Мәжіліс депутаты дизель отынының 1 тоннасы 500 мың теңгеден сатылып жатқанын айтты – видео
Мәжіліс депутаты дизель отынының 1 тоннасы 500 мың теңгеден сатылып жатқанын айтты – видео
Фото: ult.kz
266
оқылды
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Бас прокурор Берік Асылов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа депутаттық сауал жолдады.   Саировтың айтуынша, көктемгі және күзгі егіс науқандарында жанар-жағармайдың тапшылығы мен бағасының күрт өсуі әдетке айналды. «Биыл да осы сорақы жағдайды бастап кешіп отырмыз. Дизель отыны тоннасы кей жерлерде 500 мың теңгеге жетіп отыр. Өзі қымбатшылықтан қиналып отырған халыққа, шаруа қожалықтары мен фермерлерге бұл «жығылған үстіне жұдырық» екендігі сөзсіз. Жанар-жағармайдың үздіксіз тапшылығы мен бағасының күрт өсуінің себебі ұйымдасқан картельді келісімдер, реваншисттік күштердің Мемлекет басшысының саясатына қасақана саботажында деген пікір бар. Мұнай өңдеу зауыттары мұнайды өңдеудің бағасын өсірмеген, соған қарамастан дизель отынының, бензиннің бағасы шарықтап кетті. Яғни, мұнай өңдеудің барлық циклін жіті тергеп-тексеру қажет. Олигархиялық ұйымдасқан топтардың құлқынына балта шабу – халық талабы. Осы орайда, Бас прокуратура мен агенттік бірлесе отырып:
  1. Атырау, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының мұнай өңдеу бағытын, жанар-жағармайды сатушыларды «ұйымдасқан карельдік келісу» фактілеріне тексеру жүргізу.
  2. Жанар-жағармайды сатушы компаниялардың дизель отыны, бензинге әдейі жетіспеушілігін ұйымдастыру мүмкіндігіне тергеу жүргізуді талап етеміз.
  3. Мұнайды өңдеуге берушілер мен мұнайды сатушылардың шеттен шыққан алыпсатарлық фактілері болса, олар заң алдында қатаң жауап берулері қажет.
Жанар-жағармай аясындағы баға саясаты ақылға сыйымды, әділетті, халыққа түсінікті болуы қажет», – деді Ерлан Саиров «AMANAT» партиясы фракция мүшелерінің атынан.   Бұған дейін Мәжіліс депутаты «Шарықтаған баға, жұмыссыздық... 8 айда ештеңе жасай алмаған Үкіметке енді өз басым сенбеймін» деген еді.