Жаңа маусымда жаңалық көп
Жаңа маусымда жаңалық көп
«Хабар» агенттігінің құрамына кіре­тін «Хабар», «Хабар 24», «Ел арна» ар­на­лары жаңа маусымын ашты. Сондай-ақ тәулік бойы хабар тарататын «Хабар 24» арнасының 10 жылдық мерейтойы аталып өтті. Осыған орай елорда төріндегі «Қаз­медиа» орталығындағы маусым­ашар­ға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақ­парат құралдарының майталман аға буын өкілдері, Парламент депутат­тары мен Ақпарат және қоғам­дық даму министрі қатысып, жаңашыл­дыққа бет алған агенттік ұжымына сәттілік тіледі. Агенттіктің жаңа маусымы үлкен жетістіктермен және орасан зор жобалармен ерекшеленеді. Салтанатты шарада сөз алған белгілі медиа тұлғалар осындай баға берді. Бас ақпараттық арнаның 10 жылдық мерейтойымен құттықтағандар арасында Мемлекет басшысы да бар. Құттықтау хатында Президент «Хабар 24» арнасының отандық теледидар саласында ерекше екенін жеткізген. Осылай дей келе, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі арна құрылғалы бері талмай еңбек етіп келе жатқан өз ісінің мамандарына «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстап, ұжымға одан әрі де өркендей беруін тіледі. Сондай-ақ салтанатты рәсімде Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, депутаттар мен ұлттық компания басшыларының құттықтауы оқылды. Хабар 24 он жыл Жаңа маусымда «Хабар» агенттігі көрерменге жүзден аса жаңа жоба ұсынады. Оның ішінде тәрбиелік және танымдық мегажобалардың да қатары артып отыр. Бұдан бөлек, ақпарат ағымының да аясы кеңейіп, сараптамалық хабарлар, деректі фильмдер мен сериалдар, интеллектуалды викториналар, жастар мен балаларға арналған жобалар да көрерменге жол тартады. Тағы бір жаңалық – биыл 10 жылдығын атап өткен «Хабар 24» арнасы нон-стоп режимінде жұмыс істеуді бастап кетті. Ресми түрде ашылған жаңа маусымда «Хабар» агенттігі ұсынатын телехикаяның басты премьералары қонақтардың назарына ұсынылып, көптен күткен рейтингтік тележобалардың жалғасын жариялады.
«Хабар» АҚ-ның басқарма төрағасы Берік Уәлидің айтуынша, жаңа телевизиялық маусымда 106 жоба басталады. «Агенттіктің бұл маусымы үлкен жетістіктермен және орасан зор жобалармен есте қалды. Биыл біз телекөрермендерге 106 жаңа жоба ұсынамыз. «Хабар» арнасы көрермендерді айтулы премьералармен және жаңартылған форматпен қуантады. Олардың арасында «Жеті қазына», «Жұп-жұбымен», Сover Shоw, «Асыл домбыра», «Көмек» секілді бірқатар жоба мен бағдарлама бар. Сондай-ақ «Хабар 24» арнасы тоқтаусыз режимде хабар таратады. Көпшілікке киноканал ретінде белгілі «Еларна» телеарнасының қызметі сапалы жастар мен балалар контентін дамытуға бағытталады», – дейді Берік Уәли.
Жиынға қатысқан қонақтар да осы 10 жыл ішіндегі арна ұжымының атқарған қызметін жоғары бағалады. Олардың сөзінше, «Хабар 24» ұжымы отандастарға елдегі ең соңғы жаңалықтарды қаз қалпында әрі сапалы беріп қана қоймай, әлемнің әр түкпірінен тың ақпараттарды таратып келеді.
Журналист, тележүргізуші Динара Сәтжан «Қаңтар оқиғасы кезінде арна тілшілері дайындаған ақпараттарды үнемі қарап отырдым. Сол кезде арна қызметінің қаншалықты маңызды екені анық байқалды» десе, «Күндіз-түні тәуліктің 24 сағаты Ақордадан бастап ауылға дейін халықты ақпаратпен қамтамасыз етіп отыр. Кешегі қаңтардағы қиын жағдайда өзге ақпарат құралдары секілді әліптің артын бағып отырмай, оқиғаны орнынан, шын мәнінде қоғамдағы болып жатқан ахуалды әлеуметтік желі жабық болған кезде бірінші болып жеткізе білді. Бұл жағынан алғанда арна өз міндетін тиісті деңгейде атқара білді», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
«Хабар» агенттігінде табаны күректей 17 жылдан аса қызмет еткен қазіргі сенатор Дана Нұржігіт «Жаңа жыл телеарна мамандары үшін күзде басталады. Күзгі маусымдағы жаңа жыл құтты болсын! Жаңалықтар – ақпарат көзінің жүрегі. Жаңалықтарды шұғыл, бейтарап, дәл, дәйекті және кәсіптілік білігі жоғары мамандардың беруі аса маңызды. Сондықтан арнаның жетістігін көбейтетін мамандар көбейе беруін тілеймін» дей келе, өзі қызмет еткен агенттіктің қазіргі ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтады. Салтанатты рәсімде Қанат пен Света Айтбаев, Медет Салықов, Досымжан Таңатаров, Зарина Омарова, Мәди Сыздықов және Давид Чарлин секілді елге есімі белгілі өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, маусымашарды мерекелік атмосферада аяқтады.