Қазақтың Стасы болғым келеді
Қазақтың Стасы болғым келеді
851
оқылды
Залда жаттығу үстіндегі қатысушылардың арасынан бір жұп көзге ерекше түседі. Жолдасын қамқорлап, мүгедектер арбасында түрлі іс-қимыл жасауға көмектескен Әйгерім мен намысқа тырысып, өз күшіне сенуге тырысқан Жасұланға қарап, еріксіз сүйсінесің. «Мүгедектігі бар жандарды тиімді оңалту» жобасына алғашында қатысудан бас тартып, кейін болашақ нұсқаушы-реабилитолог мамандығын игерген Жасұлан Кабдулов пен оған үміт үзуге жол бермеген Әйгерімнің өмір жолы – көп адамға сабақ. Олар өмірді кері сүюді, жарақатты қабылдауды, жүрек жылуымен бөлісуді, жігерлендіруді, мойымауды үйретеді.  width= Өмірімді өзгерткен қас-қағым сәт Ж: Менің өмірім 2016 жылға дейін ешкімнен өзгеше болмады. Гараж жалға алып, СТО ашып, көлік жөндеумен айналыстым, үйлендім, екі бала сүйдім. Осылай өмір өз ретімен өтіп жатқан кезде қаланың ішінде жол апатына түсіп, күрделі жарақат алдым. Бел омыртқам сынды. Осы сәт өмірімді екіге бөлді, мен үшін қараңғы түнек басталды. Қолым мен аяғым толығымен жасамай қалды. Қазіргідей қозғалту мүмкін емес еді, тек иығым ғана қимылдайтын. Дәрігерлер қойған «шейная травма», яғни мойын омыртқасының жарақаты деген диагноз мен үшін өмірі естімеген, жаңа термин болды. Ота жасағаннан кейін мойныма арнайы корсет кигізді. Сол корсетті дәрігерлер 3 айға дейін шешпей тағу керек, қозғалмау керек деді. Осы менің ем алуымдағы үлкен қателік деп ойлаймын. Өйткені, кейін Украинада, Москвада реабилитацияға барғанда, дәрігерлер мүлдем қозғалыссыз жатып қалуға болмайтынын айтты. Бір апта жатқаннан кейін мойынды қозғалтуға көшуге болады екен, өйткені дененің «жады» болады, сол іс-қимылды ұмытпауы керек. мен болсам корсетпен жатып қалдым, одан коляскаға алты ай дегенде отырдым. Сол уақытқа аралығында денемнің жады қарапайым әрекетке дейін ұмытып қалған болып шықты.  width= Ә: Налитын жеріміз – емханадан шыққанда ақпараттың болмауы, әрі қарай не істеу керек, қалай емдеу керектігін білмедік. Ғаламторды бастан-аяқ шарлап іздегенмен, кәсіби мамандардан консультация алудың жөні бөлек қой. Жасұлан емханадан шығарын алдында бұрын оның денесінің әр жерінде қызыл жаралар пайда болды. Дәрігерлерден оның не екенін сұрасақ, «ол өзі сондай болатын жара, ештеңе етпейді» деген жауаппен ғана құтылды. Содан бірер күннен соң массажист ағай «қызым, мынау пролежень деп аталатын жара. Қанға түссе, гангрена болуы мүмкін. Өте қауіпті, емдеу керек» деген сөздерін естіп, кеңес берген дәрілерін алып, бірден емдеуге көштік. Адам ұзақ уақыт бір қалыпта жатып қалса, қысым түскен жерлерде сондай жаралар пайда болатынын білдік. Күнде обработка жасап, тексеріп, әрең дегенде кетірдік. Украинадағы дәрігерлер жерге жатқызыңдар деді. Шынымен, өзі жерде қалағанынша аунап, қан айналымы жақсара бастады. Дәрігерлердің «жата берсін, қозғамаңдар» деген ақылын тыңдадық. Солай көп қателік жасадық, көп жерде өз түйсігімізге сендік. Мысалы, Жасұлан ұзақ уақыт жатып қалғаннан бір қолының саусақтары жабысып қалды деуге болады. Соны көріп, қызымның қарындаштарын алып, бес саусағына бес қарындашты скотчпен байлап қойдым. Біраз уақыттан кейін Жасұлан: «Әйгерім, қолымды қарашы, көккіңбек болып кетті» деген дауысы шықты. Үй тірлігіне алаңдап, ұмытып кеткенбіз ғой. Қарасақ, қан ұйып, қолы көгеріп қалыпты. Бірақ сол қарындаштардан да көп көмек болды. Оларды байламағанда, саусақтары мүлдем жабысып қалар ма еді. Қазір қолын көтере алады, саусақтарын аша алады.   Ең бастысы үмітің үзілмесін Ә: Шыны керек, осы жобаға келмей тұрып, Жасұлан адамдардың көзіне көрінуден қашатын. Көшеге шыққанда бетіне маска тағып, бас киім киіп, шарфпен орап, біреу танып қалмаса екен деген оймен шығатын. Осы жобаға қатысқалы осы әдетінен арылды. Қазір ешкімнен қысылмайды, өзі де көшеге шығып, қыдырғысы келетін болды. Ж: Мен жарақат алғаннан кейін алғашында бөлмеме адам кіргізбейтін болдым. Қатты күйзеліске түстім. Массаж жасауға келетін реабилитологты бөлмеме кіргізгім келмей, кейде боқтап та жіберетінмін. Сол кезде маған түсіністікпен қарап, кешірімді болып, қайта-қайта келе берген Шолпан апаға алғысым шексіз. Жылына екі рет достарым үйден алып кетіп, апаратын бірең-сараң қонақтықтар болмаса, үйден тек ем алу мақсатында шығатын болдым. Былтыр Гүлназ (Гүлназ Қосмурзиева – «Біз де адамбыз» ҚҚ жетекшісі, Атырау облысы әкімінің мүгедек жандардың мәселесі бойынша кеңесшісі) Теңізшевройл компаниясы қаржылай қолдау көрсеткен «Мүгедек жандарды тиімді оңалту» жобасына шақырып, хабарласқан кезде жобаға пайдасыз деп қарадым, сенбедім. Қатысқым келмеді. Бірақ Әйгерім қоймастан барайық дегесін, көңілін қимадым. Бірақ алғашқы тренингтер мен үшін әсерлі болмады. Менің қырсық мінезім бар, шеркешпін ғой (күледі). Қажетті тақырыптарда лекциялар өткізсе де, психология мен мүгедектікке байланысты тақырыптар қозғалса да, сол мінезім басымдылық алып, қырсығып, жобаның алғашқы екі семинарына түнеріп, «через не хочу» келдім. Бірақ үшінші шара, былтыр қыста өткен Лагерьге қатысқанда, мойын омыртқасы жарақаты диагнозы бар Станислав Андриянов деген Беларусь елінен келген тренеріміз машинаға өзі отырды. Отырды дегенде машинаға денесін «лақтырды» да, жүргізушінің орнына ыңғайланып отырып алды. Осы көріністі көргенде, елең ете қалдым. Өйткені, мен болсам машинаға отыру үшін адам іздейтін болдым. Екі-үш адамның көмегіне сүйеніп қана машинаның ішіне кіре алатын болдым. Стасты көріп, мен де тырысамын деп шештім. Бәсекелестік секілді сезім пайда болды. Өмір бойы машина жөндегесін болар, машинаға жақынмын. Осыдан кейін көзқарасым өзгере бастады. Стас өзі арбамен жүреді, соған қарамастан елдерінде өздері «ручное управлениемен» көлік айдайды. Менде де сондай арман пайда болды.  width= Ә: Осы оқиғадан кейін біз АвтоЦОН-ға дейін барып, арнайы жүргізуші куәлігін алғымыз келді. Бірақ медосмотр кезінде «хватка» жоқ, өткізбеді. Алдағы уақытта осы да бір үлкен мотивация. Осы жерде мен Гүлназдың табандылығына риза болдым. Жасұлан бармаймын, қатыспаймын деп телефонды қойып тастаса да, Гүлназ кері хабарласып, ұрсып та, алдап та көндіріп алатын болды. Гүлназдың теріс айналмай, жолдасымның мінез көрсеткенін елемей, көмек қолын созғандығы мейірімділіктің нышаны болды біз үшін. Жобаға келгелі Жасұланда оң өзгерістер байқалады. Мысалы, имитатор деген аппарат бар, сол аппаратқа тұрғызу үшін басында төрт адам қажет ететін. Қазіргі жеткен жетістігіміздің бірі – имитаторға тұру үшін қазір менің ғана көмегім қажет. Яғни төрт көмекшіден бір көмекшіге көштік. Сонымен қатар,  өз-өзіне қызмет көрсетуді үйренді. Дәретханаға бұрын біреудің сүйемелдеуімен барса, қазір көмек қажет етпейді. Жобада жұмысқа орналасу туралы біліміміз кеңейді. Жұмыссыздық туралы анықтама алу керектігін, базаға тіркелу туралы ақпарат алдық. Қазір Жасұлан «Біз де адамбыз!» қоғамдық қорына жұмысқа кірді. 4 жыл 4 қабырғада тұрып үйреніп қалған адам үшін – бұл, әрине, жаңа маңызды кезең. Болашаққа жоспарымыз көп – соның бірі үйіміздің құрылысын аяқтау, балаларымызды аяққа тұрғызу.   Ж: Жобаға келгелі менде жаңа арман пайда болды. Қазақтың Стасы болғым келеді. Осындай күрделі жарақат алған жандарға дұрыс реабилитация жүргізіп, қатарға қосылуға көмектескім келеді.   Жақынның жылуы Ж: Авариядан кейін достарын електен өтеді. 100% достан 10-% қалды ма, қалмады ма? Қазір осы жобаға келгелі жаңа орта пайда болды, өзге қатысушылармен байланысып тұрамыз. Қазір кейде Әйгеріммен шығып кетіп, Жұмыскерде тұратын кіндік қызымызға да бара береміз. Украинада реабилитациялық орталыққа барар жолда екі трамвай жолы болған болатын. Сол жолдардың бәрінен өткеннен кейін өзіміздің жол не болыпты деп өзімізді жұбатып қоямыз. Осы жағдай менің өмірлік құндылықтарыма әсер етті. Жолдасым болмаса, мүмкін сынып қалар ма едім деп те ойлаймын. Нағыз жақындарымды қадірлеуді үйретті.  width= Ә: Ол кездерді еске алсам, бізге қиын түскені – анамыз да төсек тартып ауырып қалды. Қайын атамыз екеуміз сол кезде екі адамға ем жасап жүрдік. Атам маймен сипап, денесін уқалай береді әлі күнге дейін. Жарақаттан соң 3-4 жыл дегенде Жасұланның бір саусағы қимылдады - атам екеуміз балаша қуандық. Жан бар екен саусағында деп мәз болдық. Түнгі сағат 1-2 дейін барлық емін жасап, сосын барып жататынбыз. Одан бөлек жұмыс бар, кішкентай балдарымыз бар. Ең бірінші больницадан келгенде, қызымыз бесте болды. Жасұлан бір айдай больницада болып, емін алып шыққан кезде қызымыз «папалап» жүгіріп келгенде, папасын көріп, басқа бөлмеге білдіртпей шығып кетіп, жылап қалды. Мінезі әкесіне ұқсаған, көз жасын көрсетпеуге тырысады. Сол кезде де өзін ұстауға тырысты,  кейін қалыпты нәрседей қабылдап, үйреніп кетті. Қазір мен өзім алаңсыз жұмысқа кете аламын, өйткені мен жоқта қызым бар деген сеніммен шығамын үйден.   Қоғамның көзқарасы Ж: Біздің адамдардың түсінігі бойынша мүгедек жандар өзгелерге кедергі келтірмеу үшін, тыныш үйде отыру керек. Бір рет шаруаларыммен банкке бардым. Сол жерде кезекте тұрған бір апа менің кезексіз өтіп кеткеніме қарсы болып, «не бар сендерге, инвалидтерге, үйде жатпайсыңдар ма?» деп айқайлап жіберді. Сол сөздер, шыны керек, сүйектен өтті. Содан бері қаншалықты шаршап тұрсам да, ешкімнің алдына шықпаймын кезекте. Кезексіз өтуіме болатын болса да, соңына дейін шыдап, күтемін. Ә: Бұл жерде айтайын дегенім. Осы сөздерді үлкен әйел адам айтты. Біз ешкімнен аяушылық күтпейміз, тек түсіністік күтеміз. Коляскада таңертеңнен кеш батқанша жүру оңай емес. Ауруы ушығып кетуі мүмкін деген мәселе бар. Ж: Адам өз-өзін аямау керек. Қазақтың менталитетінде ауырған адамға мүсіркеп қарайды: «ауырып тұрсың ба, жата тұр, демала тұр» деген сияқты. Осы дұрыс емес. Адам өзін қамшылап, намысқа тырысу керек. Жарақат алғаннан кейінгі ызаға, қорқынышқа толы кезең маған керек болды. Сол уақыт мені шыңдады. Диагнозымды басында мойындамадым, одан қаштым, қабылдамадым. Бірақ соңында бір нәрсені айқын түсіндім – менің өміріме тек мен жауаптымын. Осы диагнозбен де жақсы өмір сүруге болады. Осы ойды барлық мүгедек жан ұстанып, белсенді өмір сүре бастаса, бізге деген көзқарас өзгереді.