Салиқалы тірлікті бастарда әуелі сабырмен саралап алатын бүгінгі жасымызда түйсігімізге түйе білген, көкірек сарайымыздың көзі жеткен ақиқаттың бірі – азамат үшін өмір белестерінің өнегесінен биік мектеп кемде-кем екен. Кез-келген маман атануда мектеп талдырығынан тәлім алып, университет қабырғасында білімін еселеп, еңбегімен тер төгу сияқты жүйелі даңғылмен жүріп өтетіні бесенеден белгілі. Айтайын дегеніміз, өмір жолымызда жолығысып, ағалы-інілі бауырлардай бірге қызметтес болған кезеңдерде алдыңғы буын ағаларымыздың бізге берген тәлімі мен тәжірибесі әрдайым ғұмырымызға рухани азық, тұғырымызға қозғалмас қазық болып келеді. Әңгіме осындай ардақ тұтар ағалардың бірі, өмірден көрген-түйгені мен жиған-тергені дариядай дарынды ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбайұлы жайында өрбігелі отыр. Біз сыршыл ақынды сыртынан танитынбыз. Студент кезімізде ақынның ақбастаудың тас пен тасқа таласа жететін ағынындай төгіп жазатын, құрақ көрпенің қызыл-жасыл пүлішін қиюластырғандай сөгіп жазатын кестелі өлеңдері жанымызға жайлаудың жайлы самалын соқтыратын. Әсіресе, шайырдың шартарапқа тарап кеткен: «Сендерге әрдайым орын бар, Ақ отау төріне қоныңдар. Ақ тілек батамыз мінеки, Бақытты болыңдар, болыңдар!» деген әйгілі сөзіне жазылған әнмен сол кездері қатар-қатар қосылып жататын тілеулес қосақтарды жаңа өмірге аттандырушы едік. Өтеген ағамыз шығармашылықтың шырайлы өлкесіне қадам басқалы 14 поэзиялық, 6 прозалық, 2 ғылыми монографияның авторы атанды, көпшілікке кеңінен танымал 30-дан астам әннің мәтінін жазды. Кеңес кезінде Одақтың емес, республиканың шығармашылық одақтарына мүше болу екінің бірі, егіздің сыңарына бұйыра берер бақ емес еді. Өтағаң өзінің шығармашылық әлеуетінің арқасында 1978 жылдан КСРО Журналистер одағының, 1986 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды. Талантты ақынның поэзиясымен жете таныс жұртшылық мынаны жақсы біледі. Өтеген Оралбайұлының өлеңдерінің тақырып аясы кең, ұлттық таным мен тағылымға тән рух та, қайсарлық та, имандылық пен өнеге, туған жер көріністері мен сөзбен өрілген этнография этюдтері, отаншылдық пен отбасы құндылықтары бәрі-бәрі шұрайлы тілмен, шырайлы оймен дестеленіп жатыр. Имандылық тақырыбы дегенде, Өтеген ақынның қасиетті Меккеге жасаған қажылық сапарынан кейін жазылған әйгілі «Қағбаның қарлығаштары» атты кітабының орны ерекше бөлек. Әрине түркі топырағында дін исламды насихаттауда шығыс ренессансының жауһарлары әл-Фараби, әл-Бируни, әл-Хорезми, кейінірек Ұлықбек, Науаи, Йүгінеки, Баласағұнилер иманды жұртты ұйытар ислам қағидаттарынан құрылған дастандар қалдырғаны белгілі. Десе де Алла нәсіп етіп, шама-шарқынша мұсылманның бес парызының бірін өтеп келіп жатқан қазіргі қажылар қасиетті сапарының әсерін кейіннен бірі естелік жазып, енді бірі ел арасында ғибратты әңгіме түрінде таратып жүрсе, Өтеген Оралбайұлы өлеңмен өріп тұтас кітап жазды. «Азанмен әнін бастады, Қағбаның қарлығаштары. Армысың, әл Харам аспаны, Иманның жаңылмастары. Құбылаға тәжім етемін, Қысымды жазым етемін. Сүренің сазына орап, Жырымды жазып өтемін. …Көңілден пырақ көремін, Лаулаған шырақ көремін. Арайлы Алланың аспанында, Азан боп әні басталғанда, Сәждеге бірге құлайық, Қағбаның қарлығаштары», – деп бастай отырып, ХХІ ғасырда қазақ поэзиясына жаңа леп әкелді, имандылық нұрын санаға сіңірудің жаңа поэтикалық дастанын халқына тарту етті. Кезінде бұл шығарма Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаны да жұртшылықтың есінде болар. Көпшілік тақымын қысып, осы туынды олжалы оралар деп күткен де еді. Бірақ небір дүлдүлдер жарысқа түсетін аламанда атыңның бірде кейін қалып, бірде оза шабатыны – өмір заңы. Әрбір жыры қоғамның ізгілік әлемімен ұйысып, халықтың рухани шөлін қандырған ақынның арманы жоқ шығар. Өтеген Оралбайұлы кейінірек Мемлекеттік сыйлықтың келесі бәйгесіне бабымен келді. Жас ұрпақты елдіктің, егемендіктің шапағына шомдыратын «Шуақты шақ» атты еңбегіне ел-жұрт ерекше баға берді. Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған «Шуақты шақ» қазақтың әдеби қазынасы қатталған сөрелердің биігінен орын тапты. Әңгіме кейіпкерінің атын алашқа мәшһүр еткен ақындық қасиеті ғана емес, замананың көшелі ойын көсемсөзбен бейнелеген публицистикалық еңбектері мен қазақтың қайраткерлерінің зор тұлғасын көркем сөзбен суреттеген журналистикалық мақалалары дер едік. Өтеген Оралбайұлы өмірінің ең жалынды шақтарын қазақ баспасөзінің тарихында таралымы 250 мыңнан асып, қазақ оқырманының ең қалаулы басылымына айналған «Лениншіл жаста» өткізді. Кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін ақмылтық журналистер жиналған әйгілі басылымда ақын Әдебиет және өнер бөлімін басқарды. Ол заманда «Лениншіл жасқа» өлеңі жарияланған ақын үшін газеттің сол беті оның мөрі басылмаған «шайырлық төлқұжатына» айналатын. Сондықтан да, Өтағаңның редакциядағы жұмыс кабинеті ақындар аллеясы іспетті-тін. Қазақтың біртуар ақындары Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаевтардан бастап қолы қалт етсе Өтеген ақынның бөлмесіне келіп, ұлт поэзиясының кеңістігінде қандай жаңа шоқжұлдыздар жана бастағанын безбендеп кететін. Өтекең өмірінде ерекше құрмет тұтатын жандардың бірі – Сейдахмет Бердіқұлов. Редакторлардың редакторы атанған Сейдағаңның қол астында қызмет етіп, тәлімін алғанына қашанда бек риза. Компартия мен комсомолдың ұрдажық солақай жазалауларына ұшыраған әріптестерін ақырып та, атылып та қорғай білген Бердіқұловты жауға тастамайтын жаужүрек батырдай көреді. Сейдағаң өңкей мықты жазғыштың ішінен өзін таңдап алып, атақты адамзаттың Айтматовын күтіп алуға бірге алып кеткенін әлі күнге қимастықпен еске алады. Екі күндей Шыңғыс Айтматовпен емен-жарқын әңгіме айтып, әлемдік әдебиеттің даму үрдісінен сыр үзіп, соңында Қордай асуынан асырып шығарып салғандары күні кеше сияқты еді. Өтеген Оралбайұлы кеңес заманында қаншама жылдар қасаң тілді ресми басылымдарда қызмет етсе де, жорға жазуын жоғалтпаған, тайпалтып жазуынан жаңылмаған жүйрік қалам иесі. Кейінгі жылдардың өзінде мемлекет қайраткері Нұрлан Балғымбаев, қазақтың біртуар перзенттері, көрнекті ақын-жазушылар Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғалиев, Тахауи Ахтанов, Сағи Жиенбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Ибрагим Исаев, Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқар, Қасымхан Бегманов және басқа да тұғырлы тұлғалар туралы жазған естеліктері мен эсселерін ақ өлең стилімен өрілген өлең деуге болады. Кезінде осындай ұлт зиялысы, сөз зергері атанған атақты тұлғалардың өнегесін алып, кішілігімен де, кісілігімен де қызмет ете білген Өтағаңның әрбір естелігі ертеңгі жас үшін есті нақыл, тәлім дәптері. Қазақ журналистикасындағы осындай ерен еңбегі ескерусіз қалмай Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты атанды. Көсем ойдың иесі, көшелі сөздің киесіндей Өтеген Оралбайұлы жаратылысынан ақын, қаламгер боп туғанына қарамастан қаламының ұшын қайраткерліктің сиясына малып, елдікті еңселетуде өзінің қою қолтаңбасын қалдырып келе жатқан дегдар жан. Олай дейтініміз, Өтеген аға өзінің салиқалы ғұмырының сандаған жылдарын мемлекеттік қызмет саласына арнады, әлі де аттан түспей бүгінде еліміздегі ең іргелі оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ректорының кеңесшісі лауазымын атқарып келеді. Қайраткерлік қасиетін сөз еткенде, Өтеағаңның кезінде «Лениншіл жаста» бөлім меңгерушісі қызметін атқара жүріп, желтоқсан оқиғасында қазақ жастарына жасалған қиянатқа қарсы шығып, қара волгалармен талай рет тар кабинеттерде тергелгенінен бастап, егемендіктің елең-алаңында Жоғарғы Кеңестің жаңадан жасақталған корпусында депутат болып, азаттықтың алғашқы кезеңіндегі елдік мұраттардың етек-жеңін жию ісіне ерекше үлес қосқанын атап өтуіміз керек. Қазіргі заманғы мемлекеттіліктің құрылымдары жаңа қалыптасып, енді бекітіліп жатқан сол тұста Жоғары Кеңес депутаттарының әрбір отырысы талас-тартысқа, дау-дамайға толы болушы еді. Сол тартыстардың қайнаған ортасында ұлттық мүдде, туған тіл тағдырына шыр-пыр болып Өтеген ағамыз жүруші еді. Өзі өмірбаянында келтіретіндей, Өтеген Оралбайұлы он Мемлекеттік хатшымен тікелей қызмет жасады. Сол себепті, Өтеағаны тәуелсіздік жылдарында идеологияға, ішкі саясатқа жауап беріп келген Мемлекеттік хатшы институты тарихының жылнамашысы десе болады. Біз де абзал ағамызбен Мемлекеттік хатшының Хатшылығында бірнеше жыл қоян-қолтық бірге қызмет ету мүмкіндігіне ие болдық. Қызметтес болған жылдары жауапкершілігі басым көптеген шаруаларды бірге еңсердік. Әрбір істі қиындатпай әзілмен көмкеріп отыратындықтан біз үшін Өтеген ағамен бірге өткізген әрбір жұмыс күніміз қызықты болатын. Әр басшының жанында қосарлана жүретін көмекші қосшылардың кейбір әкімшіл әрекеттерін бірден тыйып, ұжымды ұйыстыруға бет бұрғызатын. Әлбетте, әр басшының басқару стилі мен мінезі, ойы мен идеясы әрқалай болып келеді. Соған қарамастан Өтеген аға өзінің өмірлік тәжірибесі мен көшелілігін көрсете отырып, Абылайға ақылын аямаған Бұхар жыраудай Мемлекеттік хатшыларға ұлт құндылықтарына қатысты қадау-қадау ұсыныстар берді, солардың жүзеге асырылуына атсалысып, ел ертеңі үшін елеулі көптеген көрінбейтін жұмыстарды тиянақтады. Тіпті, ұлт ертеңі, ұрпақ тағдырына қатысты күрделі мәселелер туындағанда саясаттың салқынқанды тәсілін ұмытып, табандап тұрып алатынына да талай көзіміз жеткен еді. Бүгінде жетпістің жоталы биігіне көтеріліп отырған ұлт руханиятының жомарт тұлғасы, ақиық ақын, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Өтеген Оралбайұлының өнеге мектебі жайлы жазатын дүниелері жеткілікті. Қазаққа берері әлі көп тарлан тұлғаның әманда аман болуына тілектестік білдіріп, тағылымды естеліктерді тоқсанының торқалы тойында жалғастырып, жүзіндегі мерейлі дастарханында жүрекжарды лебізбен жеткізуге нәсіп етсін дейміз.
Қуат БОРАШ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы