«Джейсер»-дің жайын білмей жүр

Джейсер

Жетісу облысындағы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғындары қолындағы азын-аулақ малын қайда жаюды білмей жүр. Себебі мұндағы мыңдаған гектар жерді «Агрохолдинг Ақсу» компаниясы иеленген. Алайда қыруар инвестиция тартып, сонау Даниядан сүтті сиыр әкелгендердің жобасында шикілік байқалады.

Ақсу ауданынан 5 миллиард теңге инвестиция салып, 1300 бас сүтті бағыттағы асылтұқымды сиыр ұстайтын тауарлы-сүт фермасы жобасын жүзеге асыруды жоспар­лаған компания жұмысын алғашында тәуір-ақ бастаған. Даниядан қыруар ақшаға сатып әкелген 620 асылтұқымды сиыр мен бұзау­ларының күйі қашқан. Шыбық жайқалып орман болатын Қызылағаштай нулы жердегі фермадағы сиырлардың қабыр­ғалары ырсиып, бірінің жүнін бірі жеуге көшкен. Қысқасы «Джейсер» тұқымды сиыр Жетісуға жерсінбек түгілі, салғырттық пен жауапсыздықтың кесірінен көтерем болған.

«Фермаға облыс әкімі келгенде экскурсия ұйымдастырып, сүйегіне әрең ілініп тұрған жануарларды жабық қораға тығып, қоңдылау­ларын ғана көрсетті. Аштықтан азан-қазан мөңіреген сиырлардың даусын естіртпеу үшін фермаға музыкалық аппарат әкеліп, даңғыр­латып қойды. Осылайша түрлі амал-айламен облыстан келгендерді көпе-көрнеу алдады. Оның сөзін сауыншылар да растайды. Олар­дың айтуынша, қазіргі күйімен сиырлардың қыстан шығуы неғайбыл.

«Күн сайын таңғы сауынға келгенде аштық­тан мөңіреген сиырларды көргенде жанымызды қоярға жер таппаймыз. Біздің қолымыздан не келеді? Шөп жоқ, құрама жем қыста ғана берілді. Арып-ашқан сиырлар 2-3 литр сүтті әрең береді. Бұлай жалғаса берсе сиырлар қыстан шықпайды. Оны айтасыз, сол қысқа дейін жатқан жерлерінде қатып қала ма деп те ойлаймыз», – дейді сауыншы­лар.

Расында, қабырғалары ырсиып, ыңыр­шақтары шығып, көздері мөлиген сиырлар әрең жүргенде бұзаулардың күйі тіптен аяныш­ты. Жүндері де түсіп қалғандай, терісінің кейбір тұстары тақырланып қалып­ты. Малшының айтуынша, ашыққан мал бірінің жүнін бірі жейтін көрінеді.

«Азғана шөптің өзі былтырдан қалған. Оның құнары жоқ. Соның өзін үнемдеп, күніне бір рет қана малға шашамыз. Құрама жем дегенді ұмыттық. Сауынды сиырлар ала жаздай жайылымға шықпады. Күннің көзінен тығылар жер таппады», – дейді сиыршы Жұмағали Дәулетбай.

Алайда компания басқарушысы Есет Жүнісов сиырлар күніне екі мәрте азықтан­дырылады дегеннен танбайды. Сөз арасында компания басқарушысы Мемлекеттік кірістер комитеті салықтар бойынша қарыздарға бай­ланысты «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС есеп­шотын жауып тастағанын, қазір істің сотта қаралып жатқанын айтып қалды. Олар сотта жеңіп шыққаннан соң жалақы қарыздарын өтеу­ге, жемшөпті жеткізуге сөз беріп отыр.

Жетісу облысының мемлекеттік кірістер департаменті компания есепшотына тыйым салынғанын растайды. Ондағылардың түсін­діруі бойынша, еліміздегі қолданыстағы салық заңнамасына сай аталған серіктестік Қазақстан аумағына асылтұқымды мүйізді ірі қара енгізгені үшін 37 миллион теңге шамасында қосымша құн салығын төлеуге міндеттелген. Алайда серіктестік басшылығы заңға енгізілгенімен әлі қабылданбаған жаңа түзетуге сілтеме жасап, қосымша құн салығын төлеуден бас тартып отырған көрінеді.

Ауыл іргесіндегі төбесі қаңылтырмен жабылып, ағашпен қоршалған, айналасының алқам-салқамы шыққан қораны атағы жер жарған «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС асыл­тұқым­ды тауарлы-сүт фермасына тиесілі деп айту ұят. Бұзауларға арналған қоршау ішінде 300-ден аса бұзау тақыр жерге төгілген шөптің қалдығы мен жемнің жұғынын жалап жүр. Сауын сиырлар қамалған орын да олпы-солпы. Соған қарағанда аты дардай компания ірі жобаны жүзеге асыруға ешқандай дайын­дықсыз кіріскендей.

Ферманың тізгінін таяуда ғана ұстаған Сауат Оразбаевтың айтуынша, жемшөптің жетіспеушілігі ретке келтіріліп жатыр екен. Қазір бар күшті мал азығын дайындау мен қора-қопсыны ретке келтіруге салуда. Фер­ма­да 226 бас сауынды сиыр, 326 бас бұзау бағы­лып жатыр. 462 гектар жүгеріге орақ түсіпті, сүрлем басылады. Сүрлем және қосымша жем­шөп қорын толықтырып алса, қыстан қысылмайды.

Оған қоса аудан әкімдігі мен компания арасындағы байланыс та тым нашар сияқты. Мемлекет басшысы Жолдау сайын инвес­тиция мәселесін көтеріп, инвесторларға барын­ша қолдау көрсету керектігін тапсыра­ды. Соған сай кәсіпкер ауданға шетелден асылтұқымды сиырлар жеткізіп, өсіруге кіріскен кезден бастап аудан әкімдігі тарапы­нан қажетті қолдау мен істің барысына бақы­лау орнатылуы қажет еді. Құны 5 млрд теңге­ден астам болатын жобаға инвестиция салу Ақсу сынды шағын ауданды айтпағанда, кез келген ірі аудан немес қала үшін аса қажетті әрі салмақты дүние екені анық. Екі тараптың арасында түсіністік пен іскерлік байланыстың баянсыздығы кесірінен мал зардап шегіп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың инвестор­ларға деген сенімі азайып барады.

Жоғарыда «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС есепшотының мамыр айында бұғатталғанын жазған едік. Соңғы бірер айда 100-ден астам адамның жалақысын төлеуге шамасы жетпей, малына жемшөп жеткізе алмай қиналып қал­ған компания есепшотына қатысты мәселе облысқа жетіп, Елорданы да елеңдетіпті.

Жобаның алдағы кездегі жағдайы, ат­қарушы билік пен компания басшылығының айтқандары қалай орындалатынына уақыт төре­ші. Біз де барлығын назарда ұстап оты­ратын боламыз.

Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.