Павлодардағы психоневрологиялық диспансер қызметкерлерін астанада науқастар қатарына қосып жіберген
Павлодардағы психоневрологиялық диспансер қызметкерлерін астанада науқастар қатарына қосып жіберген
Фото: Видеодан скриншот
400
оқылды
Павлодарда психоневрологиялық диспансер қызметкерлері тек құжат жүзінде астанада «ем қабылдаған», – деп хабарлайды КТК арнасы. Дәрігерлер: «Психдиспансерде жұмыстың қиын екені рас, бірақ есімізден адасып, емделетіндей жағдайға жеткен жоқпыз», – дейді. Астанадағы емханаға бармақ түгілі, Павлодардан жаз бойы аттап шықпаған. Енді сау адамды науқастар қатарына қосқандарды жазалау үшін құзырлы органдарға арызданған. Ақыл-есі кем адамдарды емдейтін Павлодардағы облыстық психоневрология орталығының қызметкерлері өзін жүйкесі жұқарғандар қатарынан көріп таңғалып отыр. Онымен қоса кейбірін құжатта елордадағы емханада емделіп шықты деп көрсетіпті. Медицина мамандары астанаға бармақ түгілі, облыс орталығынан шықпадық деп шыр-пыр болды.
Санитар Любовь Копошенко: «Мені сыртымнан жекеменшік психикалық емханаға жатқызыпты. Ол емхана туралы естіген де, көрген де емеспін. 15 күн емделді деп жазады. Мен жаз бойы жұмысымда болдым. Екі қалада бір мезетте болу мүмкін емес жағдай ғой», – дейді.
Орталық мамандарына емдеуден өту туралы хабарлама ұялы телефондарына шілде айында келіпті. Диспансердегі барлық қызметкерге жүйке жүйесі тозған деген диагнозды сырттай қойған. Мейірбикелер мен санитарлар белгісіз емхананың мұндай дерт анықтамасын беруге кім құқық бергенін білмей дал. Онымен қоса жеке мәліметтерін қалай алғанын түсінбей отыр.
Мейірбике Татьяна Францева: «Жеке емхананың біздің жеке мәліметтерімізді еркін алып отырғаны ашуымызға тиді. Құжаттарымызды өз пайдасына жаратуға мүмкіндігі болып тұр. 15 күн бәрімізді емдеуден өткізген болса, біздің мындағы жұмысымызды кім атқарған?», – дейді.
Мамандардың шағымынан соң олардың электронды медициналық карталарынан сырттай қойған диагнозды өшіре бастапты. Психоневрологиялық орталық бастығы өзінің осыған қатысы барын және бәрін білетінін айтады. Ең қызығы, ол қарамағындағылар елордадағы емханадан емделуді өздері сұрады деп отыр.
Павлодар облысы мамандандырылған әлеуметтік көмек көрсететін психоневрологиялық орталықтың директоры Нұрлан Абашев: «Оңалтудан өтеміз деп өздері келісім беріп, көбісі құптады. Көктемде тексеру келіп, қызметкерлердің баруына мүмкіндік болмады. Мен еңбек демалысында болғанымда елордадағы емханадан ұсыныс түскен еді. Мен кәсіподақ жетекшісіне айтып, біздің қызметкерлердің тізімін беруді тапсырдым», – дейді.
Қайырымдылық қорына қарайтын емханаға психоневрологиялық диспансердегі 200-ден аса қызметкерінің жеке мәліметін берген. Бүгінде олардың 10 шақтысы прокуратура мен антикорға арыз түсіріпті. Қазір арнайы комиссия құрылып, ішкі тексеріс жүріп жатыр.