«Қартың болса қазына» дейді қазақ даналығы. Алайда бүгінде ақыл айтар ақсақалдар азайып бара жатқандай. Бұрынғылар балаларын «тәйт» деп тәрбиелесе, бүгінгілердің беделі мен биігі төмендегендей. Әрине, топырақты көпке шашуға әсте болмас. Алайда Қордай ауданындағы жағдай ауылда қара қылды қақ жарып, төрелік айтар ақсақалдың азайғанын айғақтады. Оны Үкіметтік комиссияны аталған елді мекенге бастап барған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та баса айтты. Ал комиссия мүшесі Асқар Мырзахметов түйткілдің түйінін тарқату үшін ақсақалдар кеңесің құруды ұсынды. Бұны екі тарап та қос қолдап қолдады. Алайда осы кеңес ұлттарды ұйыстырып, бірліктің мызғымас үлгісіне айнала ала ма? Жалпы, Қордай ауданында болған сапарымызда бізге ауылдағы ағайыннан ауызбіршілік кеткендей көрінді. Олай дейтініміз, Үкіметтік комиссия мүшелері Сортөбе ауылындағы №9 мектепте өткізген жиында қазақ пен дүңген екіге бөлініп, жұдырықша жұмылған ел емес екендерін анық сездірді. Бұны Бердібек Мәшбекұлы да байқап: «Басқосуда бөлініп отырғандарыңыздың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл дұрыс емес. Біз сіздерді ауылдың ақыл айтар ақасақалдары деп жинап отырмыз. Сондықтан ынтымақ пен бірліктің үлгісін ең бірінші сіздер көрсетулеріңіз керек», – деп жиылғандарды бірлігі бекем ел болуға шақырды. Сонымен араға бір жеті салып ақсақалдар емес, «Қоғамдық келісім кеңесі» құрылды. Кеңес мүшелігіне Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Қаракемер, Қарасай және Масаншы ауылдарынан 3 өкілден 18 адам енді. Ал кеңестің жұмысын аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері Біржан Әлімбет, Төле Сүгірбай және кеңес төрағасы Әбдібек Сейілханов қадағалайтын болып бекітілді.
– Жалпы, бұл кеңестің негізгі міндеті – ауыл ағайындары арасындағы ынтымақты арттыру. Тұрмыстық жағдайдағы кикілжіңдерді бірлесе шешу. Әрі түрлі түйткілдерден дер кезінде жергілікті билікті құлағдар ету. Бұл мақсатта бүгінде әр ауылдан өкілдерді сайлап, жоспарымызды бекітіп жатырмыз. Бұл кеңес құрылып жатқан көптеген ұйымдардың бірі болып қалмас үшін біздің нақты мақсатымыз болуы керек. Сол үшін қазір кеңес мүшелеріне арнайы кеңсе сұрап жатырмын. Және материалдық база да қажет. Сол арқылы біз әр мектеп пен мекемемеде зерделеулер жұмыстарын жүргізіп, ұлттарға ортақ әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттасақ дейміз. Одан бөлек кеңес мүшелері әр ауылда қандай жағдай болып жатқанынан хабардар болуы керек. Олардың есебін ай сайын таңдап, қорытындысын шығарамыз. Биыл Ұлы Абай мен әл-Фарабидің мерейтойлары аталып өткелі жатыр. Міне осы күндерге орай дүнген ұлтты мектеп оқушылары арасында қазақ тілінде байқаулар ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар. Бұдан бөлек, 1-наурыз Алғыс айту күніне орай да түрлі шараларды өткізу көзделуде. Ал ең бастысы мектептердегі мұғалімдердің қазақ тілінде сабақ жүргізуіне қол жеткізсек дейміз. Әрине бұл уақыт пен үлкен күшті қажет етеді. Алайда арнайы кеңес болып құрылғаннан кейін, біз бұл жұмыстардың барлығын жауапкершілікпен атқаруға міндеттіміз, – дейді «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрағасы Әбдібек Сейілханов.Жамбыл облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың да аталған кеңеске қатысты айтар өз ойы бар. – Айтайын деп айтпайсың, қазір ақсақалдарды кейінгі буын сыйлаудан қалды. Оған біз Қордай ауданында болғанда анық көз жеткіздік. Үлкен тұрғанда бір-біріне жұдырық алып жүгіріп, құрмет көрсетпеу деген не сұмдық? Сортөбе, Масаншы, Ауқатты ауылдарында өткен басқосуларда да бұқараның сөз тыңдаудан қалғанын аңғардық. Десе де ертеден осы ақсақалдарымыз дауды да, екі ел арасындағы араздықты да бейбіт түрде шешіп отырған. Міне осы биікке біз қайта жетуіміз керек. Өздеріңіз байқағандай, Үкімет ақсақалдарға үлкен сенім артып отыр. Сондықтан жаңа құрылған кеңестің ауыл, аудан тіршілігінде өз үні мен айтары болады деп ойлаймын. Көбейген кеңестердің бірі болып қалмас үшін, облыстық Ардагерлер кеңесі де барынша қолдау көрсететін болады, – дейді Еркінбек Бейсенбекұлы. Расында да, бүгінде түрлі бағытта құрылған кеңестерден аяқ алып жүре алмайсың. Облыста Ардагерлер кеңесі болса, сондай-ақ Алқа билер кеңесі де жұмыс жасауда. Сонымен қатар, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Ардегерлер кеңесі де бар. Сонда бұл кеңестердің барлығы не атқарып отыр?
– Алқа билер кеңесінің облыс орталығында 7 өкілі болса, әр ауданда 5, ауылдарда 3 адамнан жұмыс істейді. Жалпы алғанда, кеңестің 500-ге жуық мүшесі бар. Осы кеңес мүшелерінің күшімен былтыр 450 дау-дамайды қарап, түйінін тарқаттық. Оның 120-ын сот қарауынан алып қалдық. Кеңестің әрбір мүшесі медиация мәселесіне қатысты арнайы оқытылып, қолдарына сертификаттары берілген. Қордайдағы жағдайды естігенде біз де ең бірінші ел арасында тыныштық пен бірліктің болуы қажеттігін ойладық. Сондықтан биыл Алқа билер жұмысын жүйелеп, мұндай жағдай басқа өлкелерде қайталанбас үшін күшімізді салатын боламыз, -дейді облыстық Алқа билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов.Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Медиация кабинетінің» меңгерушісі Валентина Досыбиеваның айтуынша, олар да бітімгершілік пен бірлік бағытында аз жұмыс жасамаған екен.
– Медиация кабинетінің негізгі жұмысын құрайтын құрылымның бірі – Ақсақалдар кеңесі. Осы кеңестің көмегіне былтыр 1067 тұрғын жүгініп, оның 926-ы өз шешімін тапты. Өтініш-шағымдардың 42-і жұмысқа орналастыру бағытында болса, 569-ы тұрмыстық мәселелер. 153-і жанұя жанжалына және 162-і екі тараптың түсінбеушілігіне қатысты туындаған. Барлық жағдайда ақсақалдар мен медиация кабинетінің мамандары арыз-шағымдарды жіті тексеріп, тараптардың бітімгершілікке келуіне күш салды. Өткен жылға қарағанда былтыр медиация мамандарының көмегімен шешілген мәселелердің үлесі 46,3 пайызға артты. Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді, – дейді В.Досыбиева.Байқап тұрсақ, барлық құрылған кеңестер өз жұмыстарын қырағы атқарып, тұрақтылық пен бірлікті сақтауда аянбай тер төгіп жатқан секілді. Ал жаңадан Қордай ауданында құрылған «Қоғамдық келісім кеңесінің» жұмысы қалай болмақ? Кеңес тұрғындардың тілектерін қанағаттандырып, тараптарды татуластыра ала ма? Бар мәселе осында. Әйтпесе, аудан орталығында бұған дейін де Ардагерлер, Алқа билер кеңестері мен Ассамблеяның медиация кабинеті жұмыс жасаған. Олардың еңбегін ел көрді ма, әл де жоқ па, ол бөлек әңгіме. Ең бастысы, осы ұйымдар бір-бірінің жұмысына кедергі келтіріп, жаңадан құрылған кеңес көптің бірі болып қалмаса болғаны... Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы