17 миллион тонна мұнай өнімі өңделеді
17 миллион тонна мұнай өнімі өңделеді
497
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаз­Мұнай­Газ» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырза­ғалиевті қабылдады. Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сы жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдап жатқан шаралар туралы есепті тыңдады. Компания басшысының мәліметіне сәйкес, биыл Қазақстанда 17 миллион тонна мұнай өнімдері өңделеді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын кейінге шегеру жөнінде шешім қабылданды. Бұл ішкі нарықты қосымша 150 мың тоннаға дейін дизель отынымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қажеттілігі үшін 100 мың тоннаға дейін дизель отынын импорттайды. Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаздың» мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы полипропилен өндіретін зауытты іске қосу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорын бір айдың ішінде іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Президентке полиэтилен және бутадиен өндірісіне қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы да айтылды. Мемлекет басшысына Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз терминалындағы қазіргі ахуал жөнінде мәлімет берілді. Мұнай танкерлерге тұрақты түрде құйы­лып, кестеге сәйкес жөнелтіліп жатыр. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.