Жамбылдың жүзжылдық жылнамасы
Жамбылдың жүзжылдық жылнамасы
Биыл Жамбыл облыстық Aq jol газетінің ең алғашқы нөмірінің оқыр­ман қолына тигеніне – 100 жыл. 1922 жылдың 1 мамырында «Кедей еркі» атауымен жарық көрген басылымның алғашқы редакторы ретінде жазушы Анна Алматинская қол қойған. Осы аралықта бірнеше мәрте ат ауыс­тырып, талай мықты қаламгер редак­торлық етсе де газет әу бастағы мақ­сат-мұратынан танған емес. Күні бүгінге дейін көзі қарақты оқырманның ойында, көкейінде жүрген көп түйткілді тақырыпқа арқау етіп келеді. Газеттің өзі де, сөзі де сонысымен құнды, сонысымен бағалы. Өңірлік газеттің ғасырлық мерей­тойы аясында елордадағы Ұлттық ака­демиялық кітапханада ұйым­дастырылған «Aq jol және қазақ бас­пасөзі» атты дөңгелек үстелде басы­лымның тарихы мен аймақ журналис­тикасының өзекті мәселе­лері сөз болды. Басқосуға Президент кеңесшілері Бауыржан Омарұлы мен Мәлік Отарбаев қатысып, Мемлекет басшысының газет ұжымын мерейтойымен құттықтау хатын табыстады. Сонымен бірге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің де құттықтауы табыс етілді. Жиында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Мейрамбек Төлепберген, Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, Egemen Qazaqstan жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Elorda Aqparat жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Олжас Сыдықбек, академик Құрманбек Құрманәлиев, газет жанашыры Қырғызәлі Тілеуов басылымның қоғам өміріндегі айшықты орнына тоқталып өтті. Сондай-ақ аймақ журналистерінің әлеуметтік жағдайын көтеру, мәртебесін көтеру мәселелері төңірегінде сөйледі. Өз кезегінде Жамбыл облысынан келген делегация құрамындағы газет ардагерлері Елен Әлімжан мен Көсемәлі Сәттібайұлы газеттің тарихы, оның редакторлары мен танымал авторлары туралы кеңінен әңгімеледі.
– Мен Aq jol газетіне 1970 жылы келдім. Сол кезде газетке Баттал Жаңабаев редакторлық ететін. Редакциядағы кезекті бір жиында редактор газет нөмірінің облыс құрылған 1939 жылдан бастап реттеп шығып жатқанын, оның тарихы туралы мәліметтердің қажет екендігін айтты. Осылайша, редактор майдангер-журналист Әкпарбек Досмағамбетовті арнайы тапсырмамен Ташкентке жіберді. Өйткені газеттің алғашқы нөмірі жарияланған сәтте Ташкент қаласы губерния орталығы болған. Журналист ағамыз Шымкент мұрағатын да ақтарып шықты. Осылайша, басылымның ең алғашқы нөмірінің 1922 жылы жарияланғаны белгілі болды. 1972 жылы газеттің 50 жылдығын тойладық. Салтанатты жиынға ҚазақКСР Жоғары кеңесінің төрағасы Сапар Ниязбеков қатысып, газетке «Құрмет белгісі» орденін тапсырды, – деді ардагер журналист.
Өз сөзінде Елен Әлімжан газеттің авторлар шоғыры Мұхтар Әуезовтен басталатынын атап өтіп, жазушының бірқатар туындылары алғаш болып Aq jol газетінде жарияланғанына назар аударды. Ал ғасырлық тарихы бар газеттің 2014-2020 жылдар аралығында бас редакторы болған Көсемәлі Сәттібайұлы басылымның қоғам өміріндегі беделі хақында ой тербеді.
– Газеттің талайғы тарихы өз алдына. Осы аралықта ол қандай тақырыпты көтерді, елдің есінде несімен қалғаны айтылуы керек. Басылымды сонау 1940 жыл­дары басқарған Жайық Бектұров ағамыз 1983 жылы «Ақиқаты осы еді» деп аталатын кітап шығарды. Сол жинаққа оның 1948 жылы қазіргі Aq jol газетіне жарияланған «Осы еді самұрықтың өлген жері» деген мақаласы да енген екен. Мақала хан Кененің шейіт болған Қордай ауданындағы Кекілік сеңгір деген жер туралы жазылған. Ол кезде Мұхтар Әуезовтің «Хан Кенесі» жарыққа шыққан-шықпағанын нақты хабарым жоқ. Бірақ Ілияс Есенберлинің «Көшпенділер», «Алмас қылыш», «Қаһар» сияқты шығармалары жазылмаған еді. Жайық ағаның басын бәйгеге тігіп осы мақаланы жазғанына таң қалдырады, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Расында, кеңестік цензураның қырағы сәтінде Кенесары тақырыбына бару журналистің батылдығын көрсетеді. Әрі мұндай мақаланың жариялануы газеттің оқырмандар алдындағы беделін көтергені анық. Желтоқсан оқиғасынан кейін Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров сынды атпал азаматтардың басына қара бұл үйірілгенде де Aq jol журналистері қайтадан жұрт назарын өзіне аударды. Журналист Қыстаубай Байтуов амалын тауып Алматы қаласындағы пәтерінде үйқамақта жатқан Дінмұхамед Қонаевпен сұхбаттасты. Кейіннен бұл сұхбатты республикалық газеттердің өзі Aq jol-дан көшіріп басты. Ал ақын, журналист Жақсылық Сәтібеков Бішкектегі Асанбай Асқаровтың сотына қатысып, оған тағылған негізсіз айыптауларды ашық көрсетті. Мұның барлығы басылымның сол кездегі бас редакторы Арғынбай Бекбосынның батылдығы еді. Қазақ елі тәуелсіздік алардан аз ғана бұрын дәл осы Арғынбай Бекбосынның бастамасымен «Еңбек туы» аталып келген газет Aq jol атауына ие болды. Кездесуде газет тарихының осынау елеулі сәттерінен естелік әңгімелер айтылып, басылымның бүгін де ақпарат аламанында жаңа медиамен бәсекеге түсіп, оқырманын жоғалтпай келе жатқаны да сөз болды. Айта кету керек, облыс әкімдігінің қолдауымен Aq jol газетінің 100 жылдығы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған шаралар қатар ұйымдастырылып жатыр. Олар 28-29 қыркүйекте Тараз қаласында өтетін салтанатты жиындармен қорытындыланады. Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Жазушылар одағы мен Aulieata-Media ЖШС-нің ұйымдастырған «Ақиқаттың ақ туы» атты республикалық қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталады. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің облыстық Aq jol газетінің 100 жылдығына орай журналистер арасында өткізіп жатқан «Қазақ баспасөзінің тарихы: бүгіні мен ертеңі» конкурсының да жеңімпаздары осы шаралар кезінде белгілі болады.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ