Балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдердің жалақысы өседі
Балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдердің жалақысы өседі
©.tengrinews.kz
967
оқылды
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп пен колледж мұғалімдерінің, сонымен қатар қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы өседі. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы 2020 жылғы қаңтардан бастап жыл сайын 25%-ке артып, 2022 жылғы қаңтарда тағы 25%-ке өскен болатын. Осылайша мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында мұғалімдер жалақысының жыл сайын көтерілуі оң нәтиже беріп отыр. Мұғалім мамандығына мектепті үздік бітірген түлектер келе бастады. Талапкерлердің ҰБТ-дағы орташа балы айтарлықтай өсіп, педагогикалық мамандықтарға түсетін «Алтын белгі» иегерлерінің саны бірнеше есе көбейді. 2023 жылғы қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ке өседі. Сонымен қатар мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-тен 50%-ке дейін), магистр дәрежесі үшін, сабақтарды ағылшын тілінде жүргізгені, дәптерлерді тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлігі үшін қосымша төлемдер, – деді оқу-ағарту министрлігінің қаржы және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.
Айта кетейік, мұғалімдердің жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, жұмыс өтіліне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі. Сонымен қатар дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін ай сайын қосымша ақы төленеді.