Соңғы кездері 2011 жылы басталған Сириядағы азаматтық соғыс ушығып кетті, – деп жазады 24.kz. Дереккөздің хабарлауынша, өткен аптада Идлиб провинциясында ел президенті Башар Асадтың Үкімет әскері ұйымдастырған атыс-шабыстан кейін өңірдегі Түркияның 14 сарбазы қаза тапты. Бұл жағдай Анкара билігі үшін күтпеген соққы болды. Осыдан соң Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сирия мен оның қолдап отырған Ресейдің әскерін «аймақтағы бейбіт халыққа қарсы шабуылдады» деп айыптап отыр. Түркия басшысы Сирия билігінен өз әскерін ақпан айының соңына дейін Идлибтен шығаруын талап етті. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Қазір біз үшін Сириядағы Идлиб мәселесі маңызды. Башар Асад режимінің сарбаздары шабуылын тоқтатып, тез арада бұл аймақтан кетуі тиіс. Олай болмаған жағдайда Түркия да күш қолданады. Бізге одақтас елдер көмектесетін болса одан да бас тартпаймыз. Алайда Идлибтен Үкімет әскерін өз күшімізбен де басуға шама жетеді», – деді.