«Бәйтеректің» жаңа белесі
«Бәйтеректің» жаңа белесі
Елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументінің орна­тыл­ғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы жылдарда миллиондаған қала тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес әсер қалдырған монументтің мерейтойы айрықша деңгейде аталып өтті.
«Монументіміздің мерейтойы биыл Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан біз бүгін «Алтын домбыра» ұлттық өнер орталығы мен «Бәйтерек» монументі ұжымы бірлесіп «Бәйтеректің 20 жылдығына – 20 күй» атты іс-шараны ұйымдастырдық. Шараға 30 бала қатысып жатыр. Жалпы, атаулы күнге күймен шашу шашқанымыздың өзіндік мәні бар. Өйткені домбыра – қазақтың асыл қазынасы. Осы арқылы біз өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беріп, белсенді азаматтық ұстаным мен патриотизмді, маңызды рухани-адамгершілік және әлеуметтік құндылықтарды, қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрыптарын дәріптеуді мақсат етіп отырмыз», – дейді «Бәйтерек» монументінің директоры Әділ Орынбасарұлы. Қала тұрғыны Болат Ахметов монументке әр келген сайын бойын мақтаныш кернеп, рухани күш алып кететінін айтады. «Үшінші рет келіп тұрмын. «Бәйтеректің» төрінен көркейіп келе жатқан елорданың жан-жағын көзбен көріп, жүрекпен сезінудің өзі бір бақыт. Үйіме келген қонақтарды да міндетті түрде осында алып келемін. Бүгін де 80-ге келген апамды «Бәйтерекке» шығардым», – дейді ол.
«Бәйтеректің» ұшар басынан алақандай көрінетін астананың ажарына көз салған қария да ризашылығын білдіріп, ұлттық рухымызды асқақтатып тұрған ғимараттың ғұмыры ұзақ болуын тіледі. Бүгінде бірегей ғимаратқа айналған «Бәйтерекке» күн сайын жазғы уақытта мыңнан аса, орта есеппен 700-ге жуық адам келеді екен. Күз бен қыс кездерінде 500-ге тарта адам «Бәйтеректің» ұшар басына шығады. Айта кету керек, 2017 жылы монументке толығымен жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сол жылы «Бәйтеректің» тұжырымдамасы толығымен өзгеріп, жабық фондағы безендірілуі ашық ақ түске ауыстырылды. Ал ғимараттың тамыры еліміздің өткен тарихын қадірлейтін, бүгіні – берік тірек болып табылатын, және нық әрі сенімді жүзеге асырылып жатқан болашағын бағалайтын мемлекетті бейнелейді. Осындай ұрпаққа ұлттық рух беретін монументтің мерейтойына «Алтын домбыра» ұлттық өнер орталығының көркемдік жетекшісі Ескендір Ибрагим және ұстаздары мен шәкірттері күмбірлете күй шертіп, келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.