Шығыс Қазақстанда өрт аумағы ұлғайып бара жатыр
Шығыс Қазақстанда өрт аумағы ұлғайып бара жатыр
Фото: ТЖД-нен алынды
742
оқылды
Шығыс Қазақстан облысында өртті сөндіре алмай жанталасып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Күршім ауданында өрт аумағы 1 300 гектарға жетті. Жақын орналасқан елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Өртті сөндіруге барлығы 270-ке жуық адам мен 34 техника жұмылдырылған.
«Алтай ауданы «Зырян» пен «Быков» орман шаруашылығын шарпыған қызыл жалынның жалпы ауданы 800 гектарға жетіп отыр. Суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы тартылған. Әуеден 12 тоннадан астам су төгілді. Бүгін өрт орнына Қорғаныс министрлігінің МИ-17 тікұшағы мен Семей қаласындағы №68303 әскери бөлімінің қызметкерлері көмекке келеді», – делінген ресми ақпаратта.
Бұдан бөлек, Катонқарағай ауданы Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде «Үлкен нарын» орман шаруашылығында бұта мен шөп жанып жатыр. Алдын ала дерек бойынша, оттың жалпы ауданы – 1 200 гектар. Тілсіз жаумен күреске 280-нен астам адам мен 24 техника тартылды. Өртеніп жатқан аймақта жедел штаб құрылды.