреді. Парфюмер әлгі ережелерді ескере отырып, парфюм жасап шығарады. Содан соң әлгі компания сол иістің образын құрастыруға бір селебритиді жалдайды. Көп мөлшерде нарыққа жіберетіндіктен, құрамын да тек синтетикалық, аса қымбат емес шикізаттардан әзірлейді. Яғни ақшаны иіссудың құрамына емес, көбіне жарнамаға салады. Ал Tom Ford, Montale, Creed сияқты нишалық иіссуларды парфюмер ешкімнің тапсырысынсыз, өз шығармашылығына ерік бере отырып жасайды. Құрамына да сирек кездесетін, қымбат, табиғи шикізаттарды пайдаланады. Оның бағасының жоғары әрі үлкен сұраныста болатыны да сондықтан.