Алматы қаласы құтқару қызметінің хабарлауынша, кеше жауған жабысқақ қардан 136 ағаш құлап, 19 ағаштың ірі бұтақтары сынған. Сынған 56 ағаш пен бұтақ сол жерде тұрған автокөліктерге зиян келтірген. Мамандар мұндай жағдай ауа райының жылы болуынан орын алғанын айтады. «Бізге ағаштың құлағаны туралы хабар түссе, аудандық әкімшілік пен мердігер мекемелер санитарлық кесу жұмыстарын жүргізеді. Жабысқақ қардың түсуі жақсы өсіп тұрған ағаштар мен бұтақтарға зиянын тигізеді. Ауа райы тез өзгереді. Күн салқындаса қар ағаштардан өзі-ақ сусып түсер еді. Құтқару қызметі мен аудан әкімдіктері Тұрғын үй коммуналдық қызметке құлау қаупі бар ағаштар мен оның бұтақтарын ескертіп отырады» дейді Алматы қалалық құтқару қызметі директоры Дмитрий Чухонцев. Бүгін таңғы 9-ға дейін ағаш құлауы жөнінде тағы 101 хабар келіп түскен. Хабар сарапталып, тиісті шара жасалады. Кеше жауған жабысқақ қар қалада 15 см, ал таулы жерлерде 25 см-ге дейін жеткен. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ