Шымкентте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлт ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шаһарда ұлт ұстазының 150 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Атап айтқанда, «40 мысал, 40 мақал» атты көшпелі әдеби тіл керуеніне қала әкімі М.Әйтенов және зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жиында сөз алған қала әкімі қайраткердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.
– Қазақ даласына терең біліммен қатар саяси еркіндік қажет екенін түсіне білген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын! Тарихымызбен терең танысып, өткен ғасырдағы ақтаңдақтар аршылған сайын Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы мен өнегелі өмірі ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісіне айналды, – деді қала басшысы.Өз кезегінде сөз алған зиялы қауым өкілдері Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлігіне, шығармашылығына тоқталып, оның елі үшін еткен еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету жолында насихат жұмыстарын жалғастыра беру керегін жеткізді. Іс-шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, қазақ композиторларының әндері шырқалды. Ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Айта кету керек, бұл шара Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылды.
Шымкент қаласы