Кеңсай зиратындағы өрттен 60 молаға зақым келді
Кеңсай зиратындағы өрттен 60 молаға зақым келді
249
оқылды
Алматы қаласындағы «Кеңсай» шағын ауданында болған өрттен молаларға зиян келді. Бұл туралы Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазгидромет» мекемесінің дауылды ескертуіне сәйкес Алматы қаласының маңында төтенше өрт қаупі жағдайы сақталады. Осыған байланысты қаланың өрт сөндіру қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Күн сайын патрульдеу шарасы ұйымдастырылады. Барлығы 19 өрт сөндіру бөлімшесі және департаменттің жеке құрамының 100-ден астам маманы дайын», – деді Самат Асаинов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
ТЖД басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, осы күнге дейін жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлескен 190 рейд ұйымдастырылды.
«Рейд барысында өрт қауіпсіздігін сақтамаған 117 адам әкімшілік жазаға тартылды. Қазір біздің өңірде өрт қаупі жағдайы сақталып тұр. Өздеріңіз білетіндей, кеше тау бөктерінде 2 өрт шықты, яғни «Кеңсай» шағын ауданында 1 гектар құрғақ шөп жанды. Тілсіз жауды ауыздықтауға жел және аймақтың таулы болуы кедергі келтірді. Өрттің салдарынан «Кеңсай» зиратында 60 мола зардап шекті. Одан бөлек, Көктөбе маңынан да өрт шықты. Мамандар тілсіз жауды 1 сағаттың шамасында ауыздықтады», - дейді ол.
Сондай-ақ, спикер өрт салдарынан адам зардабы мен шығынының болмағанын айтты. Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы тау бөктерінде қураған шөп өртенгені туралы хабарлаған едік. Одан бөлек, Көктөбеде де өрт шыққан болатын.