Таиландтағы 10 күн: қазақтар не үшін Пхукетке қызығады?

Таиланд

Бұл жақта 200 теңгеге тұтас бір ананасты жеп, 400 теңгеге мангоның шырынын ішіп, жып-жылы теңіздің суына шомылып, күнге қыздырынуға болады. Айналдырған мың теңгеге Сибас немесе Дорадо балығынан дәм татып, тағы сондай ақшаға теңіздің түрлі өнімін қуырып та, асып та жей аласыз. 5-6 шақырымға созылған бірнеше жағажайы мен қалың орманы бүкіл әлемнің туристерін бізге кел деп тұрғандай... Иә достар, біз Алматыдан 7 сағатта ұшып жететін Пхукет аралы жайында айтып тұрмыз.

Таиландтағы 10 күн: қазақтар не үшін Пхукетке қызығады?

Пхукет – оңтүстік шығыс Азиядағы ғажайып елдердің бірі Таиландқа тиесілі арал. Олай дейтініміз – мұнда бәрі арзан. Жеміс-жидек төгіліп тұр. Теңіз өнімдері мейрамханада да, жол бойындағы жылдам әзірлеп беретін шағын асханаларда да жетерлік. Ал қонақүйлердің бағасы сізді тіпті еліктірмей қоймайды.

Таиландтағы 10 күн: қазақтар не үшін Пхукетке қызығады?

Мәселен, 3-4 жұлдызды қонақүйдегі 2 кісілік жатын орынға сіз бір тәулік үшін 15 мың теңге төлейсіз. Бұл сомаға таңғы асыңыз да кіреді. 5 жұлдызды қонақүйлер 25 мың теңгеден жоғары. Қазақстандағы бағамен өздеріңіз-ақ салыстырып көріңіздер. Әлбетте мұндай баға наурыз бен қараша аралығында болады. Себебі бұл уақытта теңіз толқыны күшейіп, жиі жаңбыр жаууы мүмкін. Бірақ жұрт ойлағандай таңертеңнен кешке дейін жауын жаумайды. Тек 10-15 минут сіркіреп өтуі мүмкін. Біз тыныққан 10 күннің тек екеуінде бұлтты болды. Қалған уақытта күн шайдай ашылды.

Таиландтағы 10 күн: қазақтар не үшін Пхукетке қызығады?

Виза керек пе?

Таиландқа дәл қазір  бару қиындық тудырмайды. Алматыдан Пхукет аралдарына тікелей рейс орындалады. Air Astana аптасына үш рет, Airbus A321 LR ұшағымен үздіксіз қатынап тұр. Карантин шектеулері жеңілдеген. Екпе алсаңыз бұл елге емін-еркін кіре бересіз, болмаса ПЦР анықтамасы болса жеткілікті. Визаны әуежайға жеткенде рәсімдейсіз. 2 000 бат (жергілікті валюта) төлейсіз де, 15 күн демала бересіз. Айтпақшы, 1 баттың құны – 13,4 теңге.

Тайланд

Виза алу үшін сіз А4 форматқа жазылған сауалнаманы толтыруыңыз қажет. Аты-жөніңіз, қайдан келдіңіз, қайда орналасасыз деген жаттанды сұрақтарға 5 минутта жауап беруге болады. Жоғары тұсына 4*5 форматындағы түрлі-түсті фотоңызды жабыстыруыңыз қажет. Ал егер фотоны ұмытып кетсеңіз, онда әуежайда жылдам түсіріп, шығарып беретін фотографқа жолығасыз. Тек оның бағасы қымбаттау болады, 1 сурет үшін 350 бат төлегенше елден алып келген әлдеқайда тиімді.

Тайланд

Әуежайда бетперде кию міндеттелген. Бірақ Таиландтың басқа жерлерінде сізден ешкім ештеңе талап етпейді. Тек өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін ғана бетперде алып жүруге болады.

Тайланд

Такси әлде автобус?

Пхукет арал болғанымен, ана басы мен мына басына жету өте қиын. Солтүстігі мен оңтүстігінің арасы – 50 шақырым, ал шығысы мен батысының арасы – 21 шақырым. Сондықтан жаяу аралаймын деген бос әңгіме. Әуежайдан аралдың барлық ірі жағажайларына арнайы автобус қатынайды. 1 кісіге 100 бат төлейсіз де, алыстағы Ката Ной жағажайына дейін жетіп алсаңыз болады.

Тайланд

Ал егер сіз бірнеше кісі болсаңыз, онда такси шақырған әлдеқайда тиімді. Әрине, әуежайда такси қызметін ұсынатындардың бағасы қымбат болады. Сондықтан Grab немесе inDriver секілді мобильді қосымшалардың көмегімен такси шақырған қалтаға салмақ түсірмейді. Әсіресе, қазақстандықтарға өздеріне таныс inDriver қосымшасын пайдалану тиімді. Баратын жеріңізді белгілейсіз де, сізге ұсынған бағаны тересіз, ал егер келіспесеңіз, оны өзгертуге де болады.

Тайланд

Пхукетте жеңіл көлік пен мопедті жалға беретін кәсіпкерлер өте көп. Әсіресе, екі дөңгелекті мопед әр екінші тұрғында бар десек болады. Алайда Таиландта жол қозғалысы біздікінен өзгеше. Мәселен, Қазақстанда көліктер көшеде сол жақтан оң жаққа жүретін болса, бұл жақта керісінше. Сондықтан рөлге отырған кезде сіз бұл жақтың ережесіне тез бейімделе алмайсыз. Абзалы аралға келген соң 2-3 күн өткізіп, оң, солыңды ажыратып алған соң көлікті жалға алған дұрыс.

Тайланд

Таиландта кімдер демалады?

Пхукетке туристер бүкіл әлемнен келеді. Тіпті, теңізі мен құмы жетерлік Мексика, Бразилия секілді мемлекеттің тұрғындарын да бұл жақтан көп байқадық. Бізде жаз болғанымен, оңтүстік жарты шарда қазір  қыс мезгілі. Сондықтан Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты елдердің туристері Пхукетте қаптап жүр. ТМД елдерінен Қазақстаннан басқа Ресей Федерациясы, Өзбекстан секілді елдердің тұрғындарын көп  кездестірдік. Бірақ көп жағдайда біздің аймақтан келетін демалушылар күз бен қыста келуді қалайды. Себеп түсінікті: жауын-шашын азайып, толқындар бәсеңдейді.

Тайланд

Таиланд

Пхукетке досыңмен де, отбасыңмен де келуге болады. Тіпті, жалғыз келетіндерді де байқадық. Біз отбасымызбен келген соң тыныш, шуы аз жағажай іздедік. Карон Бич біздің сұранысымызға сай келді. Ал егер сіз ойын-сауықты ұнатып, шулы ортаны қаласаңыз, онда сіздің бағытыңыз – Патонг Бич. Мұнда басқа демалыс аймақтарына қарағанда кісі қарасы көп. Сонымен қатар тамақтанатын орындар мен дүкендер жетерлік.

Тайланд

Ал кісі көзінен таса болуды қалайтын ақшалы азаматтарға Най Хан секілді бірнеше шағын жағажайлардағы ресорттар ұсынылады. Бұл ресорттардың ауласы жағажаймен түйісіп тұрады. Сол отельдің қонақтарына күннен қорғайтын үлкен шатыр мен жатын төсектер тегін ұсынылады. Ал егер жағажайларға басқа ресорттардан келіп тынығатын болсаңыз, онда бұл қызмет түрі ақылы. Екі кісілік жатын орындарға сізден 200 бат алады. Бұл баға барлық жағажайларда бірдей.

Айтпақшы, тай елінің азаматтары қонақтарды арбап, артық ақша қосып сатуды ар санайды. Сондықтан алданып қаламын деп қорықпасаңыз да болады.

Тайланд

Теңіз бен құмнан басқа қызық көп

Әлбетте, мұхиты жоқ біздің елдің азаматтары үшін теңізден артық рахат бар ма деп ойлайсыз. Құм мен күннен алатын дәрумендер сізді жыл бойы тұмау мен суықтан қорғайтыны белгілі. Бірақ таң атқаннан күн батқанға дейін жағажайда жата беру де жалықтырып жіберетіні белгілі. Бұл тұрғыда Пхукетте, тіпті тұтас Таиландта көрер қызық өте көп.

Тайланд

Бір аралдың өзінде жүріп-ақ сіз пілдерді, жолбарыстарды баулитын арнайы саябақтарға барып, оларды тамақтандырып, ойнатып, фотоға түсе аласыз. Үлкен океанариум да осы аралдың аумағында. Бұл қызықтың бәрі ақылы. Ал тегін көретін қызықтардың бірі – Маймыл жотасындағы макакалар. Аралдың орталығы Пхукет қаласының іргесінде орналасқан тау сілеміне жету оңай, алайда биікке көтерілу төзімділікті талап етеді. Жол бойы сіз маймылдарды қызықтап қарасаңыз, олар да дәл солай сізге таңырқаумен болады. Қалың орманнан бірі келіп, бірі кетіп жатады.

Тайланд

Алайда топырлаған маймылдар кейде қауіп төндіруі мүмкін. Егер сіз олар үшін тағам алып келіп, мәселен банан, бірақ оны бермей қойсаңыз, онда сізден тартып алудың барлық амалын жасайды. Жергілікті тұрғындар көп жағдайда таяқ алып жүреді, себебі маймылдар таяқтан қатты қорқады. Сондай-ақ дорбаңызға, қалтаңыздағы әмиянға, ұялы телефоныңызға мұқият болған абзал. Кез келген сәтте зып еткізіп суырып алып, қашып кету макакаға түк те тұрмайды. Бірақ маймылдарға тиіспесеңіз және өзіңізге мұқият болсаңыз, онда олардың сізбен шаруасы жоқ.

Тайланд

Мангоның отаны

Таиланд – тропикалық жемістердің отаны. Әсіресе, манго көп. Бізге белгілі ананас, бананнан басқа маракуя, папая, мангустин, лонган секілді қызылды, жасылды 20-ға жуық жемістің түрі бар. Ең ғажабы, жеміс-жидектің төресі атанып кеткен – дуриан. Иісі мұрын жарады, жағымсыз десек те болады, ал дәмін сөзбен айтып жеткізу қиын – тәп-тәтті. Бағалары біздегі алма, жүзімнің бағасынан да арзан.

Тайланд

Шөлдесеңіз көшеде кокос сатып алып ішсеңіз болады. Құны – 25 бат, 300 теңгеден сәл-ақ асады. 0,5 құтыдағы судың құны – 50-100 теңге аралығында. Дүкенде жеміс шырыны, смузи дегендер қаптап тұр.

Айтпақшы, туристер елге қайтарда шағын себет сатып алып, түрлі жемістерді Қазақстанға алып қайтады. Елдегі ағайындарыңыз бен достарыңызды қуантқыңыз келсе, базардан жемістің шала піскендерін алсаңыз, елге жетемін дегенше ол да пісіп келеді. Бірақ ұшақ бортына дуриан секілді ерекше жемістерді алып кіруге болмайды.

Тайланд

Далада жеген астың дәмі бөлек

Әр көшенің қиылысында арбасын сүйреткен көше аспазшылары 5-10 минуттың ішінде сізге бірнеше тағамның түрін әзірлеп бере алады. Туристердің ұнататын Том-Ям мен Пад-Тай небәрі 70-80 батқа сатылады. Теңіз шаяны немесе тауық қосылған тай лапшасының дәмі тіл үйіреді.  Сондай-ақ қақталған ет пен балықтың он атасын да көз алдыңызда пісіріп береді.

Тайланд

Таиландта теңіз өнімдерінен әзірленетін тағамның барлығы қолжетімді. Сибас, Дорадо балықтарын, лобстер мен крабты, теңіз шаянын базардан сатып алып, сол маңдағы кез келген асханаға кіріп әзірлетіп алсаңыз болады.

Тайланд

Тайланд

Таиланд

P.S. Айтпақшы, жергілікті лоукостердің қызметін пайдаланып, Пхукеттен 1 сағат 20 минутта ұшып баратын Таиландтың астанасы Банкгогты да тамашалап қайттық. Ол туралы толығырақ келесі жазбамызда жариялаймыз. Естеріңізге сала кетейік қазанның 30 жұлдызынан бастап Air Astana Банкгогқа Алматыдан тікелей рейстер ұйымдастыратын болады.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.