Ақтөбеде 100 теңге үшін зейнеткер мен кондуктор төбелесті
Ақтөбеде 100 теңге үшін зейнеткер мен кондуктор төбелесті
Фото: Видеодан скриншот
329
оқылды

Ақтөбеде автобуста 100 теңге үшін зейнеткер мен кондуктор төбелесті.

AstanaTV-ның хабарлауынша, зейнеткер автобус кондукторы мені оңдырмай сабады деп отыр. Көпбалалы ана қазір полицияға арызданған, кондукторды жазалауды талап етіп отыр. 55 жастағы Райхан Мамилина 29 бағыттағы автобусқа таңертең отырған. Артқы есіктен түсетін уақытта ақшасын таба алмай қалып, кондукторға зейнеткерлік кітапшасын көрсетіп, 50 теңге беріпті. Бірақ кондуктор жолақысының толық құнын төлеуді талап етіп, автобустан түсірмей қойған.
Жәбірленуші Райхан Мамилина: «Түскеннен кейін ақшамды төледім. Бізге «пенсионный» 40 теңге. Ол әйел мені алдыға қарай сүйреді. Жұлқылап, түйгіштеп автобустың алдына қарай сүйреді. «Ішке алып кетемін. 150 теңге төлейсің!» деп ұрысып, киімнің бәрін жыртып тастады. Жемпір,  көйлек бәрін. Қолым барлығы мынадай көк болып көгіріп кетті», – дейді.
Зейнеткер автобустан түскен бойда полицияға арызданған. Дәрігерге қаралып, үстіндегі көгерген жерлерін көрсетіпті. Жәбір көрген тұрғын кондуктордың жазалануын талап етіп отыр. Бірақ басы дауға қалған кондуктор Райхан Құдабаева да өз құқын қорғамақ. Ол да полицияға қарсы арызданды.
Кондуктор Райхан Құдабаева: «Пенсионный синий книжканы маған көрсетіп 50 теңге берді. Мен жоқ олай болмайды деп айттым. Бізде автобус картамен жүреді, 150 теңге төлеңіз деп айттым. Жоқ, мен міне пенсионермін. Мен күнде осылай жүремін, ештеңе төлемеймін деп қашып бара жатқан соң, мен қолынан ұстап тоқтаттым. Мен сабаған жоқпын. Мен оны итеріп автобусқа кіргіздім. Ол қарсыласып, мені итеріп, қолымнан ұрды», – дейді.
Зейнеткерлер картамен есептескенде жолақысы қырық теңге екен. Бірақ қолма-қол ақшамен төлегенде зейнеткерде 150 теңге төлеуі тиіс екен. Сондықтан да болар «Автопарк» басшылығы өз қызметкерлерінің бұрын мұндай теріс қылығын көрмедік деп ақтап отыр. Олар кондукторға сөгіс жариялап, түсініктеме алған. «Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов: «Енді қазір кондуктор да өзінің құқығын қорғау мақсатында екі тарап бір-біріне қарсы арыз жазып отыр. Соған байланысты әзірге ескертумен кондукторды да , жүргізшіні де жұмыс істеуге қайта рұқсат бердік. Тергеу нәтижесіне сәйкес, біз әрі қарай қосымша шара қолданамыз», – дейді. Полиция әкімшілік іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындады.