Қостанай өңіріндегі табиғи апат халқымыздың елге қамқор, ағайынға қайырымды, жалпыға мейірбан болмысын кезекті рет паш етті. Мемлекет, бизнес пен бұқара бірігіп, тілсіз жау жайпаған өлке жұртшылығына көмекке келді. Қазірдің өзінде облысқа бағытталатын көмектің жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге жуықтап қалды. Өрт салдарынан келген залалды қалпына келтіру және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету мәселелерін ел Президенті жеке бақылауына алды. Арнаулы қор құрылды. Баспана тез, әрі сапалы салынбақ Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабының хабарлауынша, алғашқы болып, Қостанай облысына көмекті «AMANAТ» партиясы көрсеткен. Нұр-Сұлтан қаласында Мәжілістегі «AMANAТ» фракциясы депутаттарының бастамасымен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсететін колонна жасақталған. Небары үш күнде аманаттықтар 1 214 тонна гуманитарлық көмек жинады. Бұл – азық-түлік, халық көп тұтынатын заттар, киім-кешек және басқасы. Сондай-ақ құрылыс материалдарына сұраныс жоғары көрінеді. Әрине, өрттің салдарынан баспанасынан, төрт-түлік малынан, ұзақ жыл жиған дүние-мүлкінен айырылған тұрғындарға басты көмекті мемлекет көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдың салдарын жою мақсатында ел қазынасынан қажетті қаражат бөлінді. Ол қаржыға өңірде жүзге жуық жаңа үй бой көтереді. Мысалы, өрттен ең көп зардап шеккен Аманқарағай ауылының тұрғындары үшін ауданы 100 шаршы метрлік жаңа, көлемді баспана салынады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты. Оның дерегінше, жалпы алғанда, Қостанай облысындағы алапат жалын 108 нысанды шарпыған. Оның 91-і – тұрғын үй. Соның ішінде Аманқарағай ауылында – 85, Озерное ауылында – 6 баспана жанып кеткен. Техникалық зерделеу қорытындысы көрсеткендей, осы тұрғын үйлер толықтай жанып кеткендіктен қайта қалпына келтіруге жатпайды. Жаңасын салу қажет. Жалын тілі шарпыған, жөндеуге келетін үйлерге құрылыс материалдары түрінде көмек берілуі тиіс. Қазір тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Әулиекөл ауылынан 2 гектар жер телімі бөлінді. Ондағы әр 8 сотық жерге жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайтын баспаналар салынбақ. Әулиекөл ауылы аудан орталығы болғандықтан, онда инженерлік инфрақұрылым толықтай жүргізілген. Бұл құрылысты жеделдетеді. Ауылда әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың барлығы бар.
«Жергілікті мердігер ұйымдарды тарту арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарына тек жергілікті өндірушілердің өнімі қолданылады. Жедел түрде жұмысты бастау туралы тапсырма қойылды. Министрлігі екі ай ішінде құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтауды мақсат етеді. Бұл үшін барлық тиісті шаралар қабылдануда. Бұл мәселе министрлік басшысының тікелей бақылауында», – деді вице-министр Е.Дауылбаев.6 қыркүйекте Әулиекөлде алғашқы үйлердің құрылысы басталып кетті. Бұл ретте «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ мен Индустрия министрлігінің «Мемсараптама» РМК қызметкерлері жеке қаражаты есебінен инженерлік жүйелердің жобасын даярлаған. Мемлекеттік сараптама да солардың есебінен жүргізіліпті. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов орман өрттері кезінде баспанасынан айырылғандар тегіс жаңа тұрғын үймен қамтылатынына уәде етті. Ол құрылыс үшін қажетті жер телімдері бөлінгенін хабарлады. Аймақ басшысы Қостанай өңірінде қыс ерте түсетініне, қазан айында ызғар соғып, кей жерде қар жауа бастайтынына назар аудартты: сондықтан жаңа үйлер қазан айының соңына дейін қолданысқа берілуі шарт. А.Мұхамбетов жауапты мамандар мен компаниялар жұмылдырылатынына, сол себепті баспана тез, әрі сапалы тұрғызылатынын айтты. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәліметінше, 2022 жылғы 7 қыркүйекте, сағат 15.00-де Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы табиғи өрт ауыздықталды. Өрт жалпы ауданы 43 мың гектарға жайылған.
«Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ. Қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарында қарауылдау ұйымдастырылды. Жанудың салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған күштер мен құралдар саны азайтылды: ТЖМ полкінің жеке құрамы және Қостанай облысының бөлімшелері оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер тұрақты жұмыс орындарына оралады», – деді Ю.Ильин.Өрт басталғалы жалпы саны 2 091 адам эвакуацияланды. Өрт кезінде 12 адам зардап шекті, барлығына медициналық көмек көрсетілді, бәрі үйіне жіберілді. Өкінішке қарай, Аманқарағай ауылындағы үйінділерді тазарту кезінде 1935 жылы туған азаматтың мәйіті табылды. Министр Ю.Ильиннің айтуынша, мүгедектігі бар ер адамды учаскелік инспектор эвакуациялау жүргізу кезінде хабардар етіпті, бірақ ол баспанасын тастап кетуден бас тартқан көрінеді. Соған қарамастан, енді адам өлімі фактісі бойынша тергеу шаралары жүргізілуі тиіс. Қостанай облысы әкімінің 2022 жылғы 5 қыркүйектегі шешімімен Әулиекөл және Қарасу аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Оған сәйкес, тілсіз жаудан жапа шеккендердің материалдық шығынын мемлекет өтеп беруі мүмкін. Қостанай облысының әкімдігі халыққа келтірілген зиянды, зардап шеккендердің санын анықтау, құжаттарды жинау жұмысын жүргізіп жатыр. Өртке оранған объектілерге техникалық тексеру жүргізілді. Өз кезегінде ТЖМ «Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі: онда бюджет сомасын жаңа тұрғын үйлер салуға және инженерлік желілер жүргізуге бөлу көзделген. Қостанайға көмекке қанша қаржы бөлінді? Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Қостанай облысында баспаналары жанып кеткен тұрғындарға 91 үй салуға 2,3 миллиард теңге жұмсалады. Ақша Үкіметтің резервінен бөлінеді. Өрттен залал көрген өңірге бизнес пен қоғамдық ұйымдар да көмекке келді. Ең ірі көмекті – 1 миллиард теңгені Eurasian Resources Group бағыттайтынын жариялады. Компаниялар тобы ол соманы Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге жәрдем беретін бірыңғай қоғамдық қор – «Қайырымдылық KZ» қорына аударады. Бұл әділетті де. Себебі, осы компаниялар тобы Қостанай жерінің асты-үстіндегі қазба байлығын өндіріп, экспорттап, миллиардтаған доллар табыс тауып отыр. ERG-дің өндірістік активтері Қостанай облысында – Рудный, Лисаковск қалалары мен Октябрьский және Қашар кенттерінде орналасқан. Өңірдегі зардап шеккен жұртшылыққа тағы бір қайнар-көзден қомақты көмек келуі мүмкін. Бүгінде 131,3 миллиард теңгеден астам қаржы сақталған «Қазақстан халқына» қоры Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсететінін жариялады. Бірақ демеуқаржы сомасын атамады. Оны анықтау біраз бюрократиялық жұмысты талап етеді: «Апат салдары жойылған және залал көлемі анықталған соң «Қазақстан халқына» қоры жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңір тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсету тетігін пысықтайды», – деп сырғытты қор. Жалпы, бұл қор шабандығы мен оралымсыздығы үшін сарапшылардың сынына ұшырады: Мемлекет басшысы биылғы қаңтарда тапсырғанымен, қор «қаралы қаңтарда» қаза тапқан, зардап шеккен қарапайым азаматтарға әлі күнге қаржы аудармаған. Ал залал келген халыққа көмек дәл қазір қажет. Қостанайдың Allur және «АгромашХолдинг KZ» машина жасау кәсіпорындары әбжілдік танытып, Қостанайдағы орман өртінен зардап шеккендерге 100 миллион теңге аударыпты. Бұл автокәсіпорындар базасында зауыт жұмысшылары жедел штаб ұйымдастырып, азық-түлік, тауарларды, дәрі-дәрмекті сатып алған, зардап шеккен ауылдарға 8 автобус, жеті тонналық бір отын құюшы машинаны жолдаған. Qazaq Oil жанар-жағармай құю стансаларының ұлттық желісінің ұжымы да қамқорлықтан қалыс қалмай, 50 миллион теңге бөлген, сондай-ақ Қостанай облысында өрт сөндіруге қатысқан арнайы техникалар мен барлық коммуналдық қызметтерге тегін дизельдік отын берді. PTC Holding те «Қайырымдылық KZ» қоғамдық қорының шотына 50 млн теңге аударды. Өрт басталған кезде облыс орталығында өткен Kostanay Music Fest ұйымдастырушылары осы концерттен түскен барлық қаржыны – 50 миллион теңгені табиғи апат зарбадын жоюға және халыққа көмекке бағыттайтынын мәлімдеді. Қаржы бөлу жалғасты. Қорыта айтқанда, Қазақстанның барлық өңірі гуманитарлық көмек пен қаржы жинауға қатысты. Аталған қорға Парламент, мемлекеттік мекемелер, жеке сектор бір күндік жалақыларын аударды. Партиялар, ҚХА, қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері қостанайлықтарға қолұшын созды. Halyk Bank зардап шеккендерге бір миллион теңгеден бөлетінін және олардың осы банкте қарызы болса, ол есептен шығарылатынын жария етті. «AMANAT» партиясының барлық филиалында гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылды. Оның қызмет нәтижесін жоғарыда айттық. Аманаттықтар және «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері өрт сөндіру және отқа оранған елді мекендерді қалпына келтіру үшін Қостанай өңіріне аттанды. Жалпы алғанда, облыстағы өрт жермен-жексен еткен ауылдарды қалпына келтіруге, зардап шеккен халықты қолдауға қазірдің өзінде 5 миллиард теңгедей қаражат пен гуманитарлық көмек бағытталуда. Бұл көмектің қалай және қаншалықты тиімді жұмсалғанына «Қайырымдылық KZ» қоғамдық қоры алда халыққа егжей-тегжейлі есеп бергені жөн. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы әскери қару-жарақ қоймасының жарылуынан қираған Арыс қаласын қалпына келтіруге, яғни тұтас шаһарды қайта салып шығуға жалпы сомасы 56,1 миллиард теңге шығындалған. Мұны сол кездегі Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеген еді. Соның ішінде 27,5 миллиарды – Үкімет резервінен, 20 миллиарды – барлық өңір әкімдіктерінен, 6 миллиарды – «Самұрық-Қазына» қорынан бағытталды. 2,6 миллиард теңге демеушілік және қайырымдылық көздерінен алынды. Қоғамы мейірімді, шапағатты мемлекеттің болашағы жарқын, әлеуеті зор, алар асуы заңғар болмақ.