Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен отбасылардың балалары оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді – «AMANAT»
Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен отбасылардың балалары оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді – «AMANAT»
Әулиекөл ауданында табиғи өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларына қажетті оқу құралдары табысталды. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы хабарлады. Аманқарағай, Лесное және Новонежинка ауылдарының балаларына жыл сайынғы «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы аясында мектеп формасы, оқу құрал-жабдықтары, рюкзак пен кеңсе тауарлары бар жиынтықтар үлестірілді.
«Болған жағдайды естіген соң қандай да бір көмек қолын созу керек екенін түсіндім. Мұндай жағдайда ең алдымен балаларға қомқорлық пен қолдау қажет. Елімізде өзгенің басына түскен қиыншылыққа бейжай қарамайтын адамдардың көптігі қуантты», – деді кәсіпкер, партия белсендісі Алмат Айтқожинов.
Айта кету керек, осы оқу жылының қарсаңында аманаттықтар 23 мыңнан астам отбасындағы 42 мың оқушыны мектеп формасымен, рюкзакпен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті. Партияның «Баланы мектепке даярлайық!» қайырымдылық акциясы 12 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Еске сала кетейік, аманаттықтар үш күн ішінде зардап шеккендерге 1200 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының ұжымы зардап шеккендерге көмек көрсету қорына біркүндік жалақысын аударды. Қазіргі уақытта волонтерлер партия филиалдары жанынан ашылған гуманитарлық көмек жинау пункттерінде жұмысын жалғастыруда.