22 жастағы Аянгүл Сәбитова Атырау облыстық перинаталдық орталығында үшемді дүниеге әкелді. 8 қыркүйек күні өмірге келген нәрестелердің үшеуі де ұл. Сәбилердің екеуінің салмағы 1 келі 800 граммнан, үшінші сәбидің салмағы – 2 келі 200 грамм.
– Қазір ананың да, балалардың да жағдайы жақсы. Балалар анасының қасына шығарылды. Жас ана болған соң сәбилерді бағып, ем-дом жасауға арнайы медбикелер бекітілді. Қазіргі таңда олар ауруханада дәрігерлердің бақылауында, – деді орталықтың шала туған нәрестелер патологиясы, II кезең күту бөлімшесінің меңгерушісі Түрлен Бегеева.Жас ана жүктіліктің 34 аптасында Кесарево тілігі арқылы үшемді дүниеге әкелген. Шұғыл ота орталық директорының орынбасары, білікті акушер-гинеколог дәрігер Асқар Кенжеғалиевтің жетекшілігімен өтті. Атырау облысында жыл басынан бері 11 333 сәби дүниеге келген. Оның ішінде 114 егіз бала бар. Өткен жылдың 8 айында 109 егіз өмірге келген еді. Ал, үшем соңғы екі жылда тіркелген жоқ.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА