2023 жылы елімізде 4 күндік жұмыс аптасы міндетті болуы мүмкін. Мұндай норма қазір де бар. 2015 жылы қолданысқа енгізілген еңбек кодексі бойынша жұмыс беруші мен жұмысшы өзара келісе отырып, 4 күндік жұмыс аптасына көше алады. Тиісті 40 сағатты 10 сағаттан бөліп, төрт күн немесе 8 сағаттан келістіріп бес күн өткерсе болғаны. Енді бұл норма тағы да өзгертілмек. Құжат пысықталып жатыр. Жаңа заң жобасының қазіргі заңнан айырмашылығын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Шалқар Оразбеков түсіндіріп берді.
– Айырмашылығын айтатын болсам, 2015 жылғы норма бойынша 4 күндік жұмыс тараптардың келісімі бойынша болатын. Егер тараптар келіссе, жұмыс беруші мен жұмысшы 4 күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Ал қазіргі ұсынылып отырған жобада жұмысты 1 апта 4 күн, 1 апта 5 күн істеуге болады. Бұл өндірістің қажеттілігіне байланысты, – дейді Шалқар Оразбеков.